Ерлан Қарин: «Президент бастамаларын жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталады»

Dalanews 06 ақп. 2020 07:17 277

ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Президенттік бастамаларды жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталғалы жатқанын мәлім етті.

– Осыған дейін хабарлағанымдай, Ұлттық кеңестің екінші отырысынан кейін, Президент Әкімшілігінің жетекшісі қолымен Президенттің жаңа бастамаларын жүзеге асыру бойынша Жоспар бекітілді. Осы жоспарға сәйкес тиісті мемлекеттік құрылымдар қаңтар айында саяси реформалар бағытына қатысты әр бастама бойынша заң жобаларын дайындау қажет болатын.

Бірнеше күн бұрын бұл жұмыс аяқталды. Енді президенттік бастамаларды жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталғалы жатыр.


Заң жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін, ғылыми лингвистикалық экспертизадан өтіп, және Үкіметтің отырысында талқыланғаннан соң, олар Парламентке қалыптасқан тәртіпке сәйкес қарастыруға енгізіледі, – деп жазды Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ, Ерлан Қарин Президент Ұлттық кеңестің екінші отырысында жариялаған бастамалары белсенді жүзеге асырылып жатқанын алға тартыпты.

Еске сала кетсек, 20 желтоқсан күні елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысын өткізген болатын. Мемлекет басшысы табысы аз отбасылардың балалары нақты қолдау шараларымен қамтылатынын жеткізіп, Үкіметтің алдына ашық әрі әділ атаулы көмекпен қамтамасыз ету міндетін қойды. Президент мемлекеттің тек мұқтаж жандарға ғана жәрдем беруі тиіс екенін жеткізді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x