Трамп Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыз баж салығын енгізетінін мәлімдеді

Сағыныш Сардарова 08 шіл. 2025 09:10

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдап, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық өнімге 25 пайыз көлемінде баж салығы салынатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақ үй басшысы өз мәлімдемесін Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған.

"2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа жөнелтілетін кез келген өнімге секторлық баждардан тыс 25 пайыз салық салынады", – делінген Трамптың жариялаған хатында.

Трамп бұған дейін тараптардың бұл мәселені талқылауға мүмкіндігі болғанын атап өтті, алайда қазіргі таңда Вашингтон үшін басты басымдық ұзақ мерзімді экономикалық тапшылықпен күресу екенін де жеткізді. Ол жаңа баж салығы АҚШ-та жұмыс істейтін компанияларға әсер етпейтінін де нақтылады.

"Егер сіз де қарсы шара ретінде өз тарапыңыздан баж енгізуді қаласаңыз, қандай мөлшерде енгізсеңіз де, бұл салық біздің 25 пайызымызға қосылады. Мұндай тарифтер саудадағы әділетсіздіктерді түзету үшін қажет. Сауда теңгерімсіздігі АҚШ экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді", – деп жазды Трамп өз хатында.

Айта кетейік, бұл жолы АҚШ президенті осындай мазмұндағы хаттарды 10-нан аса елдің басшыларына жолдаған. 1 тамыздан бастап Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Тунис елдерінен келетін өнімдерге де 25 пайыздық тариф қолданыла бастайды. Ал Оңтүстік Африка, Босния және Герцеговина үшін баж мөлшері 30 пайыз, Сербия мен Бангладеш үшін 35 пайыз, Индонезия үшін 32 пайыз, Лаос пен Мьянма үшін 40 пайыз деңгейінде белгіленеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар