Үш балалы отбасылар неге жәрдемақы алмайды? - Министрдің жауабы

Dalanews 05 февр. 2020 06:17 786

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамай төленіп жатыр. Себебі бұған дейін Үкімет 4-7 баласы бар көпбалалы отбасыларға 42 500-73 370 теңге аралығында жәрдемақы тағайындады. Ал 8, 9, 10 баласы бар көпбалалы отбасылар 7 балаға төленетін мемлекеттік жәрдемақыны қанағат тұтуға тиіс болды, деп хабарлайды Dalanews.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтан неге бұлай деп сұрағанда:
"Мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан барлық көпбалалы отбасына беріледі. Әр балаға орта есеппен алғанда 10 600 теңге төлеу жоспарланған. Қазына қаржысының мүмкіндігін ескере отырып, әзірше 7 және одан көп баласы бар отбасыларға 73 370 теңге төлеген дұрыс деп отырмыз", – деп жауап берді.

Министр "әзірше" деген сөзді келер күннен үміттеніп айтқан сыңайлы.

Себебі таяуда ол бала саны жетіден асатын отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы қайта есептелетінін мәлімдеді.
"Қаңтар айынан бастап көпбалалы отбасыларға сараланған мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Әр балаға 10 600 теңгеден қарастырылды. Көпбалалы отбасы деген ұғымды 7 баламен шектемеу мәселесін депутаттармен бірлесіп талқылаған кезде осыған дейін қабылданған заңға өзгеріс енгізу бастамасын қолдадық. Үкімет тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін, құжат Парламенттің қарауына ұсынылады. Жобалап айтатын болсам, алдағы уақытта 8 балаға - 85 мың, 9 балаға - 96 мың, 15 балаға - 160 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Тиісті қаражат қарастырылды", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзінше, елімізде көпбалалы 343 мың отбасы бар. Олардың 61%-ы - төрт, 27%-ы - бес, 9%-ы - алты, қалған 3%-ы - жеті және одан көп бала тәрбиелеп отыр.

Министр мәлімдегендей, Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған 15 баласы бар отбасы өмір сүреді. Олардың күнкөрісіне 7 балаға тағайындалған мемлекеттік жәрдемақы жетпейді.


Естеріңізге салайық, қаңтар айынан бастап кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары, оның ішінде 23 жасқа дейін студент балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге болып бекітілді.

Біржан Нұрымбетов 1-3 баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу мәселесі талқыланғанын, бірақ шешілмегенін айтты.

"Қазір 370 мың көпбалалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы беріліп жатыр. Оның 125 мың аз қамтылған отбасы. Министрлікке бір, екі, үш баласы бар отбасылар хабарласып, дәл сондай көмек талап етуде. Біз түрлі тәсілдерді талдау барысында бұл қадам бюджетке ауыр салмақ салатынын анықтадық", – деді ол.

Министрдің дерегінше, елімізде бір, екі және үш балалы 2 млн 904 отбасы бар.


"Бір, екі және үш баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау мәселесін шешу қиын болып тұр. Олардың арасында әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар да жоқ емес.

Мұндай адамдарға мемлекеттік жәрдемақы қажет пе? Бұл да үлкен сұрақ.


Сондықтан бұл мәселеде ешқандай шешімге келген жоқпыз", – деді Біржан Нұрымбетов.

Рекомендовать
Последние новости