Қазақстанда депутаттар мен туыстарына тендерге қатысуға тыйым салу ұсынылды

Көркем Алдабергенова 07 шіл. 2025 11:31

Қазақстан Республикасы Мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарының мемлекеттік тендерлерге қатысуына заң жүзінде тыйым салу туралы петиция пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Петиция gosrating.com сайтында пайда болды. 

"Қазақстан Республикасының азаматтары, мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарының мемлекеттік тендерлерге қатысуына байланысты туындайтын мүдделер қайшылығына алаңдаушылық білдіреміз. Мәслихаттар жергілікті бюджетті бекіту және оның атқарылуын бақылауда маңызды рөл атқарады. Сол себепті депутаттар мен олардың жақын туыстарының осы бюджет есебінен қаржыландырылатын тендерлерге қатысуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырып, мемлекет институттарына деген сенімді төмендетеді. Осыған орай, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін депутаттар мен олардың жақын туыстарының мемлекеттік сатып алуларға қатысуына заң жүзінде тыйым салуды талап етеміз", - делінген петицияда. 

Петиция авторы Берік Алқабай мәслихаттардың рөлі: «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға (2001 жылғы 23 қаңтардағы №148-II, 2022 жылғы 5 қарашадағы №157-VII өзгерістерімен) сәйкес, мәслихаттар жергілікті бюджетті бекітеді және оның орындалуын бақылайтынын, бұл депутаттарға мемлекеттік қаражатты бөлу мен бақылауға мүмкіндік беріп, жеке мүддеге пайдалану қаупін арттыратынын атап өтті. 

Берік Алқабайдың сөзінше, қазіргі заңнаманың кемшіліктері бар. Ол мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның (2024 жылғы 1 шілдедегі №106-VIII) 6-бабында тендерлерге жеткізушіні таңдау құқығына ие тұлғалардың жақын туыстарының қатысуы шектелгенімен, онда мәслихат депутаттары арнайы көрсетілмегенін,бұл мәселе реттеусіз қалғанын айтады. 

"Сыбайлас жемқорлық қаупі: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, 2019 жылы мемлекеттік сатып алулардағы жемқорлықтан келген шығын 24,6 миллиард теңгені, ал 2020 жылдың бірінші тоқсанында анықталған заң бұзушылықтар 191 миллиард теңгені құраған. Депутаттар мен олардың туыстарының тендерлерге қатысуы осы тәуекелдерді еселеп көбейтуі мүмкін.

Халықаралық стандарттар: Қазақстан ЭЫДҰ-ның халықаралық инвестициялар мен көпұлтты кәсіпорындар туралы декларациясына қосылған мемлекет ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ашықтық стандарттарын сақтауға міндетті. Депутаттардың тендерлерге қатысуына тыйым салу осы ұстанымға толық сәйкес келеді", - дейді петиция авторы. 

Ұсынылатын заңнамалық өзгерістер:

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның 6-бабына мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарының (жұбайы, ата-анасы, балалары, бауырлары) мемлекеттік тендерлерге қатысуына тікелей тыйым салатын норма енгізу.

«Жақын туыстар» ұғымын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес нақты анықтау.

Мәслихат депутаттары мен олардың туыстарының мүдделерін алдын ала декларациялау міндетін бекітіп, заң талаптарының орындалуын бақылайтын тәуелсіз орган құру.

Тыйым бұзылған жағдайда депутатты мандатынан айыру, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік пен айыппұлдар енгізу.

Петиция қабылданса нәтиже қандай болмақ? 

Ашықтық деңгейі артады. Мүдделер қайшылығының алдын алып, мемлекеттік ресурстар әділ бөлінеді.

Мемлекет институттарына деген халық сенімі нығаяды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелі азаяды, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы қамтамасыз етіледі.

"Біз билік органдарын осы петицияны назарға алып, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге шақырамыз. Мемлекеттік сатып алулардағы әділдік пен ашықтық үшін біздің бастамамызды қолдаңыз!",  - дейді петиция авторы. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар