Алаяқтықпен күресіп жүрген заңгер, Алаяқ.НЕТ жобасының авторы Нұрсұлтан Орынбек кейінгі уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан бірнеше даулы іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Солардың бірі — әнші Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы.
“Әнші Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы заңсыз 162 миллион теңге табыс тапқан деп айыпталып отыр. Бұған қоса, биыл сәуірде үш зәулім мейрамхана салды деген ақпарат тарады. Жалпы көлемі – 20 миллиард теңге. Енді осы соманы Қаржы мониторингі агенттігі қазбалай ала ма деген сұрақ көптің көкейінде”, – деді Sadaq media журналисі заңгерге қойған сұрағында.
Заңгердің айтуынша, аталған істе таяқтың екі ұшы бар.
“Біріншіден, кінәсіздік презумпциясы бар екенін ұмытпауымыз керек. Екіншіден, журналист әріптестеріміз де “қамауға алынды” деген расталмаған ақпарат таратты. Бұл жерде оның санкциясы бөлек. Яғни, 214 бап бойынша іс қозғалды. Мониторинг агенттігі де өзінің заңына сүйене отырып, соманы анықтады. Банктен алынған операцияларды қарады. Енді оның екінші шеті бізде жалғыз ғана монополист бар. Ол — “Сәтті жұлдыз”. Лоторея болсын, лотореяға ұқсас сатылымдар болсын осындай жобаларды өзіне алып алған. Нәтижесінде жеке коммерциялық ұйым жеке монополист болып алды. Енді оған тіркелмегендер қылмыскер болып жатыр. Бұл жерде моноторинг барлық заңдылықты анықтайды. Бірақ бұл жерде айтпағым, ондай харам ұйымдастырып жатқандар көп. Олардың көбісінің уәжі “неге тек Сәтті жұлдыз?”. Оны депутаттар да көтерді. Ал енді Гүлеркемнің жағдайына келетін болсақ, олар сәйкесінше біз қызмет көрсетіп, курс үйреттік дейді. Мен бұл мәселемен жақын таныспын. Алғашқылардың бірі болып әуел бастан нақты заңсыз жерлерін көрсеткенмін. Себебі номер беру секілді мәселелер болды. Олар бұл жағдай үшін әкімшілік жаза ретінде миллион теңгеден айыппұл төлеген. Мен ол оқиғаны білемін. Ал енді қазір қылмыстық іс қозғалып жатыр. Енді оның заңды не заңсыз екенін адвокаттар, сот органдары мен тергеушілер шешеді. Бірақ осыған қатысты жағдайларда “Сәтті жұлдыз” атауы тасада қалып кетеді. Енді бұл әділетсіздік”, – дейді ол Sadaq media YouTube арнасына берген сұқбатында.
Сонымен қатар заңгер Балғынбек Имашевке қатысты да уәжін жеткізді. Оның сөзінше, қоғамда бұл іс жабулы қазан күйінде қалған.
“Айтыскер Балғынбек Имашевке байланысты жеке сұрақтар да болды. Базарға қатысты әңгіме әлі шешімін тапқан жоқ. Оны журналист Гүлмира Әбіқай да үлкен мәселе ретінде көтерді. Бірақ түбіне жете алмай жатыр. Жауапкершілікті ешкім арқалаған жоқ. Жақында баласына қатысты іс қозғалды. Оған қажылыққа апарамыз деп елді алдағаны туралы айып тағылды. Енді бұл жерде де құйтырқы әрекеттер көп. Оның айтуын айтамыз. Алайда нәтиже болмағаннан кейін халықта сенім азаяды. Сондықтан кім болса да жарнама жасайтын кезде жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл 217 баптан бөлек басқа да күмәнді дүниелерді жарнамалағандарға заң шара қолдануы керек. Себебі заңның алтын ережесі бар: заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан білмей қалдым деген ақталу орынсыз. Заң аясында бір-екеуін нақты соттау керек”, — дейді ол.
Сонымен бірге ол танымал инфобизнесмен Қуаныш Шонбайдың жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, инфобизнес саласының Қазақстандағы бастауы осы тұлға болғанымен, бүгінде бұл сала адасушылық пен алаяқтықтың көзіне айналған.
“Инфобизнесті олар жақсы ниетпен бастаған шығар. Бірақ бүгінде бұл салада қаншама біліксіз “эксперттер” пайда болды. Олардың жалғыз мақсаты – ақша. Олар адамдардың сеніміне кіруді, психологиялық манипуляция жасауды үйретті. Нәтижесінде, инфоалаяқтар көбейді. Олар өздерін діндар етіп көрсетеді, бірақ адамдардың көз жасына қалып жатқанын түсінбейді. Сондықтан менің ойымша, бұл инфобизнестің күнәсі мен сауабы да Шонбайларға жазылады”, – деп түйіндеді заңгер.
Нұрсұлтан Орынбектің пікірінше, ел ішін алдағандарға заң нақты әрекет етуі керек. Әйтпесе, қоғамдағы сенім біржола жоғалуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев алаяқтық бойынша күдікке ілінген еді.
Тергеуге не түрткі болды?
Қажылыққа ұша алмаған бір топ турист “Qazaq travel” компаниясына шағымданған. Ал Данияр Имашев аталған компанияның атқарушы директоры болып қызмет атқарады.
Bairaqmedia-ның дерегінше, бүгінде қасиетті мекенге ұшуы тиіс болған туристер Әуезов аудандық полиция басқармасының алдына жиналып, жағдайды түсіндіріп беруді талап етіп жатыр. Себебі “Qazaq travel” компаниясы ұшуға бір күн қалғанда олардың ешқайда ұшпайтынын хабарлаған.
“Тоғызы күні ұшатын рейсімізден ешқандай адам ұшпады. Тіпті компания халыққа шығып, үндеу де жасамады. Билеттің бағасы өсіп кетті-ау, басқа да жағдай болып қалды-ау деген ескерту болмады. Бізге ешқандай дәлел көрсетіп тұрған жоқ. Билет пен қонақүй ақысы төленді деген ақпарат та болмады" , - деп мәлімдеді компанияның клиенті Медина Жарылғапова Bairaqmedia-ға.
Қазіргі уақытта “Qazaq travel” компаниясының кеңсесі жабылған. Мәдина мен Меккеге ұша алмаған 50-ге тарта адам полицияға шағым түсірген. Осыдан кейін полицейлер алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, күдікті ретінде үш адамды таныған. Олардың арасында Данияр Имашев та бар. Ал журналистер оның қажылықтан қалу себебін сұрағанымен, Данияр Имашев бүгін үн қатпады.
Ал, туындаған қиындықтардың себебін қажыққа аттанбақ болған қазақстандықтарға Балғынбек Имашев түсіндіріп берген. Айтыскер ақын әуе билеттері мен қонақүй бағаларының қымбаттағанын және мұнда алаяқтықтың жоқтығын мәлімдеген.
“Көп адам турды акциямен, арзан бағада сатып алған. Қазір баға қымбаттап жатыр. Қымбат билеттер алынуда. Ұшақтың бағасы мен қонақүйдің бағасы өсті. Сондықтан құрылтайшылар өз қалтасынан қосымша ақша салып, сіздердің қызметтеріңізді ұсынуға тырысып жатыр”, - деп түсіндірді Балғынбек Имашев.
Алайда Умраға ұша алмағандар оның айтқандарына сенбей, төленген қаражатты қайтаруды талап етуде. Олар “Qazaq travel” компаниясының басқа мұсылмандарды алдамауын тілейді.
Полиция не дейді?
Аталған жағдайға байланысты Алматы полиция басқарамасы ресми пікір білдірді.
“Алаяқтық дерегі бойынша қазіргі уақытта Әуезов аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімде қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізілуде. Бүгінгі таңда 50-ге жуық азаматтан арыз түсті. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Істің объективті мән-жайлары анықталғаннан кейін тиісті процестік шешім қабылданатын болады”, — деді полиция.
Әнші Абай Бегейдің қызының ісі
Кейін араға ұзақ уақыт салмай әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен күйеу баласы заңсыз онлайн-лотерея өткізу фактісі бойынша ұсталды. Бұл жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Агенттіктің мәліметінше, ерлі-зайыпты Instagram, TikTok және Telegram платформаларында 850 мыңнан астам жазылушысы бар парақшалар арқылы лотерея ойындарын ұйымдастырып келген. Алайда олардың тіркелген ресми лотерея операторы мәртебесі болмаған.
Соған қарамастан, олар пәтер, автокөлік және бағалы сыйлықтар ұтысқа тігілген ауқымды ойындар өткізген. Аталған лотереяға 1800-ден астам азамат қатысқан.
Тергеу деректеріне сүйенсек, заңсыз қызметтен түскен пайда көлемі 162 миллион теңгеден асқан. Қазіргі таңда күдіктілердің мүліктері мен банктік есепшоттарына бұғат қойылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қаржылық мониторинг агенттігі бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр.