Дональд Трамп БРИКС саясатын қолдаушы елдерді еш аямайтынын айтты

Кәмшат Тілеухан 08 шіл. 2025 10:13

Рио-де-Жанейрода 2025 жылы 6 шілдеде БРИКС-тің 17-ші саммиті өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу  алғашқы рет серіктес ел ретіндегі Қазақстан атынан қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саммиттің бірінші күніне бірлестікке мүше және серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары, жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар көпжақты ынтымақтастықты нығайту, әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты дамуды қамтамасыз ету қажеттілігіне баса көңіл аударды. Негізгі назар жаһандық басқару жүйесінде Ғаламдық Оңтүстік елдерінің өкілеттігін арттыруға бағытталды. Қарулы қақтығыстардың күшеюі, халықаралық саудадағы протекционизмнің өсуі және геосаяси қайшылықтардың ушығуы қатысушылардың алаңдаушылығын тудырды.

Өз сөзінде ҚР СІМ басшысы Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына негізделген әділетті, инклюзивті және орнықты тәртіпті нығайтуға бейілді екенін атап өтті. 

"Астана тепе-тең және көпвекторлы сыртқы саясат жүргізе отырып, дуал емес, көпір салады және барлық елдермен серіктестікті дамытады", – деді М.Нұртілеу.

Қазақстан делегациясының басшысы Азия, Африка мен Латын Америкасындағы Орта державаларының жаһандық шешім қабылдау процесіндегі рөлін арттыруды қолдайтынын жеткізді. Осы тұрғыда нақты қадамдар ретінде Саммит қатысушыларының назарына еліміздің бірқатар халықаралық бастамалары, оның ішінде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізілуі ұсынылды.

Сонымен қатар Министр Қазақстанның БРИКС елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, цифрлық технологияларды дамытуға мүдделі екенін айтты. Бұл салада Қазақстанның жетістіктері ерекше аталып өтті.

"Қазақстан адамға бағытталған, инклюзивті және орнықты тәсілді ілгерілету жолында ынтымақтасуға дайын. Бұл – адамзат үшін әділетті цифрлық болашақты қамтамасыз ету жолы", – деді ол.

Саммит аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньмен, сондай-ақ Беларусь Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесулер өткізіп, көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Ал осы сәтте АҚШ президенті Дональд Трамп мұхиттың арғы жағынан доқ көрсетіп, БРИКС саясатын қолдайтын елдерге 10% қосымша тариф салынатынын жариялады.

"БРИКС-тің антиамерикалық саясатын қолдап-қолпаштаған кез-келген елден 10% қосымша тариф алынады. Бұл саясатты ұстанатындарға ешқандай жеңілдік болмайды", - деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

БРИКС елдерінің көшбасшылары АҚШ-тың әлемдік сауданың дамуына кедергі келтіретін тарифтік шараларына қарсы шықты. Бразилиядағы БРИКС саммитіне қатысушылардың бірлескен декларациясында біржақты тарифтік және тарифтік емес шаралар сауданы бұрмалайтыны және Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне қайшы келетіні айтылады.

Ал бүгін Дональд Трамптың бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстан президентіне де хат жолдағаны белгілі болды. Онда баж салығы көтерілетіні айтылады. АҚШ 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық өнімге 25 пайыз көлемінде баж салығы салынатынын мәлімдеді. Осындай мазмұндағы хаттарды 10-нан аса елдің басшыларына жолданған. 1 тамыздан бастап Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Тунис елдерінен келетін өнімдерге де 25 пайыздық тариф қолданыла бастайды. Ал Оңтүстік Африка, Босния және Герцеговина үшін баж мөлшері 30 пайыз, Сербия мен Бангладеш үшін 35 пайыз, Индонезия үшін 32 пайыз, Лаос пен Мьянма үшін 40 пайыз деңгейінде белгіленеді.

Айта кетсек, БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) 2006 жылы құрылған, әлем аумағының 35%-ын, халық санының 50%-ын және жаһандық ЖІӨ-нің 40%-ын қамтиды.

БРИКС-ке 11 мүше ел (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, Эфиопия, Индонезия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иран), сондай-ақ 10 серіктес ел (Қазақстан, Беларусь, Боливия, Вьетнам, Куба, Малайзия, Нигерия, Таиланд, Уганда және Өзбекстан) кіреді. Сонымен қатар Саммитке Чили, Колумбия, Түркия, Уругвай, Палестина, Кения, Мексика, Африка кеңесі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Латын Америкасы мен Кариб бассейні даму банкі, Жаңа даму банкі, БҰҰ, ДСҰ және ДДСҰ өкілдері шақырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар