«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына тірек болатын құжат Түркістанда таныстырылды

Dalanews 19 мая 2021 12:17 1002

1 шілдеден бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енеді және азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына енеді. Ол бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетін болады. Кезең-кезеңмен жүзеге асатын ақпараттық жүйе билік пен қоғамның қарым-қатынасын күшейтпек. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына тірек болар басты құжат Түркістан облысының әкімдігінде өткен кездесуде таныстырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірге іс-сапармен келген ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен кездесіп, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстарына оң баға берді. «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізудің өзектігілі мен маңыздылығын, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жұмысын кеңінен түсіндірді.

– Президент 2020 жылдың 29 маусымында қол қойған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биылғы 1-шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Қоғамдық әлеуметтік белсенділікті ескерсек, бұл құжаттың маңыздылығын түсінуге болады. Халықтың арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына еніп, оның орындалу барысы осында жинақталады. Енді мемлекеттік орган өтінішті қараған кезде басқа органдар тарапынан қандай шешімдер қабылданғанын көре алады. Барлық ақпарат сол жерде жинақталады. Басты ұстаным – азаматтар өтінішіне сапалы жауап беру, – деді ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова.

Мемлекеттік органдардың арыз-өтініш иелеріне қайтарған жауабының дұрыс-бұрыстығы қажет болса, сотта қаралады. Тұрғындардың мәселесіне жүрдім-бардым қарап, әуре-сарсаңға салғандар жауапқа да тартылады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауаптардың негізділігін мемлекеттік орган дәлілдейді. Бұл ретте жаңа әкімшілік соттар құрылады.

Өңірде аталған жүйе енгізіліп, дамытылуда. Заңнаманы мемлекеттік органдар мен азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын қадағалай алады. Және дәлелдер келтіріп, оларды зерделеуге қатысып, түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.

Егер мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар.

Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейді. Өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады.

Қазіргі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 100% ақпараттық жүйеге қосылған, ел көлемінде пилоттық қолдану басталды.

Рекомендовать
Последние новости