Хуторлық Хасанның ісі: адвокаттар адам ұрлау бабын тоқтатуды талап етті

Көркем Алдабергенова 21 авг. 2025 09:28

Талғар қаласында өтіп жатқан сот процесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталған Хасан Қасымбаевтың қорғаушылары адам ұрлау ісін тоқтатуды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айыпталушылар орындығында Хасан Қасымбаевпен бірге Руслан Алиев, Мәдиyar Қалимжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Аскаров отыр. Оларға адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және қорқытып алу айыптары тағылған.

Жәбірленуші – фитнес-тренер әрі ММА спортшысы Арман Алимов – сотта Қасымбаевты бұрыннан танитынын айтты.

«Хасанмен 2016 жылдан бері таныспын, қалғандарын тек мені ұрлап кеткен кезде ғана көрдім. Менің араздығым тек Хасанмен болды, басқаларымен ешқандай қарым-қатынасым жоқ», – деді ол.

Қасымбаевтың адвокаты Ерлан Мендешев сотқа істі тоқтату туралы өтініш білдірді. Оның айтуынша, іс жүргізу барысында қылмыстық-процестік заңнама өрескел бұзылған. Қылмыстық іс Қасымбаевқа қатысты 2024 жылдың 25 қазанында заңсыз тіркелген, ал өзге айыпталушыларға қатысты осыған дейін – 18 шілдеде «Адам ұрлау» және «Қасақана ауыр дене жарақатын салу» баптары бойынша үкім шығып, ол заңды күшіне енген.

Ал тағы бір қорғаушы Маулен Ержановтың сөзінше, Қасымбаевты бұл іс бойынша 2021 жылдан бері бірнеше мәрте тергеген, тіпті қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы да қабылданған.

«Сондықтан жаңа істің қозғалуы заңсыз, себебі үкімнің күші жойылмаған», – деп мәлімдеді ол.


Рекомендовать
Последние новости