Алматы облысында ішімдікке сылқия тойып алған полицей қызметкері көлігімен алты жасар баланы басып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оқиға 4 шілде күні кешкі сағат тоғызға қарай Алматы облысына қарасты Көкөзек ауылында болған. Куәгерлердің айтуынша, рөлде учаскелік полиция инспекторы отырған. Ол көлігін артқа қарай жүргізіп келе жатып, көшеде ойнап жүрген баланы қағып кеткен.
Әлеуметтік желіге тараған видеода баланы көлікпен басып өткен жүргізушінің тіпті аялдап, жағдайды анықтауға ниет танытпағаны анық көрінеді. Ол сол бойда газды басып, ізін жасырған.
Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беріп, күдіктінің кім екенін әлі нақтыламады. Бірақ облыстық полицияның барлық жеке құрамы күдіктіні іздеуге жұмылдырылғанын хабарлады.
Қазір оқиға орнынан қашып кеткен инспекторға қатысты жедел іздестіру шаралары басталды. Әзірге зардап шеккен баланың жағдайы туралы ақпарат жоқ. Оқиғаның егжей-тегжейін құзырлы органдар тексеріп жатыр.