Дінтанушыны молдамен шатастырғандарға: «Даурықпай, жақсылап түсініп алыңыздар!»

Dalanews 29 мам. 2021 17:55 180

Жақын-жуықта әлеуметтік желіге еліміздегі дінтанушы мамандардың жетіспейтіндігі жайында жазылған мақаланы бөлісіп, әр облыстағы мемлекеттік университеттердің жанынан дінтанушы (теолог қой) мамандар даярлау керектігін айтып, ойымызды ортаға салғанымызда, дінтанушыны қожа-молда деп ұғатын ағайын «жұрттың бәрін молда қылғанда не ұтамыз?» деп басқа қиырға шауып кетіпті. Бұл қате түсінік.

Осы ретте бірден мәселенің басын ашып алайық. Дінтанушыны мешітте азан шақырып, өлген адамды кебіндеп шығарып салатын молда-қожамен шатастырмаңыздар! Дәл қазір облысты айтпаған күннің өзінді 100-200 мың адам тұратын ауданнан жөн білетін бір дінтанушы маманды шаммен іздесеңіз, таппайсыз. Бұл сөзімізді ешкім жоққа шығармасы анық.

Бүгінде әр аудандағы Ішкі саясат бөлімі жанынан дін мәселесімен айналысатын бір маман жұмыс істейді. Бұдан басқа жергілікті жердегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері де дін мәселесіне бақылайтынын білеміз. Солардың бәрі дін саласын жетік біледі деп айту қиын. Білікті маман болмағаннан кейін бұл штатта шамаданды көңіл-күйде жүрген кім көрінген жұмыс істейді.

Сол себепті жастардың адасушылығы, өзге ағымның шылауында кетуі тыйлмай тұр. Егер біздер жібі түзу дінтанушы мамандар даярлайтын болсақ, олар аудандық ішкі саясат, жастар бөлімінде жұмыс істер еді.

Өкінішке орай, біздер дінтанушы мешітте жұмыс істейтін молда деп түсінеміз. Бұл қате ой. Керек десеңіз, білікті дінтанушы кез келген аудан әкімінің орынбасары болып, тұтас ауданның идеологиялық жұмысын басқара алады.


Дәл қазір таңда аудан әкімінің үш-төрт орынбасарының бірі дінтанушы маман болуы керек. Аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасары болмаса да, идеология саласы бойынша орынбасары болуы шарт. Облысқа ауызын ашып қарап отырған әкімдердің аудан экономикасын қарық қылып дамытып жібергенін естіген де, көрген де емеспіз.

Керек десеңіз, дінтанушылар мектепте тарихтан сабақ беруіне де болады. Қазақ қоғамы дінтанушы маманның қызмет ауқымы кең екенін түсінуі керек. Біздер дінтанушыларды басына сәлде орап, ақ шапанын киіп алып, мешіттен шықпайтын молдалармен шатастырмауымыз керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x