Үш жыл ішінде Алматыда мектептер, балабақшалар мен ауруханаларда қауіпсіздік жүйесі енгізілді

Dalanews 24 мая 2025 13:11

Ерболат Досаевтың қала әкімі ретіндегі үш жылдық қызметі аясында елімізде алғаш рет ауқымды жүйелі цифрлық жобалар жүзеге асырылды. 2023 жылы қала әкімдігі Қазақстанда алғаш болып мемлекеттік мектептер мен балабақшаларда кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізді. 2024 жылы медициналық мекемелерде де осындай жүйе орнатылып, әлеуметтік нысандардың қорғалу деңгейі едәуір артты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласының Бірыңғай бейнебақылау жүйесі негізгі жобалардың бірі болды. Қазіргі таңда бұл жүйеге 52 мың камера қосылған, ал 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 70 мыңға жеткізіледі деп жоспарланған. Бұл жоба еліміздің басқа өңірлері үшін үлгі болып, ұқсас шешімдер енгізіле бастады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2024 жылы 25 қаңтардағы тапсырмасы аясында Алматыда елімізде алғаш рет ұялы байланыс арқылы Cell Broadcast технологиясы негізінде төтенше жағдай туралы хабарландыру жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе халықты жедел әрі нақты уақыт режимінде ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

Алматы IT-сектордың дамуында да елімізде көш бастап келеді. Елімізде көрсетілетін барлық IT-қызметтің 52%-ы осы қалаға тиесілі. Бүгінде жасанды интеллект қолданылатын бейнебақылау технологиялары кеңінен енгізіліп жатыр.

Қалалық әкімдік жүргізіп отырған жан-жақты цифрлық трансформация тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, заманауи, жайлы қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

 

 


Рекомендовать
Последние новости