Аграрлық білім, ғылым ордасы

Dalanews 20 қар. 2015 20:18 349

Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 85 жыл


 


Биыл отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ Ұлттық аграрлық университеті 85 жылдығын атап өтуде. Мерейтойды атап өтуге университет ұжымы ерекше көңіл бөліп отыр екен. Мерейтой қарсаңында университет ректоры Тілектес Есполов мырзаға жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті. Оқу орын басшысы алда келе жатқан мерейлі күн салтанатты шеру ғана емес, терең мазмұнды, кейінгі жастарға үлгі болатын шара екенін жіліктеп түсіндіріп берді. «Мерекеге біздер мақтан тұтатын әлемге аты мәлім ғылым мен өндіріс майталмандары, көрнекті ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, ел игілігі жолында ізденіске толы, жемісті қызмет етіп жүрген түлектеріміз қатысады» дейді ректор.


 


КазНАУ02 газет– Тілектес Исабайұлы, еліміздегі іргелі оқу орнының 85 жылдық мерейтойы құтты болсын! «Қала мен Дала» газеті қуаныштарыңызға қашан да ортақ. Айтулы шараға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?


– Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 85 жылдық мерейтойы мерейлі күн, салтанатты шеру ғана емес, сонымен қатар терең мазмұнды, жастарға үлгі болатын шара деп есептеймін. Мерейтойға орай университетте ауыл шаруашылығы бағытындағы жоғары оқу орындарының Ғаламдық Консорциумына мүше әлемнің 40 беделді университет ректорларының, шет елдің және Қазақстанның ғылым-білім  саласының көрнекті өкілдерінің қатысуымен «Агроөндірістік кешенді дамытудағы ғылым-білім басымдықтарының жаңа стратегиясы» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізбекшіміз. Конференция аясында ауыл шаруашылығындағы  инновациялық жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, Қазақ-Корей орталығы, Су орталығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы  шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларын қамтитын «Инновациялық орталық» ашылмақ.


Осындай тарихи кезеңде біз өткеннен сабақ алып, ертеңгі болашағымызға нақты жоспарлар жасап отыруымыз керек. Қазіргі уақытта оқу орнымыз әлемдік талаптар бойынша ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын жүргізуде.


– Қазақстан «Болон үрдісіне» қосылып, жоғары білім беру саласы іргелі өзгерістен орын алғанын білеміз. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандар даярлайтын көшбасшы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті қандай маңызды өзгерістерді бастан кешкенін әңгімелеп берсеңіз.


– Қазіргі уақытта университет материалдық, , оқу-әдістемелік базасы және профессор-оқытушылар құрамы жағынан  жоғары деңгейдегі зерттеу университеті талаптарын негізге алып жұмыс атқарып келеді. Университет халықаралық білім, ғылым кеңістігіне толық енді, көптеген беделді халықаралық университеттер қауымдастығына мүше. Шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен білім және ғылым саласында тікелей қарым-қатынас орнатып, жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Университет түлектері ел экономикасын өркендетуде табысты еңбек етуде, олардың қатарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, атақты ғалымдар, белді қызметкерлер баршылық.


– Ұлан асыр жері Ұлы Дала елімен бірге өсіп-өркендеп келе жатқан оқу орны десе болады ғой.


