Ядролық қарусызданудың орталығындағы акция

Dalanews 03 сент. 2016 01:33 884

Семейде сынақ алаңының жабылғанына 25 жыл толуына орай Антиядролық акция аясында өтті. Биыл аталған акция Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналды. Жалпы, 29 тамыз – қазақстандықтар үшін айтулы күн. Осыдан 25 жыл бұрын, дәл осы күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ алаңын жабу туралы тағдыршешті шешім қабылдады. Иә, содан бері ажал аранын ашқан ядролық жарылыстардың тоқтағанына ширек ғасыр толды.

Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументінің жанына жиналған жұртшылықтың қатары биыл да қалың екен. Аталған шараға Шығыс өңірі мен алыс-жақын шет елдерден, атап айтқанда, Жапония мен Пәкістаннан, Ресейден келген қонақтар бар, барлығы 25 мыңнан астам адам қатысты. Мәртебелі меймандар азалы монументке гүл шоқтарын қойып, полигон құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

«Бейбітшілік» акциясына Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун арнайы жолдауын жолдаған екен. «Бүгінде әлем халқы Қазақстандағы Семей полигонының жабылған сәтінен бері ширек ғасыр болғанын атап өтуде. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымын, мүше мемлекеттерді, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды, жастар желілері мен БАҚ-ты мейлінше қауіпсіз әлем құрудың құнды қадамы ретінде ядролық сынақтарға тыйым салу қажеттілігі жөніндегі ағарту мен ақпараттандыруды белсенді жүргізуге үндейді.

#dalanews danial_akhmetov01

«Мен ядролық қарудан азат, бейбітшілікке ұмтылған қазақстандықтардың батылдығын бөліп қараймын. Барлық елдер мен халықтарды Бас Ассамблеяның 20 жыл бұрын қабылдаған ядролық сынақтарға тыйым салуды тегіс қамту туралы келісімінің күшіне енуіне тез арада қол жеткізуге шақырамын!», – делінген БҰҰ Бас хатшысының жолдауында.

Өңір басшысы Даниал Ахметов өзінің баяндамасында мемлекеттің жаһандық антиядролық бастамасы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға күш жұмсауынан айқын көрінетінін атап айтты.

– Жас Қазақстан мемлекеті осыдан 25 жыл бұрын – бүкіл әлем елдерін бейбіт өмір сүруге шақырудың теңдессіз үлгісін көрсетті. Әлемдегі 4-ші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы ядролық державалар басшыларына тағылым болды. Бүгінгі Қазақстан – ядролық қарусыз әлем жолындағы қадамдардың бүкіл әлем мойындаған көшбасшысы. Береке мен бірлікті, тыныштық пен татулықты мұрат еткен халқымыз мақсатына жетті, бір кездегі үрей даласы бейбітшіліктің алтын бесігіне айналды. Бұл – біз үшін зор мақтаныш. Бүгінгі акция дүниежүзі елдерін, ортақ мақсатты іске асыруға шақырудың тағы бір анық көрінісі. Халықаралық қауымдастық әлемдік көшбасшы ретінде танылған Нұрсұлтан Әбішұлының іс-қимылын жоғары бағалайды. Шығысқазақстандықтар – жойқын қарудың қуатын бастан өткергендіктен де ядролық қарусыздану саласындағы бастаманың ең белсенді жақтаушылары. Біздің ұлы замандасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік бастамалары мен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көрініс тапқан әлемдік даму ұстанымдары барлық елдерде кеңінен қолдау табуда, – деді облыс әкімі.

Бейбітшілік акциясына Жапониядан келген қонақ, Токио университетінің профессоры Тэруэ Окадо ядролық қарудың зардабын жаппай тартқандықтан қиратқыш қарудан бас тарту барлық елдер үшін өте маңызды екенін жете түсінетінін жеткізді.

– Семей мысалынан біртұтас елдің тұрғындары зардап шеккен ел қауіпсіздігінің көлеңкелі жағын көруге болады. Сіздердің елдеріңіз өте жоғары ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты! Келесі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады. Және біздің елдеріміз ядролық қарусыздану саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттеміз, – деді Тэруэ Окадо.

Акция қатысушылары келешек ұрпақ өкілдерінің Қазақстан мен Жапония тұрғындары қатты зардап шеккен қателікті қайталамайтынына сенім білдірді. Осы орайда акцияға қатысушылар өзге елдерді Елбасының барлық әлемді бейбітшілікке шақырған бастамасына қолдау көрсетуге шақырды.

– Бүгінгі акцияға жастар көп жиналды. Бейбітшілік акциясы – біз, жастар үшін өте маңызды. Өйткені, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде әлемге үлгі болып отыр. Барша әлем халқының елімізден үлгі алып, ізгі бастамаларға қолдау көрсетуі өте маңызды. Бүгінгі шараның негізгі тіні осында. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «АТОМ» жобасына қол қойған болатын. Біз, семейлік жастар, осы жоба аясында жұмыс атқарудамыз. Бүгінде Семей қаласында 40 мыңға жуық жас петицияға қол қойды. Туған топырағымызда 40 жыл атом қасіреті ойран салғандықтан, семейлік жастар бұл бастаманың парқын жақсы біледі, сондықтан олар әрдайым бейбітшілікті қолдауға әзір, – дейді Семей қалалық «Сана» жастар қоғамдық ұйымының жетекшісі Айдос Төлеухан.

Қазіргі кезде ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірде атом қуаты бейбіт мақсатта қолданылуда. Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық пен ядролық технологиялар паркі базасы аясында инновациялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Сондай-ақ, атом саласын дамыту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау міндеттемелері шешімін тауып, радиация салдарынан пайда болатын онкологиялық ауруларды анықтау, емдеу және оңалту бойынша радиологиялық медицина кластерін құру жұмыстары атқарылуда.

Акциядан кейін шетелдік ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен ядролық қарусыздану мен атом зардабынан арылудың өзекті мәселелерін талқылаған түрлі жиындар өтті.

Думан АНАШ

 

 

 

Дереккөзі: "Егемен Қазақстан" газеті

Рекомендовать
Последние новости