Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтап, ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметкерлерге алғыс айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент өз құттықтауында бұл мерекенің мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл күні жауынгерлердің ерлігі, рухы мен қайсарлығы дәріптеледі.
«Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақстандық әскери қызметкерлер батыр бабалардың жолын жалғастырып келе жатқанын айтты.
Президент сардарлар мен сарбаздардың халықаралық миссиялардағы, оқу-жаттығулар мен жарыстардағы кәсіби дайындығына да тоқталды.
«Сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары мен түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – соның айқын дәлелі», - деді ол.
Тоқаев Қазақстан армиясы кез келген күрделі міндетті орындауға дайын екенін мәлімдеп, мемлекет қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беретінін жеткізді.
Сонымен қатар Президент Конституцияда көрсетілген Отанды қорғау әр азаматтың қасиетті парызы екенін еске салды.
«Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери антқа адал болып жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, қазақстандықтарға денсаулық, амандық және табыс тіледі.