Астанадағы ЛРТ вагондарындағы жазулар тек қазақ және ағылшын тілінде жазылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Қалдыбек Сабыржан атты желі қолданушысы жазды. Сонымен қатар, ол вагонның ішін суретке түсіп, парақшасында жариялаған.
Айта кетейік, күні кеше Астанадағы ЛРТ-ға алғашқы вагондарды орната бастаған болатын.
Вагондар тестілеу режимі басталғанға дейін орнатыла бастайды.
11 маусымда №101 станциясына алғашқы LRT құрамы көтерілді.
LRT жобасы заманауи қалалық көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың қозғалыс ыңғайлылығы мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді.
"Алғашқы құрамды көтеру – жобаны жүзеге асырудағы маңызды кезең. Біз жұмыс кестесіне сай жылжып келеміз және биылғы күзде LRT жүйелерін сынақтан өткізуді бастаймыз", – деді ол.
Елордаға Қытайдан арнайы жабдықталған автотрайлерлермен жеңіл рельсті көліктің алғашқы екі құрамы жеткізілді. LRT пойыздарының қандай болатынын Астана әкімдігінің баспасөз қызметі көрсетті.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жеңіл рельсті көлікті жаппай пайдалануға беру келесі жылдың наурызына дейін жоспарланған. Бұған дейін ол жол жүру ақысы 100-200 теңге аралығында болатынын хабарлаған еді.