Заң саласының сардары

Dalanews 19 окт. 2023 08:18 1250

Заң ғылымдарына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің бірнеше буыны бар.Сол қатарды толықтырушы тұлғалардың бірі әрі бірегейі Сұлтан Сартайұлы Сартаев.

С. Сартаевты заңгер ғалым және қоғам қайраткері ретінде тек Қазақстанда, ТМД мемлекеттерінде ғана емес, Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде біледі. Ол екі Бүкіләлемдік конгреске белсенді қатысып, баяндама жасаған. 1955 жылдан бастап республиканың ірі заң жобаларын жасауға атсалысуда. Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің ХІІ-ХІІІ шақырылымының іскер депутаттарының бірі ретінде тілдер туралы Заңдардың, Республика Президентінің Қызметін тағайындау, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңын, Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заң жобаларын жасауға қатысқандардың бірі. 1980 жылы Мальтада Халықаралық саяси ғылымдар қауымдастығы (МАЮД), 1984 жылы Грекияда, 1988 жылы АҚШ-та, 1991 жылы Аргентинада, Еуропа мен Азияның жеті мемлекетінде: Испанияда 1982 жылы, ГФР-да 1989 жылы және 1992 жылы, 1993 жылы АҚШ-та адам құқығының ең маңызды мәселелері бойынша дәрістер оқыды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Президент Кеңесі – Республика Президенті жанындағы бас Кеңес органының 9 мүшесінің бірі болған, Президент жанындағы ҚР сотымен сотталғандарға кешірім жасау Республикалық Комиссиясының Төрағасы болды. Ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің теориялық семинар жетекшісі болды. Сонымен қатар “Парасат” және “Еуразия” журналдары редакциялық алқасына мүшелік етті.

     20 жылдан астам уақыт Кеңес заңгерлері қауымдастығының, Кеңес саяси ғылымдар қауымдастығының жұмыстарына араласты. Қазақстан Республикасының тарихындағы алғашқы Қазақстан заңгерлері Одағының президенті, КСРО заңгерлер Одағы төрағасының орынбасары болды.


Қазіргі кезде Қазақстан заңгерлері қауымдастығының төрағасы. Қазақстандағы мемлекеттік емес бірінші жоғары оқу орнының бірі – Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтының (КИПМО) ректоры. Оның ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық және 30-ға жуық кандидаттық диссертация қорғалды.490-нан астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектері, соның ішінде 24 монография, 30 кітапша, ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары бар. Қазіргі кезде оның басылуға ірі көлемді еңбегі – “Кеңес шарты” бойынша материалдар мен құжаттардың 25 томы және ҚР мемлекет және құқық тарихы бойынша 10 томдық материалдары бар екенін еске сала кетейін. 1975 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1995 жылы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, 1996 жылы ҚР әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, 2003 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайланды.

“Құрмет белгісі” орденімен, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін” медалімен, “Білім” Бүкілодақтық қоғамының “Белсенді еңбегі үшін” медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің “Жұмыстағы үздік табыстары үшін” медалімен, “Парасат” орденімен және өзге де наградалармен марапатталған.

Сартаев өз заманының заңғары болған тұлға.Ол ғылыми кадрларды дайындауға елеулі үлес қосқан. Академик Сұлтан Сартайұлының тек ғылым жолын таңдаған шәкірттері – елуге тарта ғылым кандидаттары, доценттер; өзге көрші елдерді қоса есептегенде, оншақты ғылым докторлары, профессорлар бар. С.Сартаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Академиясы жанындағы диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетінің ұжымы Сартаевтың заң ғылымдарына қосқан үлесін ескере отыра, заң саласындағы ғылыми еңбектерін: оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, монографиялар, ғылыми еңбектер жинақтарын орналастырып қойған және С.Сартаев атындағы аудитория бар екенін  де айта кеткеніміз жөн.

 

Бискультанова Альбина


әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы


 

 

Рекомендовать
Последние новости