Оқулық дауы. Бекболат Тілеухан неге ант-су ішкендей болды?

Dalanews 14 нау. 2017 03:24 262

Ата-аналар мен оқушылардың көптеген арыз-шағымынан соң, шенеуніктер арнайы комиссия құрып, барлық кітаптардың мектеп бағдарламасына сәйкестігінен бастап, әріп қателеріне дейін тексермекші, – деп хабарлайды КТК арнасы. Тек соның нәтижесіне комиссия мүшелерінің өзі күмәнмен қарап отыр. Бүгінгі алғашқы отырыста-ақ мәжілісмендер Білім және ғылым вице-министрімен шекісіп қалды. Оқулықтардағы қатені шұқып көрсеткен Бекболат Тілеухан ұнамай қалса керек, министрдің орынбасары депутаттың әрекетін «көзбояушылық» деп атады.

Мектеп оқулықтары төңірегіндегі дау өршімесе басылатын түрі жоқ. Әсіресе, кітап беттерінде өріп жүрген қате, түсініксіз тапсырма оқушылар мен ата-аналарды әбден мезі еткен. Ол аздай, оқулықты реттеуі тиіс комиссия мүшелері мектеп бағдарламасынан тағы да шикіліп тауып отыр.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан:

– Қазақ тілі мен әдебиетті неге біріктіріп жіберген? Геометрия мен алгербраны біріктіруге болмайтын сияқты тіл деген грамматика, әдебиет христоматиялық негізде. Ол неге біріктірілген? Қате. Сосын мына қазақ әдебиетіне еңбек және климаттық жағдай дегеннің қандай қажеті бар?

Мұндай қателерді түзету үшін комиссия мүшелері оқулықты дайындау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Яғни, кітап әзірлеуді қазіргідей бәсекелес ортаға бермеу керек. Өйткені, баспамен айналысатын бизнесмендер ақша табуды ғана көздеп, оқулықтың мазмұндық сапасына салғырт қарайды. Бірақ, мұндай ұсыныс Білім вице-министріне ұнамай қалған секілді. Тіпті, Эльмира Суханбердиева сөз арасында Тілеуханды көзге түскісі келетін «популист» деп айтып қалды.

– Популизм емес, Эльмира. Бұл жанымның ауырған нәрсесі. Популизм емес. Уааллахи популизм емес. Құдайдың атымен ант етейін популизм емес, – деп Бекболат Тілеухан вице-министрдің алдында ант-су ішкендей болды.

– Беке біз оны алып тастыдық қой.

– Алып тастаған жоқсыздар! Сөз бөлмеңіздер.

Бұдан кейін де депутат пен вице-министр біразға дейін дауласты. Өзін «популист» дегенге қатты ренжісе керек, Тілеухан жиын соңында шенеуніктің тағы бетін қайтарып тастады.

– Бекболат Тілеухан мырзаға алғыс айтқым келеді. Неге десеңіздер, қаншама осындай пәндік комиссияның ішінде депутат бар қатысқаны біреу ғана. Ол Бекең. Осы кісі ғана бізге көмектесіп жатыр.

– Көмектесіп жатқаным жоқ мен қарсымын. Мен бұған көмектеспеймін. Құдай бұған көмектесіп, ұрпақтың қарғысына қалудан сақтасын, – деді.

Осылайша, мектеп оқулықтарын реттеуі тиіс комиссияның алғашқы отырысы айғай шумен аяқталды. Енді олар еліміздегі барлық баспалардың кітабын тексеріп, мектеп бағдарламасына сәйкестігін тексеріп шығуы тиіс. Сөйтіп, оқулықтағы олқылықтар түзеледі деген үміт бар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x