АҚШ-тың жаңа шешімі Қазақстанға қалай әсер етеді?

Сағыныш Сардарова 08 шіл. 2025 10:51

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыз баж салығын енгізу туралы шешіміне қатысты пікір білдірді. Дональд Трамп бұл жайында 7 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдап, мәлімдеген болатын,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Экспортқа әсері қандай?

Сарапшы бұған дейін көктемде тариф көлемі 27 пайыз болады деген мәлімет айтылғанын, алайда АҚШ билігі 25 пайызға тоқтағанын атап өтті.

Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанның жалпы экспорты 81,6 миллиард доллар болса, соның ішінде АҚШ-қа жіберілген өнім көлемі шамамен 2 миллиард доллар, яғни бар болғаны 2,5 пайыз ғана болған. Сауда министрлігінің деректері бойынша экспорттың 92 пайызы уран, көмірсутектер, ферроқорытпалар мен бағалы металдардан тұрады, ал бұл тауарлар қосымша тариф салынбайтын тауарлар тізіміне кіреді.

Сондықтан жаңа баж салығы тек шамамен 160 миллион доллардың айналасындағы тауарға, яғни АҚШ-қа бағытталған экспорттың 8 пайызына ғана әсер етуі мүмкін. Сарапшының болжауынша, америкалық бюджетке бұл салықтардан түсетін жылдық қосымша табыс ондаған миллион доллар шамасында болады.

Үкімет қалай қабылдайды?

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, бұл АҚШ тарапынан тек Қазақстанға емес, басқа да көптеген елге тарифтік қысымның күшейіп отырғанын білдіреді. Бірақ мұны халықаралық инвесторлар нарықтағы қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Оның ойынша, бұл шешім Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына елеулі ықпал етпейді.

"Қазақстан Үкіметі күту тактикасын ұстанып, ешқандай қарсы шара қолданбауы мүмкін. Енді басты сұрақ – бұл тарифтер америкалық инфляцияға, өнеркәсіпке және АҚШ-тың өзге елдермен қарым-қатынасына қандай әсері етеді? Соны бақылау керек", – деп түйіндеді сарапшы.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден келетін тауарларға баж салығы енгізілетінін мәлімдеген еді. Қазақстан үшін алғашында 27% деп жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар