Caspian University – Қазақ-Қытай қатынасына үлкен үлес қосты

Dalanews 20 қар. 2015 19:57 881

Таяуда Caspian University білім ордасында «Қазақстан мен Қытай арасындағы заңнамалық сұрақтарды сәйкестендіру» деген тақырыпта халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Шараға Қытайдың Сиань транспорт университетінің арнайы өкілдері келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиынды ашқан  Caspian University ректоры Жолдасбек Нүсенов мырза Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-рухани байланыстың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек етті.


Шығыстағы көршіміз Қытай қазір Қазақстанның басты стратегиялық әріптесі. Сондықтан екі арадағы байланысты жандандырып, қос елдің заңнамалары бойынша туындайтын сұрақтарды бірлесіп шешіп, экономикалық дағдарыс қыспаққа алған тұста сауда-экономикалық байланыстарымызды жандандырудың маңызы зор. Осы ретте Caspian University екі елдің арасындағы заңнама саласында туындайтын мәселелерді талқылап, бірлесіп шешуге ұмтылуы өте орынды.


– Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық байланыс жоғары деңгейде дамып келеді. Осы қарым-қатынастың маңызын арттырып, іргесін бекемдей түсу үшін біздер түрлі сала бойынша байланыстарымызды заң жүзінде бекемдеп, өзекте мәселелерді бірлесіп шешуге күш салуға мүдделіміз. Сондықтан екі елдің арасындағы заңнамасына қатысты мәселелерді бірлесіп талқылауға арнайы келген Сиань транспорт университетінің өкілдері алғыс айтамын, – деді Caspian University ректоры Жолдасбек Мүсілімұлы.


Заң саласына қатысты мұндай маңызды жиынның Caspian University білім ордасында өтуінің өзін заңдылық деп қарастыруға болады. Соңғы жылдары білікті заңгер мамандар дайындауда еліміздегі оқу орындар арасында топ бастап келе жатқан университет, еліміздің мемлекетаралық байланыстарда мүддеміздің жоғары деңгейде қорғайтын мамандар дайындау ісіне барынша күш салып, халықаралық байланыстарын дамытып жүргені бәрімізге белгілі.


Жиын барысында сөз алған қытайлық мамандар да Caspian University заң саласында білікті мамандар даярлайтын білім ордасы ретінде мойындайтындарын айтты. Өз кезегінде сөз алған Сиань транспорт университетінің ғылым және технологиялық зерттеулер департаменті директорының орынбасары Jia Yihua мырза алдағы уақытта Caspian University арадағы байланысты арттырып, шәкірттер алмасатынын алға тартты.


– Сиань транспорт университеті Қытайдағы жетекші 20 оқу орынның қатарына кіретін беделді оқу орын. Білім ордасының негізі 1896 жылы қаланған. Бүгінде біздер экономика, басқару, медицина, филология, техникалық және инженерлік мамандықтарды дайындауға барынша күш салып келеміз. Сонымен қатар әдебиет, құқық, философия мен педагогика салалары бойынша да жоғары білікті мамандар даярлау ісі жолға қойылған, – деді мейман.


Конференция жұмысы барысында заң саласының жілігін шағып, майын ішкен екі елдің білікті мамандары студенттер алдында Қазақстан мен Қытайдың инвестициялық келісім-шарттарының құқықтық қырларына тоқталып, терең талдау жасағанын айта кетуіміз керек. Жиын барысында Сиань транспорт университетінің өкілдері арадағы байланысты жандандыруға мүдделі екендерін білдіріп, алдағы уақытта Caspian University 10 студентіне Қытайда оқуға мүмкіндік беретін грантты табыс етті. Осылайша қос университеттің өкілдері арақатынасты жандандыратын маңызды құжатқа қол қойды.


Нұрлан ӘУБӘКІР.




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар