Депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығындағы олқылық шаруалардың жұмысына кесірін тигізіп отырғанын айтты

Dalanews 24 там. 2021 16:34 354

Соңғы кездері Түркістан облысында ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияның берілуіне орай құқық қорғау органдары тарапынан мәселелер көтерілген болатын. Өз кезегінде ауыл шаруашылығындағы шаруалар мұнымен келіспей, қарсылықтарын білдіруде. Бүгін аталған түйткіл «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесі және Партиялық бақылау комиссиясының бірлескен мәжілісінде кеңінен талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

Жиынға аталған кеңес пен комиссия мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов, прокуратура және өзге де жауапты мекемелердің өкілдері қатысты. Мәжілісті «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы, оның ішінде мемлекеттен берілетін субсидиялаудың мақсатты игерілуі туралы» мәселе талқыланды.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша еңбек өнімділігі 2,2 есеге, жалпы өнім көлемі 1,8 есеге өсіп, 730 млрд теңгеге жеткен.

2020 жылы 847,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, соңғы 3 жылда 47,7 мың гектарға артқан. Жылыжайлар көлемі 1246 гектарға жетіп, облыс аумағында суды үнемдеу технологиялары енгізілуде.

Соңғы үш жылда мал мен құс басы 23 пайызға көбейген. Осы жетістіктерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялар мен жеңілдіктердің көмегі айрықша екенін айтқан басқарма басшысы 2017-2020 жылдар арасында агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 111,9 млрд теңге бағытталғанын айтты.

Түркістан облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Туршековтың айтуынша, облыстық прокуратура Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалу барысындағы жұмыстарды зерделеп, бірқатар деректерді анықтаған. Зерделеу барысында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғалары тарапынан жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге инвестициялық субсидияларды негізсіз төлеу белгілерімен 13 факт анықталып, олар бойынша процестік шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданған.

Бұл дерекке басқарманың да өз айтары бар болып шықты. Н.Бадырақовтың айтуынша, аванс түріндегі субсидиялауда кәсіпкерден жобалық-сметалық құжат талап етілмеуі тиіс.

Мемлекеттің қаражаты тиісті мекеменің есеп-шотында тұр. Кәсіпкерлер өздерінің жобаларын жүзеге асырып, жұмыстарын аяқтаған. Яғни, субсидияны алуға толық құқылы.

Осы бір құжаттағы кемшілік салдарынан облыстың бірнеше кәсіпкері шығынға ұшырап, жобалары аяқсыз қалуы мүмкін. Бұл жайлы Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Нақыпбеков ой қозғап, кәсіпкерлердің зардап шекпеуі керек екенін айтты. Сонымен бірге мәжіліске қатысқан бірнеше кәсіпкер осы түйткілдің шешілуіне көмек сұрап, өз шағымдарын жеткізді.

– Жоспарға сай жұмыс атқарылды, жылыжайлар салынды. Енді жобамызды жалғастырайық па әлде субсидияны қайтарайық па? Субсидиялаудағы қағазбастылық пен түсінбестіктің салдарынан жұмысымыз тоқтап тұр, – деді екі ЖШС-нің өкілі.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қайнар Абасов бұл мәселені Парламент мінберінде көтеретінін мәлімдеді.

– Бүгін сөз болған субсидиялау барысындағы мәселе – актілеріміздегі жіберілген олқылық. Басқаша айта алмаймын. Прокуратура да, кәсіпкерлер де өз жұмысын істеп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығындағы бір олқылық осындай мәселе туындатып отыр. Бүгінгі жиындағы хаттама бойынша мәселені қыркүйекте Мәжілісте тиісті министрдің алдында көтереміз.

Шешілуіне атсалысамыз. Осы және өзге де проблемалар арқылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлермен кері байланысы төмен екені аңғарылып отыр.

Біз ауылдарды аралаған кезімізде кәсіпкерлер субсидия алудағы кедергілерді азайту, жобалық-сметалық құжат әзірлеу жөніндегі талапты алып тастау туралы өтініш, ұсыныс айтты. Шаруалардың ұсыныстары орынды.

Субсидия алатын адамнан жұмыс орындарын ашу және салық төлеу ғана талап етілуі тиіс. Әрбір тиын үшін болжам алдыру, алдын ала келісімшарт жасатқызу шаруаның екі қолын байлап қояды. «Қолдау» бағдарламасын жүйелеу, осы саланы цифрландыруды жетілдіру бағытында жұмыс жүргіземіз, – деді ол.


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x