Welcome to Turgen! (фото)

Dalanews 20 сент. 2019 12:25 1774

Қазіргі заманда әрбір ел азаматы өз елімізде демалып, шетелдіктерді елімізге тартуға күш салуы керек. Бір ғана Алматының маңайында туристі тырп еткізбей, өзіне магниттей тартатын керемет жерлер бар. Соның бірі һәм бірегейі табиғаты мен тарихи мұралары астасқан Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласы мен Түрген шатқалы.

Димаш жарнамасы


Бүгінде Есік қаласы әйгілі «Алтын адамымен» әлемнің назарын өзіне аударып келе жатқаны белгілі. Таяуда аудан Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі қазақ журналистерінің басын қосып, туристердің жиі баратын орнына айналған Түрген шатқалына пресс-тур ұйымдастырды.



Насихат шарасы барысында аудан әкімінің баспасөз хатшысы Динара Төлемісова тілшілерді алдымен «Алтын адам» мұражайына апарды.

2010 жылы құрылған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ішінде 700-ден астам жәдігер сақталған екен. Мұражайдан «Алтын адамның» алтынмен апталған киімінен бастап, сол дәуірдегі адамдардың тамақ ішкен ыдыс-аяғы мен қолданған қару-жарағын көруге болады.

Былтыр әнші Димаш Құдайбергеннің «Алтын адаммен» түскен суретін әлеуметтік желіден көрген дүниежүзіндегі фанаттары осы музейге қарай ағылғаны есімізде. Сол кезде Америка, Франция, Испания, Қытайдан келген саяхатшыларға қазылып жатқан обаларды көрсету үшін музей қызметкерлері күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр болыпты.




Журналистермен кездесуде музейдің директоры Тасқын Тойбаев Есік қорғандарынан табылған 80-нен астам обаның бірін қытай тәсілімен қазып жатқанын алға тартты. Кеңес заманында археологтар обаны қазып, ішіндегі құнды заттарын алып, содан кейін обаны қайта жаба салып отырған.

Ал Қытай тарихшылары болса, кез келген обаны қазған соң, ішіндегі заттарды сол орнына қойып, жәдігерлерді табиғаттан қорғайтын жүйелерді жасап, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырыпты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жобаға біздіңше, әлі де болса туристерді тартатын бір дүние жетіспей тұрғандай көрінді. Айталық, саяхатшыларға арналған киіз үй болса, соның ішінде «Алтын адамға» қатысы бар қылыш, ертоқым, найза, торсық сияқты қазақы бұйымдар саудаланып, қазақтың ұлттық тағамдары қымыз, шұбаттан, құрт, ірімшіктен дәм татқызса қандай керемет болар еді.

 

Есік көлінің туристік әлеуетін қашан пайдаланамыз?


Журналистер қауымы музейді тамашалап болғаннан кейін Есік көлі мен Түргендегі Аюлы сарқырамасын бетке алды. Кез келген адам Есік көлінде қайықпен серуендеп, көгілдір көлден ескен самалды жұтса, кермет күйге бөленетіні анық.



Қайықта отырып алып, тау-тастағы әсемдікті көргенде, жерімізді жаудан сақтап қалған ата-бабамызға іштей мың сан рет алғыс айттық.


– Іле-Алатау саябағында орналасқан Есік көлінде 1963 жылы жойқын сел жүріп, бөгендер бұзылып, 50-ден астам адам құрбан болғалы бері, бұл жерде туризмді дамыту қауіпті саналуда. Сел жүрмей тұрып, бұл жер нағыз курортты аймақ болды. Ол кезде көл жағасына 100 орындық екі қабатты қонақүй, мейрамхана, фотосалон, монша, шаштараз, би алаңдары болған. Келушілер катермен, қайықпен айдын көл бетінде ары-бері серуендейтін, – дейді жергілікті журналист Мұрат Нақатаев.

90-жылдары бөгеттер қалыпқа келтірілгенімен, су қайтадан арнасына толмаған. Бүгінде бұл жер су тасқынынан қорғалатын аймақ болғаннан кейін, мұнда туристерге арналған нысандар аз екен.

Тоқсаныншы жылдары Қазақстаннан Германияға көшкен немістер осында жыл сайын келіп, демалып тұрады екен. Соның бірі –  Галя есімді азаматша. Жасы 50-ді еңсеріп қалған әйел «Германияда да әдемі жерлер көп, алайда бағасы өте қымбат» дейді. Мәселен, біздің елдегі Ұлттық парктердегі осындай өзен-көл мен тауларда демалу үшін әрбір адам небәрі 400 теңге төлесе болды. Ал шетелде мұндай аймақты тамашалауға екінің бірінің қолы жете бермейтін болса керек.



