Тұрғын үй саясаты – баспана нарығындағы бағдарламалар бағымызды ашты ма?

Dalanews 19 қыр. 2022 11:41 353

Тұрғын үй мәселесі қазіргі заманның ең өткір әлеуметтік мәселелерінің бірі. Өз заманында тіпті  Ф. Энгельстің де «ештеңе шығармас бұрын, адамдарда тамақ, киім және тұрғын үй болуы керек» деп атап өтуі бекер болмаса керек. 

 

Ел азаматтарының 25 пайызының жеке тұрғын үйі жоқ

Алайда, тұрғын үй кезегінде тұрғандардың басым көпшілігі үшін баспаналы болу мүмкіндіктері барған сайын елес, сағымға айналып барады. Несиелер тұрғын үйді жекеменшікке сатып алу шығындарын толық өтемейді. Оның үстіне жылдан-жылға өсіп жатқан инфляция да несиені қайтарудың да, тұрғын үй сатып алудың да мүмкіндіктерін азайтуда.

Мысалы, өткен жылы бастапқы нарықтағы (первичный рынок) жаңа тұрғын үйдің құны 15,2% -ға, ал қайталама нарықтағы (вторичный рынок) тұрғын үйдің құны 23,1%-ға өсті. Ekonomist.kz. жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың шамамен 25 пайызының жеке тұрғын үйі жоқ. Жылжымайтын мүліктің құны гипер жоғары болғандықтан көптеген азаматтар ипотекалық несиесі ұзақ мерзімге берілетін тұрғын үй бағдарламаларын таңдайды.

«Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамының мәліметтері бойынша қазақстандықтар стандартты пәтер сатып алу үшін орта есеппен 7,4 жыл барлық табысын жинақтаса ғана тұрғын үй сатып ала алатын көрінеді. Алайда көбіне отбасылық кірістің 1/3 бөлігін ғана пәтер сатып алуға, қалған бөлігі күнделікті тұрмыстың қажеттіліктеріне жұмсалады. Қазіргі қымбатшылық заманда кей азаматтарға тіпті, бұл 1/3 бір бөлікті де  жинау мүмкін болмай тұрғаны ащы да болса шындық. Тиісінше, орташа қазақстандық отбасының тұрғын үй сатып алуға шамамен 22,2 жыл уақыты кетеді екен.

Осы орайда біз Қазақстандағы тұрғын үй бағдарламаларының тізімін жасақтап,  оларды қалай пайдалану керектігі туралы қысқаша гайд жасаған едік.

 

«7-20-25»

7-20-25 – қарыз бойынша ең төменгі мөлшерлемесі 7 пайыз болатын ең танымал бағдарламалардың бірі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20 пайызы. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкентте бағдарлама бойынша пәтердің ең жоғары құны 25 миллион теңгені құрайды. Қарағанды үшін бұл көрсеткіш 20 миллион теңгеге дейін, ал Қазақстанның қалған өңірлері үшін – 15 миллион теңгеге дейін жетеді. Қарызды өтеу мерзімі барлық өңірлер үшін бірыңғай – 25 жылға дейін. Бұл бағдарламаға қатысушылар үшін негізгі талаптар:

Қазақстан азаматы болуы;

Меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы;

Кәсіпкерлік немесе жұмыс орнынан тұрақты расталған табыстың болуы;

Ипотеканың болмауы.

Бастапқы жарнаны да төлей алмайтын азаматтар бұл соманы жергілікті атқарушы органнан «тұрғын үй сертификатын» алу арқылы жабуға мүмкіндігі бар.

Бағдарламаға қатысу үшін тоғыз серіктес банктің біріне хабарласу қажет.

«Баспана хит»

Үлкен танымалдылыққа ие болған "7-20-25" бағдарламасы өкінішке қарай, оған қатысуға ниет еткендердің  барлығын қамти алмады. Себебі бастапқы нарықтағы жаңа тұрғын үй тапшылығы болды. Сұранысты жабу үшін ипотекаға тек жаңадан соғылған ғана емес, сонымен қатар қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға бағытталған "Баспана хит" бағдарламасы пайда болды. Мұндағы бастапқы жарна да 20 пайыз, қарыз өтеу мерзімі – 15  жылға дейін.

Астана, Алматы үшін ең жоғары мөлшерлеме — бастапқы нарық үшін 35 миллион теңге, қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін 25 миллион теңге.  Шымкент, Ақтау, Атырау үшін бастапқы және қайталама тұрғын үйге 25 миллион теңге. Қарағанды үшін бастапқы және қайталама нарық 20 миллион теңге. Қалған өңірлерде бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін 15 миллион теңге. Ал несиелеудің номиналды мөлшерлемесі 11 пайыздан басталады, оған делдал банктердің маржасы қосылады.

 

«Бақытты отбасы»

Бағдарлама мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға, сондай-ақ толық емес және көп балалы отбасыларға арналған. Қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 2 пайызды құрайды. Ең төменгі бастапқы жарна – қарыз сомасының 10 пайызы. Қарызды өтеу мерзімі – 18 жылға дейін.

Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау үшін қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 10 миллион теңгеге дейін.

Бұған қатысу үшін отбасының әрбір мүшесіне соңғы алты айдағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгені құрайды, тиісінше отбасының әрбір мүшесінің табысы 111 656 теңгеге тең сомадан аспауы тиіс.

Мысалы, егер отбасында төрт адам тұрса, 111 655,8 * 5 = 558 275 теңге.

 

«Нұрлы жер»

Бағдарламаға «Отбасы банк» салымшылары және тұрғын үй сатып алу кезегіндегі азаматтар қатыса алады. Бағдарламаның артықшылығы –қатысушылар салынып жатқан нысанда пәтерді өздері таңдай алады.

Тұрғын үй ел азаматтарының әлеуметтік қорғалмаған санаттарына арналған. Бұл бағдарлама жалға берілетін тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алуға мүмкіндік береді. Бір шаршы метрге жалдау құны – Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау қалалары үшін – 1 455 теңге және қалған өңірлер үшін – 1 232 теңге.

 "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ және "Отбасы банк"АҚ компаниялары қатысады. Тиісінше, банктер ұсынатын шарттар да әртүрлі.

Мысалы, ЖАО кезекте тұрғандар үшін "Нұрлы Жер" бағдарламасы бойынша сатып алумен жалға алу білім және медицина саласының қызметкерлеріне арналған. Ол бастапқы жарнаны қажет етпейді және жалдау мерзімі 20 жылға дейін созылуы мүмкін. Жалдау мөлшерлемесі жылдық 3,1 пайызды құрайды. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді.

"Отбасы банк" АҚ тұрғын үй құнының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде талап етеді, ал несие бойынша мөлшерлеме жылдық 5 пайызды құрайды. Осы шарттар сақталған жағдайда банк 25 жылға дейінгі мерзімге қарыздар ұсынады.

 

«Шаңырақ»

Әкімдікте есепте тұрған, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар "Шаңырақ" пилоттық жобасының қатысушылары бола алады.

Алматы және Астана қалалары үшін қарыздың ең көп сомасы — 18 миллион  теңгені, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысы үшін – 15 миллион теңгеге дейін, қалған өңірлер үшін– 12 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Биыл отбасының бір мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері де 133 266,6 теңгеден аспауға тиіс. Несие бойынша мөлшерлеме 5 пайызды құрайды, ал бастапқы жарна сомасы қарыздың жалпы сомасының 10 пайызынан кем болмауы тиіс.

«Азаттық» мәліметтері бойынша, мемлекет бұл бағдарламаға 390 миллиард теңге бөлді. Егер пәтердің орташа бағасын 15 миллион теңгеден алсақ, онда тек 26 мың пәтер беріледі, ал кезекте 540 мың адам тұр.

 

«Алматы жастары»

Бағдарлама 35 жасқа дейінгі алматылықтарға пәтер сатып алу үшін жеңілдікпен қарыз алуға мүмкіндік береді.

«Info homsters»-тің мәліметтері бойынша қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеден 18 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Несие берудің максималды мерзімі – 25  жыл, алғашқы жарна кем дегенде 10 пайыз болуы керек. Мөлшерлеме 5 пайызды құрайды.

Егер жылжымайтын мүліктің бағасы 18 миллион теңгеден асатын болса, өтініш беруші қалған соманы өз қаражаты есебінен толықтырады. Өтінімдер сайтта қабылданады.

Үміткерлер балдық жүйе бойынша бағаланады. Ұпайларға некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс орны мен өтілі, кәсібі, жеке кәсіпкер ретіндегі жұмыс тәжірибесі, Алматыда тіркелу ұзақтығы және т.б. әсер етеді.

 

«Елорда Жастары»

Қарыздың ең жоғары сомасы – 18  миллион теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз. Қатысушылардың жасы 35 жастан аспауы керек.

Астанада кемінде бір жыл тұрақты тіркелген мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ғана қатыса алады. Егер бағдарламаға қатысушы ерлі-зайыптылар болса, онда екеуінің біреуі ғана өтініш бере алады. Отбасындағы бір адамға шаққандағы табыс ағымдағы алты айда 308 718 теңгеден аспауы тиіс. Өтінімдер qatysu2.zhilfond.kz. сайтында қабылданады.

Іріктеуден өткеннен кейін қатысушылар бастапқы немесе қайталама нарықта баспана таңдау құқығына ие.

 

«Әскери баспана»

Бағдарлама әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушысы болу үшін Отбасы банкінен салым ашу қажет.

Тұрғын үйді Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады. Қарыз сомасының ішіне жөндеу шығындары да кіреді. Тұрғын үй төлемдерін үй сатып алуға тек бір рет пайдалануға болады.

Алдын ала қарыз үшін 15 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде алғашқы жарна енгізілген жағдайда сыйақы мөлшерлемесі 25 жылға дейін несиелеу мерзімімен 8 пайызды құрайтын болады.

Егер сіз аралық қарыз үшін соманың 50 пайызын қоссаңыз, онда сыйақы мөлшерлемесі 25 жылға дейін несие беру кезінде 6 пайызды құрайды. Қарыздардың максималды сомасы 90 миллион теңгені құрауы мүмкін.

Жылдық 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі мөлшерлеме бойынша тұрғын үй қарызын алу үшін Отбасы банкіндегі шотта тұрғын үй құнының 50 пайызын жинақтау қажет.

 

«Өз үйім»

«Өз үйім» бағдарламасына қатысуға өтініш берген кезде кемінде 500 мың теңге жинаған Банктің барлық салымшылары қатыса алады. Қатысушылар құрылыс кезеңінде тұрғын үй кешеніндегі пәтерді таңдайды. Таңдау baspana.otbasybank.kz. порталында дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.

Бағдарлама сонымен қатар несиенің үш түрін ұсынады:

Алдын ала несие 20 пайыздан басталатын алғашқы жарнаны қамтиды. Мөлшерлеме 7 пайызды құрайды, содан кейін 5 пайызға дейін төмендейді.

Аралық қарыз 5-7 пайыз мөлшерлемемен соманың 50 пайызын енгізуді білдіреді.

Тұрғын үй заемын алу үшін үш жыл ішінде депозитте жинақтардың 50 пайызы болуы және бағалау көрсеткішінің талаптарына сәйкес келуі қажет. Бұл жағдайда мөлшерлеме 3 пайыздан 5 пайызға дейін болады.

Түріне қарай «Өз үйім» бағдарламасы бойынша қарыздар алты айдан 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бағдарламаның басты артықшылығы – тіркеуге қойылатын  талаптардың болмауы және салық жүктемесін төмендету.

Жас отбасы

Қарыздың ең жоғары сомасы – 100 миллион теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – жылдық  6 пайыз, несиелеу мерзімі – 6 жылдан 9 жылға дейін. Сатып алынатын мүлік кепіл ретінде қарастырылады.

Несиелеу мақсаттарына мыналар кіреді:

Бастапқы және қайталама нарықта пәтер немесе үй сатып алу;

Қолда бар тұрғын үйді жөндеу;

Үй салу;

Жер учаскесін сатып алу.

«Жас отбасы» заемын алу үшін ерлі-зайыптылардың біреуіне немесе екеуіне де Отбасы банкінде депозит ашып, оған кемінде бір жыл қаржы жинақтау қажет. Жинақтау кезеңінде бағалау көрсеткіштері кемінде 5 баллды құрауы тиіс. Кредиттік өтінім беру кезінде тұрғын үй сатып алу сомасының 50 пайызын жинақтау немесе депозитке салу қажет. Депозит ашылған кезде ресми неке бес жылдан аспауы керек.

Біз баспана нарығындағы бүгінгі бағдарламаларға бағыт беруге тырыстық.  «Жас отбасы», «Шаңырақ» құрып, «Өз үйіңіз» болуы - өз қолыңызда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x