Түркістан облысында мас жүргізушілер азаймай тұр

Dalanews 18 қыр. 2020 08:58 276

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері мас халде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты талаптарды қатаңдатты. Заңнамада көлік жүргізуші мас халде автокөлік басқарған жағдайда оны 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке қамауға алу шарасы көзделген, деп хабарлайды zakon.kz ТО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Десек те, бұған қарамастан арамызда мас халде көлік тізгіндейтіндер қатары азаймай тұр. Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп отырады. Оның ішінде масаң күйде көлік басқару жайтын болдырмауды қатаң бақылауға алған. Тәртіп сақшылары жолдағы құқықбұзушыларға сан алуан рейдтік шараларды қолдануда. Әсіресе аудандық патрульді полиция қызметкерлері түнгі уақыттарда рейдке шығуды әдетке айналдырған.

Осындай атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 614 жүргізуші ұсталып, 606 іс сотқа жолданған.


Заңбұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру" бойынша хаттамалар толтырылған.

Оның ішінде 524 азамат әкімшілік қамауға алынып, 48-і жүргізуші куәлігінен айырылған. Оған қоса мас күйінде көлік басқарғандар 11 жол-көлік оқиғасына себепші болған. Аталған жол-апаттары салдарынан 1 адам қайтыс болып, 16 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алған.

Облыстық полицейлерге жолда жүру ережелерін бұзушыларды анықтап қана қоймай, оларға түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізу міндеті де қойылды. Себебі жол-көлік оқиғалары көбіне рөлге мас күйінде отырған азаматтардың жауапсыздығынан орын алады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы жол-көлік оқиғасын туындатады. Сондықтан жолда жүргенде жол ережесін сақтап, ұдайы ұстанған жөн.

Оның ішінде Кентау ҚПБ-нің қызметкерлері де жол қауіпсіздік ережесінің сақталуын қатаң бақылауға алған. Қазіргі таңда күнделікті күшейтілген режимде күні-түні жұмыс атқаруда. Басты мақсат түрлі жол-көлік апаттарын болдырмау, әрбір жолаушының үйіне аман-есен жетуі, сондай-ақ еліміздегі карантинге байланысты шектеулерге сай жұмыстар жасау.

Осындай кезекті жұмыс түнінің бірінде патрульдік полиция тобының инспекторлары "ВАЗ" маркалы көліктің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпағанын байқап тоқтатады. Тексеру барысында жүргізушінің мас халде екендігі белгілі болады. Зерттеу қорытындысына сәйкес көлік иесі "орта дәрежедегі мас халде" көлік басқарғаны анықталды. Жүргізушінің аталған іс-әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен тіркеліп, іс сотқа жолданған. Қалалық соттың қаулысымен құқықбұзушы кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ, қала көшелердің бірінде бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, жол ережесін бұзған тағы бір жеңіл көлік тоқтатылды. Тексеру барысында "Volkswagen" маркалы көліктің жүргізуші мас халде көлік басқарғаны айқындалды. Хаттама толтырылып, іс сотқа жолданған. Аталған жүргізуші де соттың шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға әрдайым абай болу және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Тәртіп сақшылары жылдамдықты асырмауды, маневр жасау ережелерін бұзбауды, қарсы қозғалыс жолағына шықпауды және басқа да құқық бұзушылықтады жасамауды ұсынады. Ең бастысы ішімдік ішіп көлік тізгіндемеңіз. Бұл өз өміріңізбен қатар, өзгеніңде өміріне қауіпті болмақ, — деп ескертеді жол сақшылары.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар