Қонаевта депутат Базарбектің көзінше қыз суға батып кетті

Көркем Алдабергенова 08 шіл. 2025 11:47

Қонаев қаласындағы жағажайлардың бірінде жас әйел суға батып кетті. Қайғылы оқиға болған сәтте жағалауда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те жүрген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, оқиға орнында қауіпсіздікке жауапты ешбір маман болмаған: құтқарушылар, бейнебақылау камералары, арнайы құралдар мен медициналық қызметкер де жоқ. Депутаттың сөзінше, су қоймасының жағасы жекеменшік кәсіпкерлерге берілген. Алайда олар қауіпсіздікке емес, тек кіріс көзін көздеп, шлагбаум орнатып, келгендерден ақы алумен шектеліп отыр.

Қызды судан куәгерлер алып шыққан, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, нәтижесіз болған.

Оқиға орнына келген дәрігерлер мен полиция қызметкерлері тек "бұл салаға жауапты – басқа уәкілетті органдар" деген жауаппен шектелген.

Бақытжан Базарбек жағажай аумақтарының кімнің иелігінде екенін анықтап, заң талаптарын орындамаған тұлғаларды жауапқа тарту үшін тиісті органдардан тексеріс жүргізуді талап ететінін айтты.

Бұл жағдайға қатысты облыс әкімдігі мәлімдеме жасады. 

Қала әкімдігі суға батып кеткен қыздың отбасына, жақындарына қайғыра көңіл айтады.

7 шілде күні болған оқиғаға байланысты Қонаев қаласы Полиция басқармасы ҚР ҚК 306-бабы, 3-тармағына (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қайғылы оқиға орын алған демалыс аймағының жұмысы уақытша тоқтатылды.

Айта кететін жайт, әкімдік тарапынан демалыс орындарына, жағажайларға қатысты мониторинг жалғасуда. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер құзырлы органдарға шара қабылдау үшін жолдануда. Бұған дейін прокуратура, ТЖБ, әкімдік мамандары жағажайларда қызмет ететін кәсіпкерлермен бірнеше рет жүздесіп, барлық заң талаптарын түсіндірген болатын.

Қонаев қаласында кез келген бағыттағы өтінішті, төтенше жағдайларды хабарлауға арналған 109 Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Тұрғындар мен қонақтардан жағажайлар мен бизнес орындарының қызметіне қатысты арыздарды осы нөмір арқылы хабарлауларын сұраймыз. Бұдан бөлек, елімізде 112 жедел желісі де жұмыс істейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар