Утилалым мен сұйытылған газ: Скляр мен Шарлапаевқа ұсыныс

Dalanews 11 июн. 2024 12:52 4326

Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газының бағасын көтеру жоспарланған жобаны жариялады. Осыған байланысты сала сарапшысы, «Байдильдинов. Нефть» телеграм-арнасының авторы Олжас Байділдиновтың пікірін назарға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

«Министрліктің бүгінгі релизі менің сонау 2019 жылдан бері жариялап, айтып келе жатқан тезистерімді қайталап отырғанына қуаныштымын. Бірақ ол жерде тауардың сапасы туралы айтылмапты. Сапа қазір өте нашар. Олай болатын себебі — баға бақылауда әрі бәсекеге стимул жоқ. Қайта Энергетика министрлігінің жүйеде жұмыс істеп көрген, сын мен хейттен қорықпайтын мендей сарапшысы болғаны қандай жақсы. Сол сияқты басқа ведомстволарда түсінетін, дұрыс ойлана алатын медиа мамандар жоғы өкінішті» дейді Байділдинов.

Сарапшының айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ақпараттық соғыста жеңіліп жатыр. «Мұны Роман Склярға немесе Қанат Бисимбайұлына қатысты ғана айтып отырған жоқпын. Жалпы ақпараттық жай-күйді шолып айтқаным. Түрлі мем, видеоролик тарап кетті. Десек те, утилалым керек деп қорғайтын тарап әзірге әр бөлімге қатысты жүйелі жұмыс атқарып жатқан жоқ.

Осы ретте Олжас мынадай сегіз ұсыныс жасады:    

