Тәуір көршіге жарығамыз жоқ

Dalanews 09 қаз. 2017 11:01 253

Ал енді қазақтың рухы, мінезі, талабы, жігері қандай? Мәдениетті Европаға, тез жетілген Японияға қазақтың мінезі жанаса ма? Европа адамы табанды. Жабысқақ, ісшіл, зерек, ерінбейтін жансебіл келеді.

Япония да сондай тірі, пысық, жігерлі жұрт. Біздің қазақ ше? Өзімізден озық жұрттарда жоқ «жақсы» мінездің бәрі бізде: керенау, кежір жалқау, салқам, табансыз, басын бастап, аяғын тастап жүре беретін, жуырда селт етіп ұмтылмайтын, өзіне өзі сенбейтін, өлі сүйектік, ездік – бәрі біздің ауылда, қайтіп үміт қыларсың?!

Адамшылық, кісіге пайда тигізу, ел қамын ойлау, өнер, білімге ұмтылу деген сияқты жақсы ой, таза ниет қазақта әлі жоқ. Бас пайдасы, құлқын, мақтан, атақтан басқа қасиетті жоғары мақсат аз. Оқығандар болмаса, жалпы жұртқа кірген жоқ. Жазылған, айтылған жақсы ақыл, шын сөз желге кеткенмен бірдей, жұқпай өте шығады. Баспасөзге құмар болып, қолтықтап, қаламы, қаржысымен кемек керсетуші аз, бұл нені көрсетеді?

Қамыңды қыл, балаңды оқыт, милиция бол, қазына толтыр, шаруа түзет, уақ қарыз серіктігін, ұйым дүкендерін аш, бірік, сыбағаңды жіберме, малыңды бір қолдан өткіз, пұл алсаң елге әділдікпен тарат, бірлік қыл, партияны таста, араздықты қой, ұрлығыңды жой, аурудан сақтан, таза бол деген сияқты талай қамқорлық сөздер айтылып жатыр. Бұларды орындаған жұрт қанша?.. 

Білгені істемейді, наданы білмейді, білейін деп ұмтылмайды. Жұртта жапатармағай оянған бір сезім, өзгеше бір ұмтылыс, бұлқыныс артық байқалмайды. Партиясын қойған, ұрлығын тыйған, береке қылған ел бар ма? Бұл халықтың рухын мәдениетке даяр еместігін, әлі тұнық жатқандығын, жуырда қатарға кіре алмайтындығын көрсетеді.

Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, надандық, ескі ғұрып, ғадат. Бұл қашаннан бойға сіңген дерт. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатесін жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді.

Тәртіпті мектеп-медреселер жаңа ашылғалы жатыр. Олардың бөгетсіз іске асып, қандай жеміс беруі әр түрлі мәдени, мағлұм, саяси шарттарға байлаулы.
Саясат жүзінде һәр халықтың өз билігі өзінде болуы бәсекелесіп, тез жетілуіне бір үлкен себеп. Қазіргі саяси қаліміз, мемлекет құрылысымыз не болары әзір белгісіз. Автономия алу мәселесі мен қазақтың тез жетілу мәселесі байлаулы деуге болады. 

Осы уақытта Россияда неше түрлі үкімет туып отыр. Олардың ішінде қазаққа автономия бергісі келмей отырғаны да бар. Ішіп-жеп, азық қылып үйреніп қалған жұрт тіліне тәтті, тісіне жұмсақ қазақтан айрылғысы келмейді.
Қазақ сияқты жұрттар автономия болса, Россия бөлек-бөлек мемлекет болса, күші азаяды деп ойлайды.

Ол адасқандығы, Россияны тез жетілсін демегені. Германия, Северный Американский Соед Штат, Швейцария неше автономиялы халықтардан құралған мемлекеттер. Олар кімнен осал болып отыр. Бізге автономия бермеймін дегені – жерімізге, елімізге қызыққаны, қомағайлығы, өзімшілдігі. 
Ішке айбар, сыртқа қорған болатын ғаскерсіз қай жұрт болсын. Жұрттығын сақтап, ілгері баса алмайды. Онан соңғы зор керек қазына пұл. Екеуі де жуырда көңілдегідей бізде самдай болады деуге болмайды.

Ілгері тез басуға себеп болатын көршілес халықтардың, мәдениетті болмағы. Бір көршіміз Япония өнерлі болғанмен жері шалғай, Қытай өзі ылғи қотан ақсақ, шылғи надан Бұхара о да тоғышар, Ауған, Фарсы шала, орыс өзі шикі, не қылса тәуір кершіге жарығамыз жоқ.
Міне, осы жоғарғы айтылған себептерді дәлел қылып, қазақ жақын арада жұрт қатарына кіре қояды деген пікірді асығыс көремін. Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады.
Сүйекке сіңіп, бойға жайылған қараңғы надандық қазақтың бойынан тез шығып, қазақ буынын бекітіп, оңалып жүріп қеткенше тамыздықтап талай жылдар өтіп кетуі мүмкін.

Қатты ұйықтаған алыпты қатты соққан боран, шатырлаған жай, сатырлаған оқ оятпаса, ірге желінің түрткенін, масаның ызыңдағанын, бүргенің шаққанын, тұрымтайдың шоқығанын елең қылып серпіліп оянбайды. 

Жұрт – сол ұйықтаған алып. Ызыңдаған тиіп-қашпа сөзіңді, кемеліне келмей, ұйқысы қанбай құлағына алмайды, міз бақпайды. Қазақ шаң жұтып, тесік өкпе болып соғыс көрсе, ер басына күн туса, қысылса, тез серпіліп оянар еді, ерленер еді, білімге тез бет қояр еді (қырғын көріп жатқан Жетісу елінің жан себіл ерлігі бұған дәлел) бірақ ғылымсыз, өнерсіз надан жұрт соққы көтере алмай шаруасы күйзелген соң басқа кәсіп тауып, жан сақтай алмай азып, тозып, құрып қалуы мүмкін. Ондай күнді қазақтың басына салмасын, мимырттап жетер.

Мұхтар Әуезов,
«Абай» журналы 
1918 жыл, №9


Дереккөз: Ұлт порталы 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x