– Әлбетте. Отандық аграрлық білім мен ғылымның қара шаңырағы, ауыл  шаруашылығының ең басты ғылыми даму тарихының негізін салушы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы, өнегелі ғұмырнамасы ғибратты шежіреге толы Қазақ ұлттық аграрлық университеті бүгінде еліміздің мақтанышына айналып отыр. Бұл жоғары білім ордасы – республикамыздың болашақ агрокешен мамандарын даярлайтын іргелі оқу орны. Еліміздің ауыл шаруашылығы потенциалы осы оқу орнын бітірген мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты. Бұл саланың мүмкіндіктері мен жетістіктеріне қарап, ел экономикасын бағамдауға болады.  Университетіміздің қалыптасуы мен даму тарихы ел экономикасының  дамуымен тығыз  байланысты. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және Қазақстанда алғашқы  совхоздарды құру кезеңінде ауыл  шаруашылығы  өндірісін ғылыми тұрғыда жетік басқара алатын кәсіби білікті мамандарға қажеттілік туындады. 1929 жылы Алматы зоотехникалық  малдәрігерік институты,  ал  1930 жылы Қазақ  ауыл шаруашылығы институты құрылды. Аталған екі институт аграрлық ауыл шаруашылығына білікті мамандар дайындаумен қатар аграрлық ғылымның дамуына қосқан үлесі мол және  ғылым мектептерін қалыптастырды. Маман дайындауда жинақталған тәжірибе мен ғылымды зерттеулерде қалыптасқан дәстүрлер жалғасын тауып, дамуда. Осы орайда біздің университеттің түлектері бүгінгі таңдағы жаңа инновациялық экономиканы жетілдіру жолында үлкен сұранысқа ие болып отырғандығын айрықша атап өткім келеді.


1996 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен аталған екі институт біріктіріліп,  Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ерекше маңызы зор оқиға болғаны анық. 2001 жылы  Елбасы Жарлығымен университеттің жоғары ғылыми әлеуетті және кәсіби білікті мамандар даярлаудағы жетістіктері ескеріліп,  университетке Ұлттық мәртебе берілді.


Университеттің қызмет ету жылдарында еліміздің аграрлық секторының  дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан  140 мыңнан аса білікті мамандар дайындап шығарғанынан аңғаруға болады. Соның ішінде 2 Кеңес Одағының Батыры мен 25 Социалистік еңбек Ері, 70 Жоғары Кеңес пен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, көптеген көрнекті академиктер, ҚР Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаттары,  мемлекет және қоғам қайраткерлері,  ғылым және агроөндіріс кешенінің басшылары, 11 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан  айтулы азаматтар бар.


КазНАУ01 газет


– Ректор мырза, соңғы уақыттары Елбасы елімізді агрокешендік құрылымын дамытуға қатысты Үкіметке маңызды міндеттер жүктегенін білеміз. Отан алдындағы осы бір маңызды істі орындауда сырт қалмаған шығарсыздар?


– Сөзіңіз орынды. Біздер ортақ міндет жолында жан аямай еңбек етуіміз керек. Мемлекет басшысы еліміздің агроөндіріс кешені қызметкерлері алдына саланы модернизациялауға бағытталған аграрлық білім мен ғылымды реформалауға нақты міндеттер қойды. Бұл талаптарды тиімді орындау арқылы біз – аграрлық білім мен ғылымды дамытып, бәсекеге қабілетті, сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін шығару қарқынын ұлғайтып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашып отырмыз. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен биылғы жылдың сәуір айында аграрлық саладағы жетекші үш жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті – Ауылшаруашылық министрлігінің қарамағына өтті. Осындай ұйымдық шараларды жетілдіру мақсатында еліміздің агроөндірістік кешенін қолайлы басқару құрылымы ретінде Елбасы қолдауымен«Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» құрылды.


Бүгінгі нарықтық  экономиканың ұтымдылығы – әрбір адамды еңбекте жақсы нәтижеге жетуге ынталандыратындығы, іскерлігін кеңінен пайдалануға жол  ашатыны. Сол себепті отандық аграрлық білім мен ғылым саласы мамандарына үлкен жауапкершілік жүктелуде. Оны өз кезегінде жүзеге асыру – білім саласындағы кәсіби мамандардың біліктілігі мен жауапкершілігінде болса керек. Өйткені, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға ұмтылған бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан ең бірінші кезекте өз ұрпағының жарқын келешегін қамтамасыз ету жолында барын салуда.


Ғаламдық сын-қатерлер мен нарықтың қатал қыспағына қарамастан, қазіргі Қазақстан кемел ойлы кемеңгер Көшбасшысының арқасында аз уақыттың ішінде озық білім, инновациялық ғылым және өндіріс интеграциясы арқылы экономикасын қарқынды дамытып келе жатқан, дүниежүзі мойындаған бірлігі бекем тұғырлы мемлекетке айналды. Әр мемлекеттің өркениеттілігі оның мәдениеті мен өнеріне, білімі мен ғылымының жетістіктеріне тікелей байланысты екенін ескерсек, біз бүгінде өзіндік даму моделін қалыптастырған, өзгелерге үлгілі ел  боларлықтай дәрежеге жеттік десек, артық айтпағандығымыз болар.


– Тілектес Исабайұлы, соңғы уақыттары еліміздегі жоғарғы оқу орындары жастарға білім беріп қана қоймай, сонымен қатар іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталық міндетін қоса атқаруда. Бұл бағыттағы жұмыстардың пайдалы тұстарын айта кетсеңіз?


– Қазақстан қоғамы егемендік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда экономика саласында серпінді қадамдар жасап, елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының тиімді жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде көптеген қиындықтар еңсеріліп, елімізде жаңа индустриалды-инновациялық бағдарламалар іске асырыла бастады. Қазақстан бүгінде өтпелі кезең міндеттерін толықтай шешіп, постиндустриалдық қоғам стандарттарын қалыптастыруда.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы  атты Қазақстан халқына Жолдауында  «Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс» деп нақты талап-міндеттер қойды. Қазіргі уақытта ҚазҰАУ-дің ұлттық ғылыми зерттеу университеті бағытында жаңаша даму сипатына ие болуға мүмкіндіктері зор. Бұл ретте университет тарапынан айтулы іс-шаралар қолға алынуда. Жобалық басқарудың халықаралық стандартын және жоғары оқу қызметін ұйымдастыру әдісін қолдануда біз өзіміздің оқу орнымыздың стратегиясын іске асыруда миссиямызды, көзқарасымызды, міндеттерімізді, бағыттарымызды анықтадық. ҚазҰАУ жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында және университетіміздің 6 ғылыми-зерттеу институты мен 31 зертханасында шетел ғалымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында ықпалдасу мақсатында құрылған Қазақ-Корей инновациялық орталығында «Жасыл технологияларды» дамыту мәселелері зерттелуде. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдері және азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ұлттық орталық құрудың алғышарттары дайындалу үстіндеміз. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетіміздің студенттері мен магистранттары шетелдің озық оқу орындарында білімін жетілдіріп, тәжірибе жинауда. Сондай-ақ, әлемнің беделді университеттерінің білікті ғалымдары біздің университетте дәріс оқуда.


Университетіміз білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін және Болон үрдісін және Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда келесі орталықтар: «Болон үрдісін» дамыту орталығы, академиялық ұтқырлықты моделдеу орталығы, үштұғырлы тіл бағдарламасын негізге алған көптілді  білім беру орталығы, лингвистикалық білім беру орталығы, жаһандық класс ашылды. Сыртқы академиялық ұтқырлық Жаһандық консорциум арқылы, сондай-ақ «Темпус», «Эразмус Мундус», «Болашақ», DAAD және FET бағдарламалары және жобалары арқылы іске асырылады.Университет Еуропа, Америка, Оңтүстік-Шығыс Азияның жетекші елдерімен қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша бірқатар маңызды келісімшарт жасады. Университетте жыл сайын Қазақстан және шетелдік жоғары оқу орындарынан магистранттар Еуропаның серіктес ЖОО ғалымдары мен магистрант қатысушыларымен халықаралық жазғы мектеп ұйымдастыруы үлкен жетістік болып тұр. Халықаралық ынтымақтастық аясында әлемнің аграрлық жоғары оқу орындарының Жаһандық консорциумының және ТМД  мемлекеттеріне  қатысушы үздік Аграрлық жоғары оқу орындар кеңесінің мүшесі ретінде университет бүгінде 200-ден  астам халықаралық ғылыми-зерттеу институтымен, алдыңғы қатарлы көптеген аграрлық университеттермен, агроөнеркәсіптік  кешені нысандарымен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қоя отырып, Қазақстанның аграрлық ғылымының халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге ат салысуда. Еуропа,  Америка, Азия және Тынық мұхит  аймақтарындағы континенттердің ғылыми-зерттеу институттары  мен  орталықтары Қазақ ұлттық аграрлық университетімен көптеген маңызды мәселелер төңірегінде бірлесіп жұмыс істейтіні зор мақтаныш  тудырады. Біздің оқу орнымыз осы күні Еуропа мен Азияның, АҚШ пен ТМД университеттерімен әріптестік қатынасты нығайту үстінде.


– Еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері кең байтақ жерімізде көптеген шаруа қожалықтары құрылып, фермерлер пайда болды. Тағдырын ауыл шаруашылығы саласымен байланыстырған азаматтардың заман талабына сай білігін көтеру ісіне айрықша мән беріп отырғандарыңызды білеміз. Универсиететтің фермерлерді қолдау бағытында қолға алған шаруалары жайында аз-кем әңгімелеп берсеңіз.


– Әртүрлі шаруа қожалықтарының басшылары мен қызметкерлері үшін біздер университет қабырғасынан «Фермерлер жоғары мектебін»  құрған болатынбыз. Онда «Экстеншн» халықаралық моделі бойыша білім беріледі, сондай-ақ,  консалтингтік қызмет көрсетіледі. Тарихы тереңге кеткен оқу ордамызда халықаралық байланыс жылдан-жылға нығая түсуде. Оған Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы нақты дәлел бола алады. Ғылыми-зерттеу жұмысының мүмкіндігін арттыру үшін  биотехнология, нанотехнология, цитология, ветеринарлық медицина және санитария, микробиология және вирусология, агроинженерия, биологиялық, органикалық және биоорганикалық химия, гендік-молекулярлық, стратегиялық- технологиялық басымдықтар мейлінше іске қосылып жатыр.


Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жалпы ішкі өнімнің өсуінің 90 пайызы инновациялық технологияны игеру арқылы болады. Оны игеру өндірістің бәсекеге қабілеттілігін көтерудің басты жолы. Ауыл шаруашылық саласын дамытуға үкімет тарапынан да келелі шаралар қолданылып жатқанын айтқым келеді. Ауыл шаруашылық министрлігі дайындаған «Агробизнес-2020» бағдарламасы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді.


Осы орайда біз ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен, ғалымдармен бірлесе отырып ауыл шаруашылығына қатысты проблемаларды талқылап, нақты ұсыныстарды күн тәртібіне қойып отырмыз. Атап айтқанда аграрлық ғылымның алдында тұрған мына мәселелерге баса назар аудармақпыз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еңбек өнімділігін арттырып, агроөндірістік кешеннің ғылыми, кадрлық деңгейін көтеру; аграрлық ғылым, білім және өндірісінің және аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының интеграциясын дамыту; отандық аграрлық білім мен ғылымды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру; Қазақстанның аграрлық саладағы ғылыми өндірісінің өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға күш салу; мемлекетаралық интеграция және  ұлттық аграрлық азық-түлік нарығын қалыптастыру; ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа ғылыми жобалар мен инновациялық технологияларды енгізу процесін жеделдету.


Бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағындағы 23 ғылыми-зерттеу институттарымен нақты байланыстар орнатып, онда арнайы кафедралар ашып отыр. Оларға университет мамандықтарына сәйкес магистранттар мен докторанттарға мақсаттық мемлекеттік гранттарға тапсырыстар берілуде. Ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары оларға дәріс береді, эксперименттік зерттеу, ғылыми-өндірістік тәжірибе жұмыстарына басшылық жасайды. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми материалдық базасын толығымен тиімді пайдалануға мүмкіндік туындайды.


– Қазақстанның ауыл шаруашылық саласы бойынша мүмкіндігі зор әлемдегі аграрлы елдердің бірі десек болады. Осыны басты назарда ұстаған атқарушы билік ауыл шаруашылық секторын дамытуға бағытталған маңызды бағдарламаларды іске асыруда. Білікті маман ретінде осы бағдарламалардың маңызына тоқталып өтсеңіз.  


