Арнайы прокурорлар қызметінің экс-бастығы Олеся Кексельдің тұтқындалғаны туралы сыбыс шықты

Dalanews 05 шіл. 2025 15:07

Telegram-дағы кейбір дереккөздер Антикордың бұрынғы басшысы Талғат Татубаев ұсталғаннан кейін ҚР Бас прокуратурасының арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы бастығы Олеся Кексель де тұтқындалып, үй қамаққа алынғанын жарыса хабарлауда, деп жазады Dalanews.kz.

Антикордың бұрынғы басшысы Талғат Татубаевтың ұсталғанын күні кеше Бас прокуратура растаған болатын.

"3 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтарында көзделген қылмысты (азаптау) жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Т.М. Татубаев ұсталды", делінген хабарламада.

Қазір сот алды тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде. 

Антикордың экс басшысы (Ұлттық бюро) Талғат Татубаевтың ұсталуымен Нығматуллин-Қожамжаров кланы толықтай күйретіліп, өз өмірін тоқтатты. "Жаңа Қазақстан" сенатор Қайрат Қожамжаровтың алқымына бір табан жақындай түсті.

DALA INSIDE дереккөзінің сөзінше, "Парламенттегі өкілеттілігі біткеннен кейін Қайрат Пернешұлының өмірі қиындай түседі". Татубаевтың түрлі тапсырмаларын екі етпей, резонансті істердің шоқпар тергеушісі болған Олеся Кексель де жақын арада ұсталуы тиіс екені болжанған. Ол да азаптауға қатысты қылмыстық іс орбитасында жүр.

"Кексель көптеген ықпалды кландардың аяғын басқан адам. Оның істеген істерін ешкім ұмытқан жоқ. Шағын заң бұзушылықтары бар, айтарлықтай қателіктері бар, бәрі жіпке тізілуде. Көп адам тергеуге көмектескісі келеді. Кексельдің үстінен куәгер болғысы келетіндер аз емес", - дейді дереккөз.

Ал Татубаевты ардагер журналист Сейітқазы Матаевтың киесі ұрды. Тіпті Назарбаев та президент кезінде Матаевты куғындауды құптамаған болатын. Бірақ Нұрлан Нығматуллин бой бермей қойған. Ақыры Татубаевтар әкелі-балалы Матаевтарды жазықсыз қудалап, түрмеге тоғытты. Матаевтар өз кінәсін мойындаған жоқ. Артынан оларды "Жаңа Қазақстан" толығымен ақтап шықты.

Белгілі журналист Әсет Матаев азаптау бабы бойынша ұсталған бұрынғы генерал Талғат Татубаевқа қатысты өзінің басынан өткен оқиғаны еске алып, фейсбукта жазба қалдырған. Оның сөзінше, 2016 жылы ол қаржы полициясы басшысының орынбасары Талғат Татубаевпен екі рет кездескен. Сол кезде финпол өкілі Матаевтар отбасына Қылмыстық кодекстің 65-бабы (кінәсін мойындап, шын өкінгені үшін жауапкершіліктен босату) бойынша кінәні мойындауды ұсынған.

"Сол кезде әкем екеумізге жалған айып тағылып жатқанын айттым. Логикалық аргументтерімді естігенде, оның көзі жыпылықтап кетті. Сол сәтте оның "заң адамы" емес, "арапайым көше адамы сияқты сөйлеп тұрғанын түсіндім. Әңгімесінің бар мазмұны – «жоғарыдан тапсырыс түсті, бәрібір түрмеге жабыласыңдар" дегенге сайды", – деп еске алады Әсет Матаев.

Журналистің айтуынша, сол іс бойынша бірнеше танымал тұлға – Жоғарғы соттың сол кездегі баспасөз хатшысы Болат Кальянбеков (қазіргі Мәжіліс аппараты басшысының орынбасары), "Қазақтелекомның" вице-президенті Маханбетажиев, Ақпарат комитетінің бұрынғы төрағасы Берсебаев секілді шенеуніктер қамауға алынған. Бірақ олар қысымға төтеп бере алмай, бір күн тергеу изоляторында отырған соң, қаржы полициясы қойған шарттарға келіскен.

"Олардың барлығы бір-бір күн тергеу изоляторында болып, бізге жала жабуға мәжбүр болды. Іс жүзінде билік пен финполдың талабына көнген адамдар еді. Олардың біразы Нұрлан Нығматулин, Бағлан Майлыбаев, Бауыржан Байбек, Асқар Жұмағалиев секілді тұлғаларға жақын адамдар болатын", – деп жазды журналист.

Сондай-ақ ол Жоғарғы соттың сол кездегі баспасөз хатшысы Болат Кальянбековтің кейінірек белгілі құқық қорғаушы, "Әділ сөз" қорының жетекшісі Тамара Калееваға хабарласып, Матаевтарды кінәні мойындауға көндіруін сұрағанын атап өтті. Матаевтың айтуынша, Кальянбековтың үстінен қозғалған іс 2021 жылы Қаңтар оқиғасының алдында жабылып қалған.

"Мен ол кезде отбасым мен жақындарымның қысымға ұшырағанына куә болдым. Әкемді қамауға алып, кейін маған телефон арқылы шығып, "ештеңеге уайымдама, іс жабылады, бәрі шикі екенін біледі" деп сендірді. Әрине, сөзіне тұрмады. Әкемді де, отбасымды да, қызметкерлерімізді де үкімге дейін қинады", – дейді ол. 


Әсет Матаев әкесінің түрмеден шыққан соң, медиафорумда "Тенгриньюс" жетекшісі Батыр Қазыбаевтың келіп, кешірім сұрағанын да айтты. Қазыбаев ақпарат құралында Матаевтарға қарсы материалдар шығару туралы тапсырманы жоғарыдан алғанын мойындаған.

Журналист бұл жазбаны кек алу мақсатында емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз болашағын ойлансын деген ниетпен жариялағанын атап өтті.

Татубаев өзі құруға көмектескен системаның құрбаны болды. Кексельді де, Қожамжаровты да осындай тағдыр күтіп тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар