Ұйғыр ауданындағы WhatsApp-тан шыққан дауға нүкте қойылды

Dalanews 10 июн. 2020 11:24 914

Осыдан біраз бұрын журналист Қанат Әбілқайыр Ұйғыр ауданы Ақтам ауылындағы ұлтаралық татулыққа сына қағатын келеңсіз жайтты әлеуметтік желідегі жұртқа жеткізген-тін.




Алақандай ауылдың берекесін кетіріп, қазақ пен ұйғырдың арасына от сала жаздаған жанжалға WhatsApp-тағы статус себеп болған.

Ақтам орта мектебінің 10 сынып оқушысы Шахсанам Турсынова WhatsApp-тағы статусында:

"Қазақ жері деп кеуде кере бермей-ақ қойыңдар, жер де, шаңырақ та Алланыкі, соны біліңдер қазақ балалары. Сендерде күш жоқ, жеке шығып сөйлесуден қорқасыңдар. Ағаларыңа көрсетіп қойыңдар, если че, қыздар!", – деген жазба қалдырады.


Мәселе мұнымен шектелмеген. Тағы бір өрескел жайттың шетін шығарған журналист Ақтамдағы мектепте биология пәнінен сабақ беретін Турдибуби Кахарованың қағаз-құжатты ұйғыр тілінде толтыратынын тілге тиек етеді.

Мектеп директорының орынбасары құжатты мемлекеттік тілде толтыруды бірнеше рет ескерткенмен, оның сөзін елемеген. Қай тілде толтырса да өз еркі екенін айтып, соның кесірінен үлкен даудың тұтануына себепші болған.

Айта кетелік Турдибуви Кахарова WhatsApp-та қазақ ұлтына тіл тигізген Шахсанам Турсынованың сынып жетекшісі.


Алматы облысының әкімдігі жазылған жайды бірден бақылауға алғанын хабарлады.

"Мәселенің ақ-қарасы анықталғаннан кейін, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары К.Бекмұхамбетов Ақтам орта мектебінің ұстаздар ұжымымен және оқушылармен кездесті. Оның ішінде Шахсанам Турсыновамен түсіндіру жұмысы жүргізілді", – деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мамырдың 19-ында Ұйғыр ауданы әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, осы жиында Шахсанам Турсынованың мәселесі қаралды.

Комиссия мүшелерінің ұйғарымымен ата-ана міндетін дұрыс атқармағаны үшін оқушының шешесі Луиза Алмахунованы әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды.


Мектеп басшылары да жазадан құтылған жоқ.

Нәтижесінде Ақтам орта мектебінің директоры Измахунов Октябрь Турганович, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қапсаламов Мұқаметқали лауазымдарынан босатылды.


Сонымен қатар осы мектептің биология пәнінің мұғалімі Кахарова Түрдибуви де қызметінен босады.

Бұдан бөлек Ақтам ауылдық округі әкімі аппаратының спорт жөніндегі әдіскер- нұсқаушысы Камаев Сабиржан Суняцунович және Тиірмен ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер- нұсқаушысы Якярова Умида жұмысынан босатылды.

"Алдағы уақытта аталған жайттардың қайталанбауы үшін облыстық комиссия мүшесі облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай аудан белсенділерімен жүздесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Аудан халқы "бір құмалақтың" кесірінен тұтас өңірге сөз тигенін алға тартып, мұндай келеңсіз жайттың орын алғанына өкініштерін білдірді" , – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

"Әзір мектептегі ахуал бірқалыпты. Жағдайды бақылауда ұстаудамыз", – дейді өз кезегінде Ұйғыр ауданының әкімдігі.

Сурет qazaqtimes.com сайтынан алынды

Рекомендовать
Последние новости