Жануарға қатігездік жасағандар бес жылға дейін сотталуы мүмкін

Жануарға қатігездік жасағандар бес жылға дейін сотталуы мүмкін
pixabay.com

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жануарларға қатігездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату ұсынылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутат бұл өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, қоғамда жануарларға жасалған қатыгездікке қатысты резонансты жағдайлар көбейген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жануарларға қатігездікпен қарауға байланысты жауапкершілікті күшейту мәселесін қойған болатын. Қазір қоғамда бұл мәселеге байланысты үлкен резонанс бар», - деді Еділ Жаңбыршин.

Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу ұсынылған. Депутаттың айтуынша, кей баптар бойынша айыппұлдар бірнеше есеге өседі.

Сонымен қатар жануарларды азаптап өлтіргендерге қатысты қылмыстық жаза да күшейтілмек.

«Бұрын жануарларға қатысты ең ауыр жаза екі жыл болатын. Қазір бес жылға дейін бас бостандығынан айыру мәселесін ұсынып отырмыз. Мүлкін тәркілеу мәселесі де қаралады», - деді депутат.

Жаңбыршин бұл түзетулердің басты мақсаты қоғамға тәртіп орнату және өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі көрсету екенін айтты.

«Кім жануарларға қатыгездікпен қарайды, кім дұрыс қарамайды, соған заң аясында қатаң шара қолданылатын болады», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы екінші оқылымға дейін әлі де пысықталады.