Өткен жылы анам екеуміз Тайландтағы Квай деген аралға тур сатып алдық. Ол жердің ну орманы, көл, тауы бар. Көлде қайықпен ары-бері жүзіп, экзотикалық тағамдардан дәм татып, әлдеқашан өліп қалған монахтарының ескерткіштерін көріп шығу үшін әрқайсымыз 38 000 теңге төледік. Яғни анам екеуіміз турист ретінде жетпіс мың теңгеден артық ақшаға шығындалдық.

Жергілікті тайлықтар туристерді жылдам фотоға түсіріп, бес мың теңге көлемдегі ақшаңды қағып алады. Көлдің жағасында қарапайым халық кәдесыйлар мен жыланның уынан жасалған дәрі-дәрмектерді саудалап, пайдаға кенеліп отырғанын байқадық. Сол кезде отандық туризмді дамыту үшін әкімдік, кәсіпкер және журналист-пиарщиктер болып тізе қосып жұмыс істеуіміз керек екенін түсіндік.

 

Түргеннің 7 сарқырамасын білесіз бе?


Түрген шатқалындағы Аюлы сарқырамасына аяқ басқанымызда  журналистердің табиғатқа тамсанып, көк байрағымызды қолға алып, таудың ұшар басына бір-ақ шығып, «Welcome to Turgen» деп айғайға басты.



Осылайша, қазақ журналистері «Бізде керемет жерлер бар, Түргенге келіңдер» деп бәріміз әлеуметтік желіде ұран тастадық.

Қазақ журналистеріне ғажап табиғатты көрсетуде жол бастаған Еңбекшіқазақ ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Момынжан Исламовтың айтуынша, Түргеннің өзінде 7 сарқырама бар екен. Соның ішіндегі Аюлы сарқырамасы туристердің тауға көтерілуіне жақын болғандықтан, барлығы осы жерден таңқурай, бүлдірген теріп, сарқырамаға қалай жеткенін байқамай қалады екен. «Сарқырамаға жеткен жолда бір қасиетті тас та бар. Тастың жанында  арманыңды айтсаң орындалады»  деді әкімдік қызметкері.

Сарқырап аққан тау суының жанына келгенімізде «Ей қазақ, сен тауы мен суы астасқан, жерінің асты мен үсті қара алтынға толы бай елде өмір сүріп жатырсың. Есіңді жи да әлемге осыны жария ет!» деп «Алтын адамның» өзі саған мұздай суды шашып-шашып жібергендей күйге бөленеді екенсің.


Есік көлінде катермен жүзіп, Түргендегі сарқырамадан кейін, бойға жиған күшіңді одан сайын толықтыра түсетін Форель балық шаруашылығы да осы аумақта орналасқан. Табиғи саябақтың ішінде орналасқан бұл шаруашылыққа келсеңіз 300 теңгеге қармақты жалға аласыз да тоғандағы балықты аулай бересіз. Балықтардың түрлері ертегідегі «Алтын балыққа» ұқсайды.

Бұдан кейін ұстаған балығыңның әр келісін 1900 теңгеге сатып аласың, оны сол жерде қуырып береді. Тау арасында орналасқан шаруашылық балықтан басқа тау бөктерінен жинаған шөптермен дәмі тіл үйірер шай да дайындап береді екен.

Таза ауада жанға дауа болар табиғат аясына отандық туристер көптеп барса, бұл ауданның туризмі әлемдік деңгейге көтерілетіні анық.


 



Бүгінде жастар саясатын басқарып отырған Айбек Ілебаев пен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып отырған Динара Коканова, «Мәңгілік ел тұғыры» қоғамдық қорының төрағасы Қайнар Жұмақожа сияқты аудандағы жалынды жастар туризмді дамытудың әлемдік бағыт-бағдарларын меңгеріп, оған елдегі белсенді адамдарды тартып, әлемдік бұқаралық құралдарымен байланысып, бірнеше тілде ақпарат таратса және ютуб каналы арқылы да түрлі фильмдер мен роликтер түсіріп, оны отандық журналистермен де бөліссе, аудандағы туризмнің жарнамасы жұртшылыққа жетер еді.

Осылайша, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Ысқақ Бинәлі мырзаның басшылығымен журналистер үшін ұйымдастырылған сапары сәтті өтті.

Гүлвира БИҒАЛИЕВА,


журналист.


Рекомендовать
Последние новости