Белгілі журналист Тед Тёрнер өмірден өтті. Бұл туралы оның отбасы мен NBC News басылымы хабарлады, деп жазады dalanews.kz.
Тед Тёрнер әлемдік медиа индустриясында ерекше із қалдырған тұлға ретінде танылды. Ол тәулік бойы жаңалық тарататын алғашқы арна – CNN телеарнасының негізін қалап, тележурналистика форматын түбегейлі өзгертті. Оның бастамасының арқасында жаңалықтарды тікелей эфирде үздіксіз тарату жүйесі қалыптасып, CNN әлемдегі ең ықпалды ақпарат көздерінің біріне айналды.
Медиа саласынан бөлек, Тёрнер қайырымдылық және экология мәселелерімен де белсенді айналысты. Ол БҰҰ Қорын құрып, ядролық қаруды қысқарту бастамаларын қолдады. Сонымен қатар табиғатты қорғау жобаларына қатысып, АҚШ-тағы ең ірі жер иеленушілердің бірі атанды. Сондай-ақ америкалық прерияларға бизондарды қайта жерсіндіру бағдарламасын қолдап, Captain Planet мультсериалын жасауға атсалысты.
1991 жылы Time журналы Тед Тёрнерді әлемдік ақпарат кеңістігіне ықпалы үшін "Жыл адамы" деп таныған.
Кейін ол Time Warner медиакомпаниясын сатып, ірі медиа мәмілелердің бірін жүзеге асырды. Уақыт өте келе бизнестен алыстағанымен, CNN арнасын құруды өміріндегі ең басты жетістігі ретінде бағалап өтті.
CNN өкілдері Тёрнерді батыл шешім қабылдайтын, тәуекелден қорықпайтын және әлемдік журналистиканың бағытын өзгерткен көшбасшы ретінде еске алды.