90 күннен ары несие қарызына комиссия есептелінбейді

Dalanews 23 қаң. 2020 10:26 278

Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың кредит бойынша қарызы 90 күннен асып кетсе, комиссия есептемейді. Жаңашылдық 2020 жылдың басынан күшіне енген,деп хабарлайды Sputnik.

Өзгерістер «Банк және анк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» заңдарға енгізілген.

– Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша берешек 90 күннен асып кетсе, айыппұл, өсімпұл, сондай-ақ, комиссия мен басқа да төлемдер есептеуге тыйым салынады, – деді ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов елордада өткен баспасөз мәслихатында.


Оның айтуынша, бұрын кредитті уақытында төлемеген кезде өсімпұл әр күн сайын 0,5 процентке өсетін. Енді биылдан бастап кредит бойынша берешегі 90 күннен асып кеткендерге ешқандай комиссия есептелмейді.

– Бұл несие алатын азаматтар үшін әжептәуір жеңілдік деп ойлаймын, – деді вице-министр.

Айта кетуіміз керек, биылдан бастап кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз кредит те берілмейді.

2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде бекітілген. Яғни, табысы осы сомадан аспайтындарға кредит беруге тыйым салынды.

Бұған қоса, жұмыссыздар да кредит ала алмайды. Өйткені банктен қарыз алу үшін соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсету қажет.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x