– Дамыған елдерде жалпы агроөндірістік кешен өнімнің 50-90 пайызы инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген. Біздің елде осы көрсеткішке жету жолында «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама», «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту, оларды мал азығымен қамтамасыздандыру мақсатында өзекті бағдарламалар қабылданып, іске асуда. Ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдың басын арттыру үшін  «Сыбаға», жылқы шаруашылығын тиімді дамыту үшін «Құлан», қой шаруашылығында «Алтын Асық», жалпы мал шаруашылығында жайылыммен қамтамасыздандыруды жақсарту үшін «Жайлау» бағдарламалары өзінің оңтайлы нәтижелерін беруде.


Ауыл шаруашылығын басқарудағы қазіргі жүйені қайта құру ғылым мен білімді барынша интеграциялауға және инновацияны тиімді түрде өндіріске енгізуге, ғылыми күш-жігерді түпкі нәтижеге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бәрімізге белгілі, нарықтық қатынастардың қатал заңдылықтарына төтеп беру үшін бәсекеге қабілетті болу керек. Уақыт өткен сайын әлем мемлекеттері алдында азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығы сезілуде. Бүгінде әлемде жердің игілігін бағалап, маңдай терін төгіп, еңкейіп жұмыс істейтіндер саны азайып, дайын және жартылай дайын жасанды өнімді тұтынатындар көбеюде. Сондықтан таза еңбек етіп, таза әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ететін аграрлық ғылым мен өндіріске, ірі фермерлерден бастап ұсақ шаруаға дейін мемлекеттің қамқорлығы аса қажет.


– Ғылымсыз жоғары экономикалық өсімге қол жеткізу мүмкін емес. Қазіргі таңдағы ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты қалай бағалайсыз?


– Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында белгіленген биік межелер мен қабылданған жедел индустриялды-инновациялық дамыту бағдарламасын нәтижелі іске асыруда ғылым мен білімнің жауапкершілігі ерекше. Ғылымның өндіріске ұсынған ин­новациялық технологиялары әлемдік же­тістіктерден жоғары болмаса, төмен болмауы тиіс. Ата Заңымыз кеңістігінде қабыл­дан­ған Аграрлық саланы дамыту бағдар­ла­малары ғылыми негізділігін, өмір­шең­ді­гін Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситетінің атқарып жатқан істері­нен көруге болады.
ҚазҰАУ – Қазақстан мен шетелдерде кең көлемде танымал және жылдам дамып келе жатқан көп салалы білім мен ғылым кешені. Енгізілген үш сатылы білім беру жүйесі – бакалавр – магис­тратура – докторантура «Болон конвенциясы» талаптарына толық сай келеді. Оларға сапалы білім беру университет ұжымының басты міндеті болып белгіленіп, көлемді жұмыстар атқарыл­уда.


Бүгінде заманға сай даму үшін елімізге жаңа технологияларды игерген, жаңаша ойлайтын білімді мамандар қажет екені белгілі. Мемлекет басшысының жастарымыздың әлемдік деңгейдегі білім алуына барынша жағдай жасап отыруы – үлкен мақсаттарға жетудің жемісті бағыты. Өйткені озық білім мен ғылымды игерген жастар ­– еліміздің ертеңгі тірегі. Біздің мақсатымыз – студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын азамат етіп тәрбиелеу. Қазіргі уақытта елімізде озық білім алуға, терең ғылыммен айналысуға бар жағдайлар жасалған. Сондықтан, біз бәсекеге қабілетті білімді жастарымыздың көп болғанын қалаймыз.


Ғылым мен білім үнемі, тоқтаусыз ізденістен тұрады. Нанотехнологиялардың өзі бүгінде біздің күнделікті тұрмысымызға еніп келеді. Біз оны ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жан-жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, сақтау бағытында одан әрі пайдалануды жетілдіре түсуіміз керек. Бүгінгі қоғам озық технологиялар мен жаңа компьютерлік бағдарламаларды отандық ғылымға тиімді пайдалана бастады. Бір қуанарлығы, заман талабы тудырып отырған осы жаңалықтың барлығын да қазақ баласы емін-еркін игере бастады. Қазіргідей ақпараттық дәуірде бір сәтке де босаңсуға болмайды. Өзгелермен терезең тең болу үшін бәсекеге қабілетті болуың шарт.


Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x