Шерзат ісіндегі екі қыз кінәлі деп танылмаған және сот бұл шешімді өзгерте алмайды - адвокат

Көркем Алдабергенова 08 мам. 2025 14:48 279

Қазақстандық белгілі адвокат Жохар Өтебеков Шерзат Болаттың қазасына қатысты шығарылған үкім қазақстандықтардың көңілінен шыға ма дегенге күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұл туралы «ГиперБорей» YouTube-арнасына берген сұхбатында айтып, көп азаматтар бұл істе айыпталушылардың барлығы адам өлтіру бабымен сотталып жатыр деп ойлайтынын түсіндірді.

Адвокаттың сөзінше, Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тоғыз адам жауапқа тартылып жатыр. Алайда олардың барлығы кісі өлтіру бабымен айыпталмаған. Мәселен, кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпталып отыр және оның сотталмай қалуы мүмкін.

— Жәбірленуші тарап оны кешіріп, босатуды сұрап отыр, — деді Өтебеков.

Қоғамдық пікірдің қалыптасуына әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазба қатты әсер еткен. Соның салдарынан жұрт сотталушылардың барлығын бірдей кісі өлтіруші ретінде қабылдайды. Алайда Өтебеков бұл түсініктің дұрыс еместігін айтып өтті: айыпталушылардың ішінде тек Абзал Шынасыл ғана «кісі өлтіру» бабымен айыпталып жатыр. Ал Равиль Сакиев екеуі Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа «қастандық жасау» бабы бойынша жауап береді.

Ал қалған айыпталушыларға прокуратура қару қолдана отырып бұзақылық жасады деген айып таққан. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза — жеті жыл.

Адвокат сонымен қатар оқиға орнында болған екі қызға қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, олар кінәлі деп танылмаған және сот бұл шешімді өзгерте алмайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар