Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза елордадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) вагондарының ішкі көрінісін көрсетті. Ол жаңа вагондарға видеоэкскурсия жасап, оны TikTok және Facebook парақшасында жариялаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бүгін таңертең біз Астананың нағыз визит картасына айналған LRT жобасын басқару кеңсесіне бардық. Онда LRT басшылығы депутаттар тобы – Дүйсенбай Тұрғанов, Павел Казанцев, Марат Башимов, Татьяна Савельева және Снежанна Имашевамен кездесіп, жұмыс барысы туралы есеп берді", – деп жазды Нұртаза.
Видео барысында депутат вагон ішіндегі орындықтардың антивандалдық материалмен қапталғанын айтты. Сонымен қатар, вагон интерьері ұлттық нақышта безендірілгенін байқауға болады: қабырғалар мен орындықтарда қазақы оюлар және жылы түсті гаммалар қолданылған.
Депутаттың айтуынша, Астанадағы LRT жобасының жалпы құны – 1 миллиард 880 миллион доллар. Барлығы 18 станция жоспарланған, олардың арасы 400 метрден 2 шақырымға дейін өзгереді. Әр станцияда эскалатор мен лифт болады.
"Поездар әр 2-4 минут сайын жүреді. Қозғалыс уақыты – таңғы 06:00-ден түнгі 23:00-ге дейін. Алғашында тәулік бойы жүру жоспарланған еді, бірақ LRT желісінің бойындағы үйлердің тұрғындары қарсы болды, сол себепті қозғалыс уақыты шектеледі", – деді депутат.
Жолаушы билеті шамамен 200 теңге болады деп күтілуде, бірақ тариф әлі нақты бекітілмеген.
"Вагон сапасы жақсы. Пластик жұмсақ. Лондон немесе Мәскеу метросындағыдай қатты пластик емес, жұмсақ материалдан жасалған. Құрылыс алаңында негізінен қытайлық жұмысшылар еңбек етіп жатыр – инженерлер жүйені мұқият тексеріп жатыр: қыста есік қатып қалмай ма, жазда рельстер майысып кетпей ме, төтенше жағдайда вагонның пластигі сынбай ма – осының бәрі тексеріледі. Содан кейін барып Қытай тарапы жобаға кепілдік береді", – деп жазды Нұртаза.
Әр поезда қызметкер-бақылаушы болады. Ол пойызды басқармайды, бірақ қауіпсіздік, көмекші және бақылау қызметін атқарады.
Сондай-ақ, LRT бағаналары жарнамаға жалға берілмек. Ол қаржы теміржол инфрақұрылымын ұстауға жұмсалады.
Еске салайық, бұған дейін ЛРТ вагондарындағы жазу тек қазақ және ағылшын тілінде екенін жазған едік.