Үндістер Бұқтырма су қоймасы үстінен көпір салады

Dalanews 02 нояб. 2017 03:27 873

Үндістаннан келген инвесторлар Шығыс Қазақстанның Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасына көпір салуға ынта білдірді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде «Shapoorji Pallonji Kazakhstan» компаниясы жобаға қаражат салуға әзір екендіктерін жеткізді.  

Екеуара ынтымақтастық мәселесін ШҚО әкімі Даниал Ахметов пен компания директоры Гоудхама Будхар Рамамурти талқылады. «Shapoorji Pallonji Kazakhstan» әлемдік нарықтағы тәжірибесі мол кәсіпорын, бүгінде алпысқа жуық елмен серіктестік орнатқан. Айта кету керек, өңір үшін маңызды көпірдің жобалық-сметалық құжаты дайын. Жалпы құны 37,4 млрд.теңгені құрайды. Инвесторлардан бөлек мемлекет те аталған жобаға қаржы құюға дайын.

– Әсіресе, денсаулық сақтау саласында үлкен тәжірибелеріңіздің бары қуантады. Қолдағы кейбір жобалар бойынша қажетті құжаттар дайын, танысуларыңызға болады. Шарттары қанағаттандырса, еліміздің заңына сәйкес жұмыс істеп, жобаны жүзеге асыруға кірісейік, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Кездесу соңында ШҚО әкімдігі мен «Shapoorji Pallonji Kazakhstan» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның негізінде Өскеменде Виноградов көшесі мен Семей тас жолы аралығын Ертіс арқылы жалғайтын тағы бір көпір мен өңірдің ірі екі қаласында аурухана салу көзделіп отыр.

Рекомендовать
Последние новости