  1. Утилалым автопарктің ескіруіне әкеп соқты деген пікір бар. Сандарға анализ жасап, осы ойды «саусақпен санап тұрып» жоққа шығаратын эксперттер болуы керек. Мысалы шыққаны 10 жыл болған көліктің бірі — Camry 50. Оны қалайша ескірген деп айта аламыз? Өте керемет, жұмсақ автокөлік. Бәлкім, иесі тіпті ауыстырғысы келмейтін де болар? Автокөліктердің орташа жылының нашарлауына РФ, Армения мен Қырғызстаннан әкелген автоларды заңдастыруға арналған бір реттік акция әсер етті. Қателеспесем, 150-200 мыңдай көлік кірді. Осыны алдыңғы есептен алып тастау керек. (Бұл «әлеуметтік» шара болған). Автопарктің жалпы жай-күйін салыстыру дұрыс деп ойламаймын. Жылына қанша көлік қосылғанына  қарау керек секілді. Мәселен утилалым басталғанға дейін қанша болды, сосын әр жылғы жаңа және басқа жақтан әкелгендердің пропорциясын қарау керек. Қазір ол қатынас қандай? Әлбетте, бүгінде заңсыз не ескі көліктерге қарағанда жаңа авто көбірек.    
  2. Ескі автопарктер бойынша жүйелі жұмыс жоқ. Әрине, мұнда да мәселе әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Бірақ эксплуатация құнына қарасақ, 20 жылдық көліктікі жаңасымен бірдей. Жанармай есебінен тіпті арзан. Себебі турбоқозғалтқышы бар жаңа автокөліктерге 95/98 құю керек. Ал ескілеріне 92 немесе сұйытылған газ құюға болады. Ескі көлік мінетіндер көбірек салық төлейтін не сақтандыру құны жоғарырақ елдердің мысалы қажет. Өз басым ескі көліктерді орталықпен жүргізбейтін мысалдарды білем. Мынадай қарапайым ғана тезисті айта аламыз: автопарктың ескіруі мемлекеттің ескі көліктермен жүруге рұқсат бергеніне байланысты.
  3. 35 мыңнан астам қазақстандық 208 млрд теңгеден жоғары сомаға жеңілдетілген автокредит алды. Олай болса, олар автозауыт қызметкерлерімен бірлесіп қазақстандық машина құрастыру саласын қолдап петицияға қол қоюы керек. Егер утилалым алып тасталса, кредиттерін мерзімінен бұрын қайтарып, болмаса жалпыға ортақ шарттарға ауысуы қажет. Отандық автоөндірісті қолдау бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Адамдар көлігін жаңартып жатқаны рас, «револьвер» айналып тұр.
  4. Әблязов пен Дубай. Бірнеше жыл бұрын Әблязов «Атырау Дубайға қарағанда көбірек мұнай өндіреді» деген тезистер мен видео шығарған еді. Миллиондаған қаралым жинаған. Бұл жайлы мен материал шығарғам. Дубай ешқашан көп мұнай шығармаған. БАӘ-дегі негізгі мұнай өндіретін аймақ — Абу-Даби. Дубайдың үлесі — 5-10% ғана. Одан бөлек, Әмірліктердің жинақталған мұнай өндірісі Қазақстанға қарағанда 3 есе көп. Қазақстанды Әмірліктердің қазіргі жай-күйімен салыстыру дұрыс емес. Жинақталған мұнай өндірісінен біз қазір БАӘ-нің 90-жылдардағы деңгейінде тұрмыз. Біздің автоөндірісті бағасы мен құрастыру деңгейі бойынша Корея не Қытаймен салыстыру да жөн емес. Біз енді бастап жатырмыз. Салыстыратын болсақ та, Кореяның бастаған кездегі дамуымен салыстыру керек. 
  5. Ескі көліктерге шектеу қою қадамының логикасы бар, негізделген. Роман Василийұлы бұл туралы айтып өтті. Өз басым қалаларымызда ескі көліктер жүргенін қаламаймын. Экологиядан бөлек, апаттық жағдайдың да көбірек болатыны белгілі. Жолда қалай болса солай жүретін кімдер? Ескі әрі соғылған көліктердің жүргізушілері солай жүреді. Жоғалтатын ештеңесі жоқ. Жаңа автокөлігі бар жүргізуші жолда олай жүре қоймайды. Жаңа бампер, фара арзан тұрмайды. Ескі көліктерді кіргізуге шектеу қою шарасы жолдағы тәртіп пен заңды сақтауға бағытталған.
  6. «Қазақстандықтардың жаңа авто сатып алуға ақшасы жоқ». Ең жиі айтылатын тезис. Қазақстанда әр баланың бас-басына бір-бір машинадан 20 млн автокөлік болсын деп ойлайсыз ба? Әлде мемлекет қалаған адамның бәріне көлік таратуы керек пе? Әлемнің еш елінде мұндай жоқ. 
  7. Әлем демекші, жанармай бағасы арзан, жалақымен салыстырғанда қолжетімді ТОП-10 елге кіретінімізді көрсететін статистика керек. Оны бұрын мен көрсетіп, айтқам. Басқа елдерде қалай? Қанша төлейді? Утилалымнан басқа қандай төлемдер бар? Мысалы дамыған елдерде сақтандыру құны қымбатырақ. Әмірліктерде жүргізуші куәлігі $800 шамасында екенін анық білемін. Әр екі жыл сайын (әлде жыл сайын ба) ұзартып отырасыз. Айыппұл, баж салығын және т.б. төлейсіз. Қытай және Азия елдерінде көлік нөмірлері $10-20 тұруы мүмкін. Осылайша қаладағы авто санын тікелей реттеп отыр. Жалпы алғанда Қазақстанда көлікті болу утилалымға қарсы шыққан тараптар мысал қылып айтатын елдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Жағдайға жан-жақты қарау керек. Әлем астаналарының орталығында автотұрақтың сағаты аз ақша тұрмайды.
  8. Бұл мемлекет үшін ғана емес, азаматтарға да керек екенін айту керек. Автоөндірістегі утилалым автоөндірушілерді қолдауға бағытталады. Бұл дегеніміз — салық пен жұмыс орындары. Қанша салық төледі? Егер олай болмаса, сол салық басқа елдердің бюджетін толықтырар еді. 35 мыңнан астам қазақстандық жеңілдікпен автокредит алды. Утилалым болмаса, оны істей алмас еді. Ал енді базардан диск, резеңкені табылмайтыны өндірушілердің бірінші кезекте автозауыттардың ірі тапсырыстарын орындайтынымен байланысты шығар. «ҚазАтомӨнеркәсіп» өндіретін уранды да барахолкадан ала алмайсыз. Солай екен деп уран жоқ демейсіз ғой.                 

P.S. Әмірліктер мен Түркияда жаңа тұрғын-үйлерді паркиң қосылған есеппен сатады. Авто сатып аларда жалға алатын не иелігіңде тұрақ болуы керек. Кей елдерде/қалаларда көшелер мен жолдарда орын алмау үшін авто қоятын тұрағыңыз бар екенін растайтын құжат көрсетуіңізді сұрайды. Бізде ондай талап жоқ.

P.P.S. Десе де көлік салығын алып тастау керек деп есептеймін. Салық жанармай құнына кіруі керек. Мен жылына Cadillac Escalade көлігіме 700 мың теңге төлеймін. Ол бір жылда 4 мың шақырымдай жүреді. Алғаныма 8 жыл болды. Ол да ескірген болып санала ма?


Рекомендовать
Последние новости