Шымкентте балалар тас лақтырғаннан кейін зейнеткер көршілеріне пышақпен шабуыл жасады

Шымкентте балалар тас лақтырғаннан кейін зейнеткер көршілеріне пышақпен шабуыл жасады
muksun.fm

Шымкентте 70 жастағы ер адам балалардың үйіне тас лақтырғанына ашуланып, екі көршісіне пышақ жарақатын салды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға Жаңаталап шағынауданында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кешкі уақытта балалар зейнеткердің үйінің шатырына тас лақтырған. Ашуға булыққан ер адам көшеге пышақпен жүгіріп шыққан.

Алғаш болып оның алдынан көршілерінің бірі шыққан. Кейін екінші ер адам көмекке жүгіріп келген кезде, күдікті оған да шабуыл жасаған. Оқиғаның барлығын балалар көрген.

«Ол ашуын біреуден шығарғысы келіп шықты. Психикалық ауытқуы бар адам ғой. Сол екі адамға тап болды. Екеуі де қазір ауруханада жатыр. Екеуін де сан тұсынан пышақтаған дейді», - деді жергілікті тұрғын Шынар Сахметова.

Зардап шеккен екі адам түнде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларға шұғыл операция жасаған. Екеуінің де жасы шамамен 60-та екені айтылды.

Оқиға орнында қан іздері әлі де қалған. Күдікті сол жерде ұсталған. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.