Cоңғы жаңалықтар
Back

Рысқалиев «Интерполдың» тізімінде неге жоқ?

Мемлекет қаржысын қымқырып, істі болған ірі шенеуніктерден қазір атынан жаңылысатын болдық. Олардың бірі шет ел асып қашып кетсе, келесі біреулері барар жер, басар тауы болмаған соң, тағдырға мойынсынып, Мемлекет басшысынан кешірім сұрап, өмірдің «қиыншылығына» көндіккен сыңай танытып (бірақ ешқайсысы мемлекет қаржысын жеп қойғанын ашық түрде мойындаған емес) жатыр. Осы топқа жатпайтын тағы біреу бар. Ол – ағайынды Бергей және Аманжан Рысқалиевтер. Бүгінде ағайынды екі жігіттің не тірі, не өлі екенін ешкім білмейді. Сонда Рысқалиевтер қайда?

 

Бергей – «Рыжый Алмаз» емес

dalanewes kz (45)Сот орындары ағайынды Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі болып тұрғанда «мемлекеттің 71 миллиард теңгесін талан-таражға салды» деп айып тағып, сырттай айып тақты. Мұншама қыруар ақшаны ағайында Рысқалиевтер өздері ғана қалтаға баспағаны белгілі. Бұл іске қатысы бар  Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Болат Дәукеев пен Асқар Әбдіров, Атырау қаласының экс-әкімі Асқар Керімов темір торға қамалды. Осы соттан кейін көпшілік халық Бергей Рысқалиевті мемлекет қаржысын құлқынына құйған жемқор ретінде тани түсті.

Шыны керек, Бергей Рысқалиев үлкен саясатта мұнайлы өңірдің әкімі болғаннан кейін таныла бастады. Оған дейін ол республикалық деңгейдегі саясаткер ретінде ешкімнің назарына іліккен жоқ.

Тіпті, анығырақ айтсақ, Бергей Рысқалиев істі болғаннан кейін жалпақ жұртқа таныла бастады. Егер ол жемқорлықпен істі болмағанда көп әкімдердің бірі болып, саясат сахнасында жүре берер еді.

Ол әкім болмай тұрғанда, іскер кәсіпкер ретінде Батыс өңірде әбден танылғаны белгілі. Айтпақшы, біздер Бергей Рысқалиевті еске алғанда тоқсаныншы жылдардағы қылмыстық топтардың серкелері көз алдымызға елестейтіні жасырын емес. Өйткені онымен жақын жүріп, араласқан ақын-жазушылар оның Батыстағы беделін асырып, әсірелі әңгімелерін айтқанда,  көз алдымызға Бергей мен «Рыжый Алмаз» қатар елестейтін.

Қалай десекте, 90-жылдары бизнес бастаған азаматтардың қылмыстық топтармен жиі жолы түйіскені анық. Әркім өз бизнесін өзі қорғауы керек еді. Өйткені ол кезде Үкіметтің өзгенің дүниесін қорғайтындай шамасы болмады. Сондықтан сол кездегі талай кәсіпкерлер қылмыстық топтармен тонның ішкі бауындай араласқаны жасырын емес. Осы ретте Бергей Рысқалиевтің қылмыстық топтармен байланысын беттеріне салық қылып басудың қажеті жоқ.

 

Мусиннің шәкірті

dalanewes kz (3)Ағайындылар істі болған кезде оның қарындасы Гүлсім Рысқалиева Бергейдің 1991 жылы Алматыдағы Сәулет және құрылыс институтын тәмамдағаннан кейін бірден туған жеріне оралып, жұмысқа тұрып еңбек жолын бастағанын жазған еді. Бұдан кейін кәсіпкерлік салаға мықтап ден қойған Бергейдің тасы өрге домалап, өңірдегі белді кәсіпкерге айналғанын білеміз. Ол арақ-шарап, көлік, құрылыс, мұнай-газ секторының айналасында кәсібін жүргізіп, оншақты жылда 4000 адам жұмыс істейтін ірі, ұсақ бірнеше  кәсіпорынның қожасына айналып шыға келді.

Әрине, мұндай бас айналдыратын карьера жасап, табысты кәсіпкер атануда  оған айналасындағы қолдаушылар айрықша ықпал еткені анық.

Білікті кәсіпкер ретінде танылған Бергей Рысқалиевтің саясаттағы мансабының өсуіне Аслан Мусиннің айрықша ықпал еткенін бәріміз білеміз. Батыстың ашса алқанында, жұмса жұдырығында ұстаған Аслан Есболайұлы болмағанда Бергейдің әкім болуы екіталай еді. Керек десеңіз, Батыстағы Бергей сынды біраз жігіттің бизнес пен биліктің шыңына шығуына Мусин айрықша қамқорлық танытты деп айтуға болады.

Ағайынды Рысқалиевтердің өлі-тірісін бір білсе, Қазақстандағы жағдайды Еуропаның төрінен бақылайтын Аслан Мусин білуі тиіс. Бірақ Кеңестік жүйе кезінде тәлім алып, биліктің олимпіне көтерілген Аслан Есболайұлы қашанда сырға берік жан екенін білеміз.

Ол – жас саясаткерлер сияқты билікпен бет жыртысып, Батысқа бас сауғалайтын жандардың қатарына жатпайды. Ол – демократияны қалқан етіп, ашық майданған шықпайды. Тасада жатып, өзінің уақытын күтеді. Бірақ оның күткен орайлы сәті болып-болмайтыны біз тұрмақ өзі де білмеуі мүмкін. Сондықтан ол «Рысқалиевтерге қатысты құпияны жайып салады» деп үміттенудің қажеті жоқ.

 

Тірі ме, өлі ме?

Бастапқы әңгімемізге қайта оралсақ. Сонымен ағайынды Рысқалиевтер өлі ме, тірі ме? Биліктің әрекетін аңдасақ, ағайындылар бұл дүниеде жоқ секілді.

Егер олар шетелге қашса, осы уақытқа дейін Мұхтар Әблязов, Виктор Храпунов сынды шаң беріп, тіршілік нышанын білдірер еді ғой.

Иә, Бергей Рысқалиевтің Мұхтар Әблязов сияқты үлкен саясатта ойын жүргізіп, Ақордаға сес көрсететіндей жеке мақсаты болған жоқ. Ол атынан ат үркетіндей қылмыстық топ құрып, бизнесте мыс-мыс ақша тапса, билікке ешқашан саяси амбициясын көрсетпеді. Оның осы бір әрекеті «ағайындылар тірі» деген жалғыз болжамға негіз болатыны анық.Dalanews kz_021 (1)

Айтпақшы, Еуропадан Қазақстандағы саяси жағдайларға дүрбі салып, өзінің ойын айтатын марқұм Рахат Әлиев 2014 жылы көзі тірісінде ағайынды Рысқалиевтер «бұл дүниеде жоқ» деп болжаман айтып, бұл іске билікті кінәлағаны есімізде.

Елдегі жағдайды бір кісідей білетін адамның бұл сөзінен кейін ағайынды Рысқалиевтер тірі дегенге сена алмайсың. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамасы анық.

Мемлекеттің 71 миллиард теңгеден астам қаржысын қолды қылған адам ешқашан сұраусыз кетпейтіні анық. Егер ағайындылар шекара асып, Еуропаның бір мемлекетін паналап жүрсе, мұны қауіпсіздің қызметі білсе керек еді. Мұндай жағдайда билік Интерполға сауын айтып, ағайынды Рысқалиевтерді іздеуде жүрген көп шенеуніктердің қатарына қосар еді ғой. Бірақ Интерполдың тізімінде Рысқалиевтер есімі жоқ. Соған қарағанда біздің билік орындары «өлген» адамды іздеп, бас ауыртуды жөн санамаған сыңайлы.

Осы бір жайттарды сараптай алатын адамға «ағайынды Рысқалиевтер жер басып жүр» деп айтып сендіре алмасың анық.

 

Жаңаөзен…

Көпшілік ағайынды Рысқалиевтердің ісі мен Жаңаөзен оқиғасын жиі байланыстырады. Шындығында, бұл жерден қандайда бір логикалық байланысты байқау қиын.

Саяси ортада ешқандай саяси амбициясын көрсетпеген Бергей Рысқалиевтің көрші облыстың аумағында «бүлік» шығаруға әрекеттенуі бұл – қатерге бас тігу еді. Мұндай оқиғалардың соңы мемлекеттік төңкеріске алып келетіні белгілі. Мұны Бергей білмеді деймісіз? Біледі. Сондықтан оның бұл іске тәуекел етуі (жоғарыдағылар тапсырса да) екіталай дүние еді.

Шындығында Жаңаөзен оқиғасының тұтануына әлеуметтік теңсіздік себеп болғанын мойындауымыз керек. Кезінде Тимур Құлыбаев Жаңаөзендегі толқулар оралмандардың кесірінен орын алды деп айтып, артынша тілін тістей қойғаны есімізде. Кейіннен бұл іске Бергейдің қатысы бар екені жайындағы қауесет ел ішіне тарап кетті.

Барлық былықты Бергейге артып, саясат сахнасын тазартуға күш салған топтардың әрекетінен тағы да ағайындылардың мерт болғанынан хабар беріп тұрғандай ма?..

Сіз қалай ойлайсыз?

Жарбол КЕНТҰЛЫ