ҚазАтомға келгендегі мақсатым компанияны банкрот қылу еді - Жәкішев

Dalanews 18 қыр. 2020 08:05 267

ҚазАтомның экс-төрағасы Мұхтар Жәкішев журналист Арманжан Байтасовпен сауалдасып, өткен күндерді ой елегінен өткізген екен. Dalanews.kz осы сұхбатты сүйекті тұстарын оқырман назарына ұсынады.

ҚазАтомға алғаш келгенде...


..компания азып-тозған шаланжансар күйде еді. Нұрлан Балғымбаев ескерткендей мені бұл араға компанияны ың-шыңсыз жауып, банкрот деп жариялау үшін әкелген болатын.

ҚазАтомның қоластындағы қызметкерлерді мүмкіндігінше басқа жерге орналастырып, зауыттың қақпасына құлып салу, міне маған жүктелген міндет осы еді.


Сарапшылар да өндіріс орнының келешегіне күмәнмен қарап, "күдер үзе беруге болады" деген ұйғарымға келген. Ұзын сөздің қысқасы Қазақстанның атом өндірісі жанбай жатып сөнудің аз алдында тұрды.

Компанияға келгеннен кейін екі апта өткесін Үкімет отырысында есеп бердім. Осы кездесуде ҚазАтомды құрдымнан құтқарудың жоспарын ұсындым. Үкімет мүшелері таңданысын жасырған жоқ, әйтсе де компанияны қайта тірілтем деп табандап тұрып алған маған мүмкіндік берді. "Көз қорқақ, қол батыр" дедік те кірісіп кеттік.

Инженерлер Ресейге көшіп кетті


Алғашқы сатыда өнімнің өзіндік құнын төмендетуге тырыстық. Мен келгенде уранның әлем нарығындағы бағасы фунтына 10,5 доллардің төңірегінде еді. Аздан кейін 6,80 долларға арзандады. Өнімнің өзіндік құнын азайтпасақ құзға құлар едік.

Ақыр соңы өзіндік құнды 2,2 есеге,  ақшаға шаққанда 12 доллардан 6 долларға дейін төмендеттік. Шығынымыз азайып, шамалы кіріс кіре бастады.  Келесі кезекте компания мамандарының мәселесін кірістік. Уран кеніштерін шарлап шығып, жұмысшылардың жағдайына жүрдім-бардым қараған немқұрайлылықтың куәсі болдым.

Дәретхана, киім ауыстыру бөлмесі, асханалар адам көргісіз күйде еді. Кемшіліктердің көзін кезең-кезеңімен жойып, осы күнге дейін осының бәріне көніп келген компания мамандарының жұмысқа ықыласын қайта ояттық.


Әлбетте айлық мәселесі шет қалған жоқ. Жұмысшыларға жалақыдан бөлік түрлі сыйақы тағайындап, шабыттандырып отырдық. Жұрт жұмыс орнының қадірін түсіне бастады.

Кадр тапшылығын тарттық. КСРО күйреген тұста Қазақстандағы білікті инженерлердің көпшілігі Ресейге көшіп кеткен-ді. Әдетте әр кеніштің басында 120 инженер жүруі тиіс. 1998 жылы уран кеніштерінде әрі кеткенде 2 маманнан ғана болды. Уран өндіру кірпіш қалау емес. Алгоримі бар, аса бір сақтық пен ұқыптылықты қажет ететін сала.

Қолда бар мамандардан айрылып қалмай тұрғанда солардың көмегімен жас инженерлердің баулып-баптап алу үшін "Кеніш" атты ауқымды бағдарламаны жүзеге асырдық. Кейін әлгі мамандар пенсия жасына жеткен аға буынның орнын ойдағыдай алмастырды.

Инженерлердің жаңа буынын жасақтап алдық.

Біз қалай үздік атандық?


2001-2002 жылдың аралығында компания жұмысынан аз уақытқа қол үзіп қалдым. Қайтып оралғанда ұжымның жағасы жайлау, тоқмейілсіген көңіл күйде жүр екен. Мұның соңы салғырттыққа ұласар еді. Коллективтің етек жеңін жинау үшін өндірілетін шикізат көлемін арттыруға тапсырма бердім. Бастапқыда жылына 7800 тонна уран өндіреміз деген мақсат қойдық. Қызық болғанда бұл көрсеткіштен асып түстік.

Ұжымға сол тұста уран өндіруден көш бастап тұрған Сатесо компаниясын басып озу керектігін айттым. Олар жылына 11000 тонна өндіретін. Біз 15000 тоннаға жетуді көздедік. Жеттік те.

2004 жылы ҚазАтомПром уран өндіруден әлем бойынша бірінші орынға шықты.


Қазіргі технологиялар компанияға жылына 28 мың тонна уран өндіруге мүмкіндік береді, алайда әзіргі өндіріс көлемі 14 мың тоннаға жетер жетпес. Зауыт жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Мен кеткелі 11 жылда ешбір жаңа кеніш ашылмады.

Уран таблеткесін өндіріп, Ресеймен бәсекелескіміз келді


Ең соңғы саты алыс-жақын шетелдегі атом станцияларына тасымалданар уран таблеткасын өндірумен аяқталуға тиіс еді. Атом станциясына арналған отын осы. 2009 жылы аса күрделі технологиялық жұмысты жолға қойып, Батыс пен Ресейдің станцияларына уран таблеткасын тасымалдаудың алдында тұрғанбыз. Алайда мен ұсталып кеттім.

"Сатесо" компаниясымен уран таблеткасын әзірлейтін зауыт салуға уағдаласқанбыз. Қазақстан аумағында уран өндіру әрі оны байыту жөнінде ресейліктермен ортақ ұйғарымға келген едік.

Жапондармен жүздесіп, олар Қазақстанда жасалған уран таблеткісін сертификаттайтын болып сөз байласқанбыз. Таблеткі сапа сүзгісінен өтіп, жоба сәтімен іскен асқан жағдайда Жапония бізден жылына 800 тонна таблеткі тұрақты сатып алып тұрар еді.


Алайда мен ұсталып кеттім. Жапондар келіссөзден бас тартты. Жоба іскен жағдайда Қазақстанда жасалған уран таблеткісі Қытай мен Үндістанға да тасымалданар еді. Осының нәтижесінде РосАтомның советтік үлгідегі таблеткісіне тәуелділік азайып, нарықта балама пайда болар еді.

Жастүріктер


Біздің буынды "жастүріктер" деп тектен тегін атамаса керек. Бір қызығы біздің ізімізді басып, жолымызды жалғастырар кейінгі толқынмен арадағы сабақтастық үзілді. Бізге өз әлуетімізді паш етер мүмкіндік берілді ме деймін. "Жастүріктер" қосынына кіретін менің құрдастарымның көпшілігі тамыр-таныссыз, өз қажыр-қабілетінің арқасында көтерілді.

Ол тұста мемлекеттің бізге мойын бұрар мұршасы жоқ еді. Ол тұста табыс табудың жар деген дегендегі жалғыз көзі – сауда-саттық болатын. Мемлекет алыс-беріске араласып, сұғанақтық жасаған жоқ. Бұл салада табиғи сұрыптау заңы мүлтіксіз жұмыс істеп, таза, әділ сайыста топ жарып шыққан "жастүріктер" шоғыры қалыптасты.

Қазір ме, қазір кәсібін емін-еркін дөңгелетер дәуір келмеске кеткен, нарықтағы әділ бәсекенің орнын монополия алмастырған.


Біздің тұсымыздағы әділетті һәм креативті конкуренция қайта оралса "жастүріктердің" жаңа буыны қалыптасар ма еді. Бұлар Қазақстан экономикасының мотиваторына айналып, елде жаңа бизнес элита пайда болар ма еді...

Лукашенко?


Халық өзі тағдырын өзі айқындауға тиіс.

Билікті меншіктеп алған бір адамның тұтас ұлттың атынан шешім қабылдап, халықтың талғамы мен таңдауына қарсы келуі таза ақымақтық.


Халық қалай күн кешкісі келеді, мемлекетті басқаруға кімді лайық көреді бұл оның құқы мен құзырындағы нәрсе. Халықтан асып қайда барасың. Бұл бұлжымас байлам.

Ел Лукашкенодан әлдеқашан теріс айналып, күдерін үзген.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x