Тайжан: "Тоқаев тоқталмай кеткен 7 мәселе"

Dalanews 11 мам. 2020 14:39 249

Танымал саясаткер, Ұлттық кеңестің белсенді мүшесі Мұхтар Тайжан президент Тоқаевтың бүгінгі баяндамасына көңілі толмайтынын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Тоқаевтың мәлімдемесін тыңдадым. Көңілім толмады. Экономикаға қатысты тұсы тым шикі.  Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесі Назарбаевтың осыдан 5-10 жыл бұрынғы баяндамасынан айырмашылығы шамалы болды.

Сол баяғы сарын. 7 - 20 - 25 - тің орнын 5 -10 - 20 алмастырды. Тұрғын үй банкінің орнына Отбасы банкі келді. 


Өзгерген - бағдарлама атауы мен банктің маңдайшасындағы жазу ғана. Ал түпкі мәні сол баяғы", – дейді Тайжан.

Оның пікірінше мемлекеттің ақшасын үнемдеу "Астана" қаржы орталығы секілді "қайырсыз" жобаларды жабудан басталады. 


"Экономикада сұраныс болмаса, халық тақыр кедей болса, кредитті қалай алады? Статистикаға қараңыз, 7 - 20 -25 бағдарламасы өз-өзін ақтаған жоқ. Күл-пәршә болды. Қайта қателік жіберудің қажеті бар ма?

Мемқаржыны ірі бизнеске көмектесуге бағыттау да ақылға сыймайды. Әрбірден соң бұл нарықтағы әділ бәсекені буындыру.  Соңғы 20 жыл бойына осыны естіп келеміз. Түзелгеніміз шамалы. Керісінше күйзеліске түсіп, жемқорлар халықтың ақшасын талан-таражға салуда.

"Астана" қаржы орталығын мүлдем жабу керек. Тоқаев болса оны "қайта тірілтеміз" дейді. Бұл мемлекеттің ақшасын рәсуалау. Қаржы орталығынан халыққа қайыр жоқ!", – дейді саясаткер.

Оның айтуынша прогрессивті салық салу да - жақсылыққа әкелмейді. Мемлекеттің мақсаты - байлармен күресу емес, керісінше кедейлердің санын азайту болса керек. Айналып келгенде мұнда да коррупцияның көрігін қыздыратындар ұтады.

"Бұл баяндамада квазисектордың үлесін төмендету;

Жекеменшіктің құқын қорғау;

Сот билігін күшейту;

Монополизмді тізгіндеу;

Мемлекеттік шығынды азайту;

Экономикада әділ бәсеке орнату туралы мәселе көтеріледі деп болжағанмын. Үміт ақталмады. Баяғы жартас, сол жартас екен. Тиісінше, нәтижесі де баяғыдай болады. Өкінішті...

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x