Үйде өрт шыққанда терезеге жақын тұрыңыз, құтқарушылар тез тауып алады – құтқарушы

Dalanews 30 нояб. 2023 07:00 8299

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жұмысы қызатын уақыттың бірі – көктем мезгілі. Жыл сайын көктем мезгілінде тасқын су салдарынан халық зардап шегіп жатады. Жалпы түрлі төтенше жағдайларда халыққа лезде көмектесіп, елдің алғысына бөленіп жүрген мамандық иелері осы – құтқарушылар. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағы 1-құтқару бөлімшесінің басшысы-құтқарушысы Байкенов Нұрбек Тұрарбекұлы да әркез құтқару жұмысына белсене қатысатын құтқарушылардың бірі. Нұрбек Байкеновпен сұхбаттасып, өңірде қандай төтенше жағдайлар жиі тіркелетінін сұрап көрдік.

 

– Нұрбек Тұрарбекұлы, өзіңіз төтенше жағдай қызметіне қалай келдіңіз, жалпы төтенше жағдай қызметіне келуіңізге не түрткі болды?

– Мен 1981 жылы Казталов ауданы Бостандық аулында дүниеге келдім. 1998 жылы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде денешынықтыру мамандығы бойынша оқыдым.

2000 жылы әуе десант әскері қатарында Қапшағай қаласында екі жыл Отан алдындағы борышымды өтеп, 2003 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру факультетіне грантқа түстім. 2006 жылы Орал колледжінде "Қаржы" мамандығы бойынша оқыдым.

Ал кейін Батыс Қазақстан инновациялық-теxнологиялық университетінен "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығын бітірдім. 2020 жылы дәл осы университеттен "Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі" мамандығы бойынша білімімді тәмамдадым.

Жалпы төтенше жағдай қызметіне кішкентайдан Бостандық аулында бірге өскен досым шақырды. Досым "мынау –  сенің істейтін мамандығың, елге қызмет етіп,  халыққа көмектесесің" деді. Себебі мен әрдайым кез келген адамға көмектесіп жүретін едім.


Бұл сала біліктілікті, ержүректілікті,  ептілікті,  сабырлықты,  төзімділікті,  тәуекелді талап етеді. Әрі тез арада шешім қабылдай білетін жеті қырлы,  бір сырлы адамдардың елге қызмет атқаратын жері болған соң  әр ер жігіттің арманы деп ойлаймын!

– Төтенше жағдай бойынша шақырту түскенде кез келген құтқарушы қандай схема бойынша жұмыс істейді немесе құтқарушыларға алғаш қандай ой келеді?

– Ең бірінші төтенше жағдай қандай сипатта екені, ол жерден адамдарды қалай аман-есен құтқарып алып шығатынымыз туралы, қандай құралдар керек екені туралы ойлайсың.

Ал кейін төтенше жағдай орнына жетіп, оқиғаны көзіңмен көргеннен кейін сол жерде шешім қабылдайсың.

– Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдай департаментіне жиі қандай шақыртулар түседі? Әсіресе, қай мезгілде жұмыс күрделене түседі?

– Батыс Қазақстан облысында 5 ірі өзен ағады. Көбіне көктемде төтенше жағдай тасқын салдарынан болады. Елдімекендерге, кәсіпорындарға көп зардабын тигізеді.

Көпірлерді суға кетіп, ауылдарға, мектептерге, жұмыс орындарына қатынас болмай қалады. Сол кезде біз әрдайым халықтың ортасынан табыламыз, көмектесеміз.

Кейбір кездері 10 немесе 15 күн, кейбір кездері айлап жатамыз. Қайықпен арғы бет пен бергі бетке қатынас жасап, тасқын су болғанда, елді мекендерге барып, халыққа көмектесіп, елге деген патриоттық сезімдерімізді көрсетіп, өзіңнің туған ауылыңдай жұмыс істеп, осылайша, халықтан алғыс аламыз!


Төтенше жағдай басылып, тасқын су қайтқан соң ақсақалдар бата беріп, бәрімізді жинап, әкімдер алғыс айтып жатады.

Содан кейін қала арасында көпқабатты үйлерден өрт шыққанда, төменгі, жоғары қабаттардан адамдарды эвакуациялаймыз. Зауыттардың ішінде көп жағдайлар болады. Адамдар аппараттарға, станоктарға түсіп қалып жатады. Аяқтары, қолдары зардап шегеді, соларды алып шығамыз.

Одан бөлек үлкен жол апаттары болады. Автобустар түйісіп қалып жатады. Сондайда құтқарушылар бір бөлім жетпеген жағдайда екінші бөлімді жіберіп, жедел жәрдем келгенше зардап шеккен адамдардың жарақаттарын таңып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

– Бірнеше жылдық тәжірибеңізден бір есте қалған оқиғаны айта аласыз ба?

– Түрлі төтенше жағдай болып жатады. Оның ішінде судан адамды құтқарамыз, түтін арасынан адамдарды алып шығып, адасқан жандарды тауып алып жатамыз.

Сол арқылы кейде адамдардың алғысын алып жатасың, кейде қайғылы оқиғаларға тап болып, ата-анасы, балалары жылап жатқан оқиғаларға да куә боласың.

Есте қалған бір оқиға – ең бірінші жұмысқа кіргендегі жағдай. Адам суға батып кеткен екен. Жағада полиция қызметкерлері күтіп тұрды. Дене қап-қара болып ісініп, иістеніп кеткен, ұстауға да келмейді. Матамен жағаға алып шықтым. Сол есімде қалыпты. Былай бір күнде бес-алтау, кейде тіпті он шақты оқиға болады.

– Жиі кездесетін бір төтенше жағдай бойынша азаматтарға қандай кеңес бере аласыз?

– Пәтерден өрт шыққан кезде ең алдымен үрей туғызбай салқынқандылықты сақтауға тырысу қажет, 101,112 телефондары бойынша құтқару қызметтерін шақырып, оларға толық ақпаратты: мекенжайын,  оқиға орнын, өз деректерін айтып,  хабардар ету керек.

Әлсіз және әрекетке қабілетсіз азаматтарды, балалар мен қарт адамдары эвакуациялау қажет. Адамдарды ғимараттан далаға шығару қажет.


Ешқандай жағдайда лифтіні пайдалануға болмайды. Түтін бөлмеге енсе, еденге жақын тұрыңыз, бұл жерде әрдайым таза ауа бар. Ауыз бен мұрынды дымқыл орамалмен немесе сүлгімен жабыңыз. Мүмкіндігінше,  өртсөндірушілер сіздің үй-жайда болғаныңыз туралы білуі үшін терезе жанында тұрыңыз.

– Төтенше жағдай қызметінде бірнеше жыл жұмыс істеу арқылы не алдыңыз, не үйрендіңіз?

– Төтенше жағдай қызметкері болғаннан бері өзімді ұстауға,  қызбалыққа салынбауға, кез келген жерде тәуекелге бел байламауға, ептілікке, бірнеше маман иесі болуға, сабырлыққа, төзімділікке, тез арада дұрыс, оңай жолмен шешім қабылдауға, адамдарды сабырға шақыруға үйрендім.

Бұл қызмет  төтенше жағдайлардың алдын алу үшін түрлі іс шаралар өткізуге зор үлесін тигізді, үлкен тәжірибе алдым! "Жігітке жеті өнер де аз" дейді ғой. Міне соның дәлелі – Жедел құтқару жасағындағы құтқарушылар, олардың да өнері сан алуан!

Сұхбаттасқан Қуаныш ЕРМЕКОВА

Рекомендовать
Последние новости