Шығыс Қазақстан облысында "Алтай" технопаркындағы мемлекет үлесінің 78 пайызы заңсыз түрде жекеменшікке өткені анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"ҚМА-ның ШҚО бойынша департаменті мемлекет қатысатын үлесті заңсыз иеліктен шығару дерегі бойынша тергеуді аяқтады. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Ол металлургия, машина жасау, энергетика, медициналық техника және басқа да салаларға мамандар даярлайды. Университеттің 17 ғылыми орталығы, зертханасы мен ғылыми-өндірістік алаңы бар. Алайда 2018–2020 жылдар аралығында университеттің бұрынғы басшылығы "Алтай" технопаркінің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі 78% мажоритарлық үлесті заңсыз жеке меншікке өткізген", – делінген жұма күні таратылған ресми хабарламада.
ҚМА мәліметінше, Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасы аясында университетке «Алтай» технопаркіндегі 100% үлесті қайтару бойынша шаралар қабылданған. Оған технопарктің жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 8 мың шаршы метрлік ғимараты мен 1,3 гектар жер телімі кіреді.
"Қайтарылған активтер зертханалар мен оқу кабинеттерін орналастыруға, сондай-ақ травматология, ортопедия және онкологиялық протездеу өнімдерін өндіретін медициналық инновациялық кластерді дамытуға жұмсалатын болады. Активтерді қайтару жұмысы әрі қарай жалғасады", – деп толықтырды ведомство.