Ирина Қайратовна? Өскелең ұрпақтың осыларды үлгі тұтып жүргені қауіпті - Қанат Айтбаев

Dalanews 29 мая 2022 07:06 1005

Әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев ел сынына ұшыраған Ирина Қайратова тобына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

«Еліміздегі ірілі-ұсақты ғимараттарда түрлі концерттер өткізіліп жатады. Оның ішінде алыс-жақын шетелдерден де келіп, емін-еркін өз көрсетілімдерін халыққа ұсынып жүргендері аз емес.

Қойылым барысында ауыздарына келгенді айтып, анайы тірліктерімен жастардың санасын улап жүргендердің де бар екендігін, әдепсіз іс-әрекеттерін көзі қарақты ағайын әлеуметтік желілерге жүктелген түрлі видеолардан көріп жүрген болар.

Осыларды көріп өскен ұрпақтан не күтуге болады?


Кейбір басылымдар мен блогерлердің «ұят» деген ұғым-сөзді құнсыздандырып, теріс іс-әрекетті сынап, ұялтпақ болған адамдарды «ұятмен» атандырып, мазаққа айналдырған күнге жеттік.

Ұялу қасиетінен айырылған адам адами қасиетінен де айырылады. Құс ілген қудың ұятта ісі болмайтындығына көзіміз жетіп жүр.

Қоғамдағы кейбіреулердің сананы ұлтсыздандыруға тырысып, ұрпақты болмысынан, дәстүрлі тәрбие негізінен ажыратуға ұмтылуы – қауіпті үрдіс. Ұлттық рухы төмен елдің болашағы бұлыңғыр.

Өскелең ұрпақтың не көріп, кімді үлгі тұтып жүргенін бақылаусыз қалдыруға әсте болмайды!

Мысалы, мемлекеттің көптеген салаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бақылауға алатын техникалық қауіпсіздік, санэпидемстанция, т.т секілді түрлі құрылымдар бар.

Ал қоғамдық сананың қауіпсіздігін кім бақылайды? Өз бетімен сахнаға шығып, концерт қойып жүргендердің іс-әрекеттері үшін кім жауап береді?


Көптеген елдерде концерт ұйымдастырудың процедуралық жолдары оңай емес. Сан тексерістен өтуге тура келеді. Орындалатын шығармалардың мән-мазмұны сол елдің мемлекеттік идеологиясына кереғар емес пе, сахнаға шығатын адамның репутациясында көлеңкелі тұстар бар ма, жоқ па – бәрі бақыланады.

Бізде демократия, шығармашылық еркіндік деген желеумен жалғанды жалпағынан басып, ойына келгенін жасап, ауызына келгенін айтып жастардың санасын улап жүргендерге барлық есік ашық болып тұр.

Елімізде жеке тұлғалар тарапынан өткізілетін концерттік шараларды бақылауға алатын кез келді. Қойылатын концерттердің маршруттық бағытын белгілеп, рұхсат беру функциясын енгізу қажет. Бұл міндеттер жергілікті атқарушы биліктің, мәдениет басқармаларының құзырында болуы керек. Өз бетімен халықты жиып алып еш бақылаусыз концерт өткізуге жол беруге болмайды.

Жүздеген адам жиылатын жерлердегі шаралардың дұрыс өткізілу жауапкершілігін ұйымдастырушылар да, рұхсат беруші мекеме де сезінетіндей болса кеше ғана Алматыда өткен концерттің үстіндегі бейәдеп тірліктер, мемлекеттік туды қорлау фактілеріне жол берілмес еді.

Әрбір өнер адамы іс-әрекетінің, сөйлеген сөзінің халықтың назарында болатындығын ескеруі керек. Қоғамдық сананың қалыптасуында танымал адамдардың айтқан әні, сомдаған ролі, сөйлеген сөзі қомақты орын алады.

Сахнаға шығатын әр адам өзін мемлекеттік деңгейдегі идеолог сезінуі керек.


Сондықтан сахнаға айтары бар, халыққа берері барлар ғана шығуы керек!", – дейді Қанат Айтбаев.

...

Бұған дейін 25 мамыр күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ сарайында өткен концертте "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza сахнада ерсі әрекеттерге бой алдырып, микрофонға бейәдеп сөздер айтып, бірі мемлекеттік туды халыққа лақтырып жібермек болғанын жазған едік.

Болған жайтқа қатысты мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдіріп, туды немесе басқа да рәміздерді қорлағандарға жауапкершілік қарастырылғанын айтты.

Рекомендовать
Последние новости