Олигархтар "Қазақстан халқына" қорына ақша құюды тоқтатқан

Көркем Алдабергенова 08 шіл. 2025 11:10

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерікті аударымдар 2023 және 2024 жылдары айтарлықтай азайған. Бұл туралы қор басқармасы төрағасының орынбасары София Айсағалиева Информбюро сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның дерегінше, биыл жылдың алғашқы бес айында жеке және заңды тұлғалардан 15,5 миллиард теңге ғана жиналған. 2024 жылы бұл көрсеткіш – 55,5 млрд теңге, 2023 жылы – 64,8 млрд, ал 2022 жылы – 131,8 миллиард теңге болған.

Ірі жеке донорлардан түскен ірі көлемдегі аударымдардың басым бөлігі қор құрылған 2022 жылдың алғашқы айларында түскені айтылды.

"Қазір ондай донорлардан тұрақты қайырымдылық жоқ. Тек төтенше жағдайлар кезінде ғана жекелеген жағдайлар кездеседі", деп нақтылады «Қазақстан халқына» қоры.

Мысалы, 2022 жылы «Степногор тау-химия комбинаты» ЖШС қордың жарғылық қызметіне қаржы бөлумен қатар, қыркүйек айында Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге де қайырымдылық көмегін аударған.

2024 жылы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде Halyk Bank – 950 млн теңге, «Қазақмыс» – 2,4 млрд теңге, Нұрсұлтан Назарбаев қоры – 300 млн теңге бөлген. Аталған ұйымдар 2022 жылы да қорды қолдаған болатын.

2023 жылы «Develop4» және «Coffeday» ЖШС ай сайын 500 мың теңгеден бірнеше ай қатарынан қайырымдылық жасап тұрған. Ал 2025 жылы қор «Традиция 2019» ЖШС-нің үлесін атап өтті — компания әр ай сайын 100 мың теңге аударып отырған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар