Жалпыхалықтық референдум – Жаңа Қазақстанның әділдік аумағын айқындайды

Dalanews 20 мам. 2022 18:54 2444

Жаңа Қазақстанды құрудың жарғысы – Ата Заң екендігі анық. Ол үшін мемлекетіміздің басты құжаты да түбегейлі өзгеруі тиіс. Бұл жолда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдум жариялау арқылы шешім қабылдауды бүкіл халыққа салып отыр. Басты мақсат – тағдыршешті шешімдерді анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысуы қажет. Сондықтан 5 маусым – ел тарихында аса маңызды сәт болғалы тұр. 

Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу жобасын Парламентте қабылдамай, жалпыхалықтық референдумға шығару туралы Мемлекет басшысының шешімі демократиялық қайта құрулардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Қазіргі кезде  Мемлекет басшысының бастамасы ел ішінде қызу талқыланып, көпшіліктен қолдау табуда.

Жалпыхалықтық референдумда Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау қажеттілігі туындап тұр. Олардың ішінде бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру және басқа да біршама өзгерістер бар. Егер реформалардың бүкіл пакетіне мұқият, ең бастысы, бейтарап қараған сәтте, өзгерістер ауқымының бұрын-соңды болмағанын көруге болады.

Біріншіден, Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалардың міндетін нақты белгілеп – билік институттары арасында түбегейлі жаңа конституциялық тепе-теңдік қалыптастыру екенін нақты атап өтті. Қазір суперпрезиденттік биліктің уақыты өтті, қазір еліміздегі ахуал мүлдем басқа. Тұтастай алғанда, бұл оның елдегі барлық қоғамдық процестерді демонополиясыздандыру жөніндегі ағымдағы саясатының қисынына сәйкес келеді.

Ең бастысы – ешкімде артықшылық болмауы керек. Бұл тек экономикаға ғана емес, саясатқа да, оның ішінде Президенттің өзіне де қатысты. Бұл туралы Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында кең көлемде айтып өткен болатын.

Президенттің қолында билік өкілеттіктерінің шоғырлануы тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде, алғашқы нарықтық реформаларды жедел жүзеге асыру, мемлекеттік шекараны ресімдеу кезде қажет болды. Ал, бүгінгі таңда ел алдында тұрған міндеттердің сипаты түбегейлі өзгерді.

Бұрынғыша барлық жауапкершілік пен шешімдер тек бір орталыққа бағытталған модель енді жұмыс істемейді. Қоғамның экономикалық және әлеуметтік құрылымы едәуір күрделене түсті.


Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жыл ішінде қоғамның талабына сәйкес тың өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Ең бастысы – саяси жүйе де осы өзгерістерге сәйкес келуі тиіс.

Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы жүйені «өзі үшін» емес, керісінше қазіргі заманның ақиқатына бейімдеп, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын арттыра отырып құрастыруда.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы айтқандай, «Жаңа Қазақстан әділдік аумағына айналуы тиіс». Онда «туысқандық пен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен ымырашылдыққа» батыл тосқауыл қойылады.

Бұл норма популистік емес, нақты мақсаттарды көздейді. Кез келген өзгеріс биліктің өзінен басталуы керек және Президент мұны өзі үлгі ретінде көрсетіп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, Ақордадан бастау алатын өзгерістер өңірлерде де жүзеге асады. Бұдан былай облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің кандидаттарын келісу рәсімі жаңа тетік бойынша жүзеге асады.


Мәселен, Мемлекет басшысы баламалы негізде мәслихат депутаттарының қарауына әкім қызметіне кемінде екі кандидатты енгізетін болады. Жергілікті депутаттардан көпшілік дауыс алған кандидат келісім алған болып есептелініп, осыдан кейін ғана әкім лауазымына тағайындалады. Яғни, депутаттар іс жүзінде әкімді таңдайтын болады.

Екіншіден, Мәжілістің рөлі және тұтастай алғанда биліктің заң шығарушы тармағының ықпалы елеулі түрде күшейе түсуде. Мұнда аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу өте маңызды рөл атқаратын болады.

Бұл шара заң шығарушы органдардың институционалдық заңдылығын күшейтеді. Сондай-ақ, депутаттардың электоратпен байланысын нығайтады. Мысалы, сайлаушылар бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты қайтарып алу мүмкіндігіне ие болады.

Ал, Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесі артады. Мәжілісті қалыптастыруда 30% мажариторлы, 70% партиялық тізім енгізіледі. Заң шығарушы өкілетті орган үшін бұл тиімді болары анық. Парламентте аймақтағы елдің үнін білдіретін өкілдердің де, заң жобасын дайындаудың халықаралық тәртібі мен қалыптасқан жүйесін меңгерген кәсіби заңгерлердің келуіне жол ашады.

Ауыл халқының күнделікті өміріне қатысты шешімдерді қабылдайтын аудандық-қалалық мәслихаттар 100% тұрғындардардың дауыс беруі арқылы сайланады. Облыстық мәслихатта 50х50 стандарты енеді, яғни жеке мандаттық округте, партиялық тізім де болады.

Сонымен бірге, ауыл, аудан әкімдерін сайлау 100% елдің тікелей дауыс беруі арқылы жүзеге асады. Қазірдің өзінде Түркістан облысында 181 ауыл округінің 80-ге жуығында әкімдер тікелей елдің дауыс беруімен таңдалды. 2024 жылы өңірдегі 2,2 млн тұрғынды басқарып отырған 17 аудан-қала әкімі де халықтың қатысуымен сайланады.

Бүгінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды түсіндіру жүмыстарын жүргізуге «AMANAT» партиясыда белсенділікпен атсалысуда. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен іс-шараларды ұйымдастыру үшін партия республикалық және 17 өңірлік штаб құрды. Олардың құрамына орталықтағы және өңірлердегі «AMANAT» активтері кірді. Аталған жұмыстарды үйлестіруге Парламент пен мәслихаттардағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен өңірлердегі филиалдар атсалысуда. Партия мүшелері өңірлерде және шалғай елді мекендерде сайлаушылармен кездесулер өткізіп жатыр.

Ел үшін осындай маңызды сәтте Түркістан облысындағы партия мүшелері де үгіт-насихат жұмыстарына белсенділікпен қатысуда. Облыстағы партия филиалдары жанынан 18 штаб құрылып, 1132 іс-шарадан тұратын желілік кесте бекітілді. Оның 227-сі Орталық және облыстық деңгейде, 905-і аудандық, қалалық деңгейдегі өтіп жатыр.


Ал, Түркістан облысына 12-19 мамыр және 23-31 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов, Сырым Ертаев іссапармен келеді деп күтілуде. Үгіт-насихат жұмыстарына қатысу үшін 2 толқыннан тұратын жұмыс кестесіне сәйкес олар облысымыздың шалғай елді мекендерінде 197 іс-шараға қатысады.

Бүгінде өңірдің белсенді азаматтары мен «AMANAT» партиясының мүшелері қоғамдық штаб атынан елдің ой-пікірін, ұсыныстарын жинақтауда. Себебі, Ата Заңның үштен біріне енгізілетін өзгерістерге деген халық пікірі маңызды. Ал, Ата Заң баршамызға ортақ қүндылық.

Кездесулерде байқағанымыз, Конституциядағы 6-баптың жер, су, басқа да табиғи байлықтардың халыққа тиесілі болып өзгеретіндігі көпшіліктің көңілінен шығуда. Себебі, бүгінгі күні халқымыз үшін жер мәселесі өте өзекті. Жер мен табиғи ресурстарға мемлекет халықтың атынан меншік құқығын жүргізетін болса, көптеген ауыл тұрғындарының жерге қатысты проблемалары шешілер еді. Яғни осы аталған заң өз деңгейінде жұмыс жүргізсе, халық көтеріп отырған сын-ескертпелерге септігін тигізеді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, ел ішінде жүрген сәтте «еліміздің Конституциясына жиі өзгерістер енгізіліп жатыр» деген сынды жиі естиміз. Сонымен қатар, басқа елдердің, ең алдымен Батыстың мысалдары жиі келтіріледі, негізінде ол елдерде мұндай өзгерістер әлдеқайда жиі кездеседі. Бұл жерде бірнеше тармақтарды ескеру қажет.

Қазақстан – саяси транзитті әлі толық көлемде аяқтамаған салыстырмалы түрде жас мемлекет. Біздің елімізді конституционализм дәстүрі көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан басқа еуропалық және батыс елдерімен салыстыру мүлдем орынды емес.


Өзгерістердің әрбір пакеті біздің еліміздің саяси жүйесінің қалыптасуының нақты кезеңінің рухына сәйкес келді. Осыған байланысты, конституциялық реформаның қарқынды процесін бастан өткерген Азия елдерінің, ең алдымен, Шығыс Азияның тәжірибесі жақынырақ. Сондықтан Конституциядағы өзгерістерді біздің еліміздің жалпы дамуы, оның саяси жетілген, демократиялық қоғамға қарай кезең-кезеңімен қозғалысы тұрғысынан қарастырған жөн.

Осылайша еліміздің саяси жүйесінде біршама өзгерістер орын алды. Биылғы рефендумнан да елдің күтері үміті көп. Референдумнан соң жалғасатын реформалар сайлау, партиялық және сот-құқықтық жүйесін, аумақтық-территориялық құрылымы мен мемлекеттік биліктің бөліну принципін түбегейлі өзгертетіні анық. Қоғамның биліктен күтіп отырғаны да осы.

Сондықтан «Жаңа Қазақстанның» ертеңі үшін баршамыз референдумға белсенділікпен қатысқанымыз дұрыс. Ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасап, азаматтық борышымызды танытайық!

Бейсен ТӘЖІБАЕВ.

(Материал автордың тапсырыс беруімен жарияланды)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар