Бауыржан Қарағызұлы: «Жырларым корей тілінде жарық көретін болды»

Dalanews 26 қар. 2015 07:43 269

Ақын Бауыржан Қарағызұлы Оңтүстік Кореяның  Кванджоу қаласында  «Азия мәдениет орталығының» ашылу салтанатына Қазақстан атынан қатысып жүр. Осы шара аясында ақыннның балаларға арналған «Алдар көсе» атты кітабы да корей тілінде жарық көрді. Автордың айтуынша, кореялықтардың өтініші бойынша қазақтың ежелгі аңыздық кейіпкерлерін корей тілінде сөйлету керек болыпты. Бұған Бауыржан Қарағызұлы Алдар көсені ұсынған. Алдар көсенің типтік образына айрықша қызыққан олар мұны корей тілінде шығару үшін жинақтап, сұрыптап, жаңа заманға бейімдеп әзірлеп беруін сұраған. Кітап корей суретшілерінің безендіруімен мыңдаған таралыммен жарық көріп отыр. Біз Б. Қарағызұлынан осы шара жайында аз-кем әңгімелескен едік.

[caption id="attachment_12543" align="alignright" width="365"]12301572_949000838483128_8165647680109802859_n Бауыржан Қарағызұлының корей тілінде жарық көрген кітабы[/caption]

– Бұл шараға Азия елдерінің Мәдениет министрлері, вице-министрелері, зиялы қауым өкілдері, ақындар мен жазушылар, мәдениеттанушылар қатысты. «Азия мәдениет орталығы» - аты айтып тұрғандай құрлықтағы әртүрлі елдер мен ұлт, этностардың мәдени байланысын нығайту, бірін бірі сырттай емес, іштей тануға, араласуға көпір болу. Орталық Азияның әр елінен бір кісіден делегат шақырылды. Қазақстан тарапынан мен қатыстым. Мәдениет орталығы ашылардан он шақты күн бұрын келдік. Ерте келудегі себебіміз, кітаптың аудармасымен танысу, оның безендірілуін көру әрі аңыз кейіпкерінің ұлттық мәдениеттегі орнын түсіндіріп, суретшілермен бірігіп жұмыс істеу еді. Бәрін тыңғылықты ойластырған корей халқының ыждағаттылығына, жауапкершілігіне тәнті болдым. Менің кітабыма иллюстрация жасаған кәрістің суретші қызы Пак Сэ Ёнг өте алғыр екен. Менен Алдар көсе туралы, ол өмір сүрген заман жайында сұрай отырып, қазақтың кейіпкерін кәрістің аңыз әңгімелерімен байланыстыруға тырысты. Мұнысы кәріс балаларын баураудың жолы болса керек. Сондай-ақ, ұлттық кейіпкердік өзіндік ерекшеліктерін де естен шығарған жоқ. Әр аңызға жаңаша мазмұн беруге талпынды. Кітаппен жұмыс жасаудың корейлік үлгісін көріп, таңырқадым. Біздегі баспалар секілді, интернеттен мазмұнға сай сурет тауып, соны келсін-келмесін бояй салған жоқ. Әр детальға мән берді.

– Бұл кітаптан бөлек, қандай игі дүниелермен таныстың? Корей әдебиетінің бүгінгі жағдайы туралы сөйлесе алдың ба?

– Кәріс қаламгерлерімен танысудың да орайы келді. Әрине, бір сапар аясында бәрімен қоян-қолтық араластым дей алмаймын. Біраз ықыласты әңгіме, өзара сұхбаттар болды. Қазақстанның, Орталық Азияның мәдени өмірі олар үшін таныс әрі бейтаныс екен. Таныс болатыны, корейлер, түп тегіміз бір, арғы тарихымыз ортақ деп түсінеді. Бейтаныс болатыны, бүгінгі Орталық Азия әдебиетін, мәдениетін көп біле бермейді. Бұған кінәлі олар емес қой. Мені таңғалдырғаны, «Корей әдеби аударма институтының» жұмысы болды. Толықтай мемлекет қаржыландыратын мекеменің басшысының айтуынша, институт кәріс әдебиетін шетел тіліне аударумен айналысады екен. Бір емес, 30 ұлттың тіліне аударма жасайды. Әрі сол тілдерден өздеріне тікелей қотарады. Білікті, білімді ұлттың істер тірлігі. Талантты әдебиетшілерді жастайынан шетел тілін білуге ұмтылдырып, арнайы оқытып, аударма жасау ісіне баулиды және оларға осы институттан жұмыс береді. Мұндай мекеме дәл бізге керек екенін түсінесің және оған мойын бұра қоятын шенділердің жоқтығына налисың. Әйтпесе, тұйық шеңбердің ішінде жүріп, бәрінен біз мықтымыз деудің қаншалықты күлкілі екенін ұғынар кез әлдеқашан жеткен жоқ па?!

– Бәлкім, мемлекетке сүйенбей, белгілі әдеби бірлестіктер осындай жұмысты өздері қолға алғаны жөн шығар?

Бауыржан1– Бізде әдеби бірлестіктер көп. Егер шындап қолға алам десе, 30 тілге аудармай-ақ қойсын, тым құрығанда 7 тілге – ағылшын, орыс, қытай, жапон, кәріс, француз, неміс тілдеріне аудармашы дайындауға болады. Қазір жас таланттар, ақын-жазушылар көп. Жұмыс таппай сенделіп жүргендері қаншама? Соларды арнайы екі-үш жыл оқытса, «Болашақ» секілді бағдарламамен шетелге жіберуге күш салса, және олардың білімін оңды пайдалануға талпынса, мемлекеттен грант алуға, қаржылай көмек сұрауға болады. Мысалы, белгілі бір университет әдеби аударма жасайтын мамандарды тәрбиелесе, оған жазуға қуаты бар жастарды қабылдап алса, еш қиындық болмас деген ойдамын. Осының бәрін ұйымдастыратын ұқыпты жұмыс керек. Білікті топ керек, Менеджерлік керек. Бізде "аударма ісі" деген мамандық бар. Онда оқитындар әртүрлі шетер компанияларына жұмысқа тұруды көксейді. Кәсіби әдеби, философиялық, әртүрлі мамандықтар бойынша жүйелі аударма жасайтындар жоқтың қасы.

– Бүгінгі корей әдебиеті туралы өздері қалай ойлайды екен?

– Корейлердің драматургиясы, киносы, театры ерекше дамыған. Демек, әдебиеті де осал емес. Егер әдебиеті заманауи үрдістердің бәріне жауап беретіндей деңгейде болмаса, басқа өнер саласы да дамымас еді. Біздегі сияқты, олар да кітап оқудың сиреп бара жатқанын айтады. Бірақ, бәрібір олардың кітаптары он мыңдаған таралыммен шығады әрі сатылады. Кітап саудасы дамыған. Қаламгерлердің әдеби агенттері бар.

Бұдан бөлек қандай жаңалықтар болды?

– Аударма институты басшылығымен кездесу кезінде Орталық Азия әдебиеті туралы жақсы әңгіме өрбіттік. Олардың қызығушылығы бар. Қазақ әдебиетін аударуға ынталы. Тек соның көзін тауып, жөнін нұсқар арнайы мекеме яки бірлестік керек. Құдай бұйырса, асылық болмасын, келер жылы менің кітабымды кәріс тіліне аударуға уәде етті. Оның бәрін уақыт көрсетеді.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x