Өзбекстандық танымал банкир, Anorbank акционері әрі бақылаушы кеңесінің мүшесі Кахрамонжон Олимов Париждің орталығында ұрланып, екі тәулік бойы азапқа түскен. Бұл туралы француздың Le Monde басылымына сілтеме жасап Dalanews.kz хабарлайды.
Оқиға 23 маусым күні Париждің беделді саналатын сегізінші округінде болған. 48 жастағы Олимовты белгісіз бір топ жаңа танысы, өзін «Анастасия» деп таныстырған әйел арқылы кездесуге шақырып, кейін оны көлікке күштеп отырғызып, қаланың сыртына алып кеткен.
Банкирдің айтуынша, оны биік қоршауы бар жеке үйге апарған. Сол жерде ол өзінің бұрынғы банк серіктесіне жақын, қылмыс әлемінде танымал «заңдағы ұрыны» («вор в законе») көрген. Банкирді ұрып-соғып, саусағын кесеміз деп қорқытқан және дарға асу әрекетін инсценировка жасаған.
Осыдан кейін оны Ниццадағы бір вилланың жертөлесіне апарып, өзбекстандық серіктестерінен кешірім сұраған видео түсіртіп, 5 миллион долларға қолхат жазуға мәжбүрлеген. Сонымен бірге Өзбекстанда тұратын өзінің көлік жүргізушісі арқылы дереу 200 мың доллар ақша аудартқан.
Осыдан кейін ғана Олимовты босатқан. Банкир бірден полицияға жүгінген. Франция билігі ұйымдасқан қылмыс бабымен 1 шілдеде Түркия азаматын тұтқындаған.
Француз журналистері анықтағандай, Олимов Парижге жылжымайтын мүлік сатып алу жөніндегі келісімді аяқтау үшін және Өзбекстандағы EDF француз энергетикалық компаниясымен бірлескен электр станциясының құрылысы бойынша келіссөз жүргізуге барған.
Оқиғадан кейін медициналық тексеруден өткен банкирдің денесінде көптеген жарақат анықталған. Қазір ол қатты күйзелісте жүргенін, мазасыздық пен ұйқысыздыққа шалдыққанын айтқан. Ташкентке оралған соң ол өз күзетін күшейткен.
Өзбекстандық Anorbank банкі бұл оқиғаның банктің қызметіне қатысы жоқ екенін мәлімдеп, оның толық жеке сипаттағы мәселе екенін жеткізді.
Айта кетерлігі, бұған дейін Тәжікстанда да осыған ұқсас ауыр қылмыс жасалған еді. «Ориенбанк» төрағасының орынбасары Шухрат Исматуллоев ұрланып, азаптап өлтірілген. Оған қылмыскерлер электр тогын және фен пайдаланған. Кейін оның денесін өзенге тастаған. Бұл іске қатысты ұсталған ұйымдасқан топтың бір мүшесі – Рустам Ашуров кейін Кишинёв әуежайында қарулы шабуыл жасап, арнайы жасақтың қолынан қаза тапқан.