Ұстаз қадірі

Dalanews 01 мар. 2016 06:13 1053

Жуырда Алматы қаласы Абай атындағы ҚазҰПУ университетінде көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор, аты шетелдерге танымал Раушанбек Борамбайұлы Әбсаттаровтың 75 жылдық мерейтойына орай «Саяси ғылым: ерекшеліктері мен проблемалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Өмір жолы ғылым мен білімге арналған ұстаздың мерейтойына алыс-жақын шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдар келіп, өзара пікір алмасып, саяси ғылымның, философиялық өзекті мәселелердің бүгінгі әлемдік әрі қазақстандық ерекшеліктері туралы ортақ ой қорытқан.

Атаулы жиынға еліміздегі философия, саясаттану, мәдениеттану, дінтану және тарих саласында аты мәшһүр ғалымдар келді. Раушанбек Борамбайұлының елге танымал шәкірттері, ғалымның тағылымдамасынан өткен әр саланың белгілі мамандары, қазақ ғылымының дамуына бірге үлес қосқан замандастары мен университет ұстаздары қатысып, шараның өзекті мәселелерін ортаға сала отырып, қызықты да тартымды өтуіне ықпал етті.

Шара кезінде өз пікірін ортаға салған белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Жақан Молдабеков ұзақ жыл ұстаздық жолында әріптес әрі дос болғанын, Р. Әбсаттаровтың сонау Кеңес одағы кезінде ұлттық мүдде үшін айғайсыз еңбек ете білген азаматтың бірі екенін айта келіп: «Философия ғылымының еліміздегі негіздерін қалаушылардың бірі деп осы Рәкеңді айтсақ болады. Алдыңғы толқынның еңбегін кемелдендіре отырып, аса өзекті тақырыптарды қамтыды. Ең әуелі осы ғылымның университетте жүйелі оқытылуына үздіксіз тер төкті. Елден бұрын әл-Фараби мұрасын зерттеуге бет бұрып, даңқты бабамыздың философиялық трактаттарының мәні мен мағынасын бізге ғана емес, тұтас Кеңес одағына түсіндірді. Сонау Киев университетінде оқып жүріп ол әл-Фараби туралы көлемді мақалалар жазды. Ол жылдары Фарабидың қазақ екенін, тіпті ондай адам болғаны жөнінде көп ешкім біле бермейтін», – деп, Әбсаттаров әлемінің сан қырлылығы жөнінде пікірін білдірді.

Жақан Молдабеков сондай-ақ адамның елге сыйлылығы – білімінде емес, мінезінде екенін айтады. «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейхановтың тұжырымы осы Борамбайұлының бойынан табылатын қасиет», – дейді ол.

Елге белгілі ғалым, академик Сұлтан Сартаев болса Әбсаттаровты пікірлесі, сыйласы әрі жақын інісі ретінде бағалайды.

«Біреулер інім деген сөзді жерлестігімен, руластығымен түсіндіргісі келеді. Бұл – төмен ойлы адамдардың тірлігі. Раушанбек Борамбайұлын ертеден білемін. Сырттай сүйініп жүрген кездерім көп болды. Кейін араласып кеттік. Бір байқағаным, Раушанбек – өте турашыл азамат. Онымен әңгімелессең, тек философия, саясат төңірегінде емес, кез келген тақырыпта ауқымды әңгіме айтады. Әрі сол ойларының көбін жалаң сөз, жайдақ байламмен емес, тұжырымды, дәлелді оймен көмкереді. Әр жолы пікірлескенде оның бойынан бұрын байқамаған өзгешелікті, тереңдікті көресің. Бұл нағыз ғалымға тән сипат», – дейді академик.

Ал тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев болса, Әбсаттаров туралы айту үшін оның ғылымдағы жолына үңілу керек деп санайды. Ол Қазақстанда «ғалым» атанған адамдардың көптігін, соның едәуір бөлігі «атақ пен абырой» үшін ғалымдыққа ұмтылғанын жасырмайды. «Әбсаттаров ол санатта емес. Ол бүгінгі деңгейге тынбай іздену, талмай еңбектену арқылы жетті. Киев университетінде оқудың өзі екінің біріне бұйырмаған бақ еді. Ал Әбсаттаров болса, сол университтен ғылым кандидаты болып елге оралды. Кейін тағы да сол шетелге барып докторлығын қорғады. Қазір айтуға оңай, бірақ дәл сол кезең үшін докторлық қорғау нағыз «инемен құдық қазғандай» жұмыс болатын», – деген Мәмбет Қойгелдиев Әбсаттаровтың саясаттану, философия ғылымдарының қазақ тілінде сөйлеуіне ықпал еткен аз ғалымның бірі екенін айтады.

М. Қойгелдиев көптеген ғалымдардың қазақ тілінде ғылыми еңбек жазуға құлшынбауы, тіпті оны қажетсіз деп санайтындығы жасырын емес екенін, мұндай сырқат қазақ тілінің өркендеуіне ең негізгі бөгет болып отырғанын жасырмайды.

«Біздің ғалымдардың бір кемшілігі – бәрі орыс тілінде бар деген түсініктерінің берік орнағаны. Иә, орыс тілінде бар екені рас. Бірақ заман өзгерді, қоғамдық орта өзгерді, сана өзгерді. Қазақ тілі – ғылым тілі болмай, өркендемейді. Әбсаттаров ғалым ретінде соны шын жүрегімен сезінген тұлға. Кеңес одағы кезінде-ақ бірнеше монографиясын ана тілінде шығарды. Содан бері үздіксіз жазып келеді. 2011 жылы жарық көрген екітомдық «Саясаттану» оқулығын бөле-жара атар едім. Мұндай оқулықтар бізге аса қажет. Бұл – ұлт саясатын ұлттық ғалымның ой-дүниесімен зерделеу. Саясаты өз тілінде, ең бастысы, өз ұлтының жағдайы мен болмысына сай жүргізілмеген елдің болашағы да бұлыңғыр. Біздің биліктегілер Әбсаттаровтың еңбектеріне назар аударуды қолға алулары керек».

Тарихшы-ғалым Әбсаттаровтың екі тілге бірдей жүйрік екенін айта отырып, оның орысша жазған дүниелерін оқысаңыз да ұлттық мүддеге кереғар емес, бұра тартпайды. Кейбір ғалымдар ғылымға қиянат жасамаймыз дей отырып, қазақша оқулығы мен орысша оқулығының арасына өткел тұрғызады. Яғни, орыстілді аудиторияға ыңғайлаймыз деп, адалдық принципінен аттап кететін жағдайлары кездеседі.

«Әбсаттаров еңбектерін алыста жүрсем де оқитын адамның бірі – менмін. Оның әр еңбегін, мақалаларын оқу – мен үшін қызық әрі қажет. Қызық болатыны – ол аса өзекті тақырыптарды жаза отырып, қазақ философиясының, дала даналарының көзқарастарын әлемдік ақыл-ой білгірлерімен ұштастыра ой қозғайды. Батыстың қателігі неде? Бәрін тек Батыстан іздеуге құмармыз. Шығыс халқы өмірдің өзегінде отырып, сол өмірмен жарасым табуға ұмтылады. Мен қазақтың бұрынғы даналарының ойларынан кеңдікті, махаббатты, өмірдің қадірін жете түсінуге деген ұмтылысты байқаймын. Оны мен Әбсаттаров еңбектері арқылы білдім», – дейді конференцияға Германиядан арнайы қонақ боп келіп, тұшымды ойларымен бөліскен ғалымның бірі, философия ғылымдарының докторы Иоганн Рау.

И. Рау саясаттану ғылымында өзіндік орны бар ғалымның бір артықшылығы кеңестік көзқарастардан, ғылыми кейбір тұжырымдардан тез арылып, жаңа серпінмен ізденгенін, бұл ғылым жолындағы адам үшін өте қажетті мінез екенін жеткізді.

«Мысалы, Кеңес одағы ыдырағанда небір аты әйгілі профессорлар, ғалымдар қай жолды таңдарын білмей дағдарды. Күні кешегі айтқан көптеген ойлары, жасаған тұжырымдары селге кетті десек те болады. Себебі, саясаттың ығына қарай әрі өздері де күмәнсіз сене отырып, солай жазған. Әсіресе, қоғамдық пән ғылымдары солай жүрді. Оны жасырудың қажеті жоқ. Бұл тығырықтан ерте шыққан ғалымдар бар. Бірақ олардың саны оншалықты көп емес. Әлі де сол Кеңестік идея негізінде ойлап, соны армандайтын адамдар, ғалымдар жетерлік. Әбсаттаров – ерте оянған тұлға. Ол Кеңестік жүйенің ғылыми бұрмалаушылығын ерте сезе білді әрі империя ыдырағанда дағдарған жоқ. Жаңа жүйені, нарықтық экономикаға сай ғылыми тұжырымдардың өзгеретінін түсініп, өзіндік жол іздеді. Ғалымды қазақстандық саясаттанудың негізін қалаушы ретінде көп ғалым айтып жатыр. Мен ғалымдардың осы сөзінің негізі – оның жаңашылдығында деп білемін», – дейді И. Рау.

Ғалым Раушанбек Борамбайұлы көкжиектің нұрын – болашақ жайлы ерте аңғарған санаулы тұлғалардың бірі. Ол – Қазақстанда саясаттану ғылымынан докторлық диссертация қорғауды Мәскеуге сан мәрте барып, бұл өзекті мәселені оңды шешіп, бекіттірген, осы саланың білгір маманы ретінде сан тарау еңбек жазып, шетелдің басты оқу ордаларында арнайы шақыртумен дәріс оқыған, қазақстандық этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға ғылыми тұрғыдан өлшеусіз үлес қосқан ғалым.

Т. ТАҢЖАРЫҚ.


Рекомендовать
Последние новости