Синоптиктер 10 қазанда Қазақстанның жеті қаласында ауаның ластануына қолайлы метеорологиялық жағдай қалыптасатынын ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандардың мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Теміртау және Қарағанды қалаларында күтіледі. Ал түнде Жезқазғанда да осындай жағдай болуы мүмкін.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты ауадағы зиянды заттардың жерге жақын қабатта жиналуына ықпал ететін факторлардың жиынтығы.
Синоптиктердің түсіндіруінше, мұндай кезде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Ауаның ластану деңгейіне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы сияқты факторлар әсер етеді.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде көшеде ұзақ уақыт жүрмеуге кеңес береді.