Ташкентте қазақстандық банктердің бірінің филиалы тоналды

Dalanews 05 шіл. 2025 13:03

Қаскөйлер "Қазақстан Халық Банкі" акционерлік қоғамының еншілесі - Tenge Bank-тің Ташкенттегі филиалынан 90 мың доллар ұрлаған, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап. 

Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, құқық қорғау органдарына ақша ұрлығы туралы арыз биыл маусым айында түскен. Тергеу барысында анықталғандай, алаяқтар POS-терминалға жалған деректерді енгізген, кейін банкке барып, 90 мың долларды қолма-қол алып кеткен.

Ішкі істер басқармасының қызметкерлері ақша ұрлады деген күдікпен 9 адамды ұстады. Қолға түскендердің бірі мұндай алаяқтық схеманы Telegram арналары арқылы тауып, оны толық зерттегенін айтты. Тиісінше, жоспарды іске асыру үшін олар банк қызметкерімен сөз байласып, оның көмегімен бағдарламаны жетілдіре түскен.

Минстрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұсталғандардан 12 ұялы телефон, POS-терминал және 36,5 мың доллар тәркіленген.

Айта кетсек, Өзбекстанда жұмыс істейтін Tenge Bank 100% "Қазақстан Халық Банкі" акционерлік қоғамының еншілес компаниясы болып саналады. Ол Ташкенттегі қызметін 2019 жылы бастаған.

Бұған дейін сайтымызда "Париждегі тұзақ: өзбек банкирі қылмыс әлемінің серкесімен қалай бетпе-бет келді?" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар