«Ұлттық қордан – балаларға» жобасы Қазақстандағы отбасыларға үлкен үміт сыйлады

Dalanews 08 нояб. 2023 07:50 1147

«Ұлттық қордан – балаларға» жобасы туралы соңғы кездері жиі ақпарат тарап жатыр. Алайда, мұны әлі көпшілік түсіне қойған жоқ деген пайымдамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен алдағы жылдың қаңтарынан бастап іске асатын жоба Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің жартысын тікелей балаларға бағыттауды көздейді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Үкіметке Ұлттық қорды басқаруды жетілдіруді тапсырғаны есімізде.

2022 жылдың 1 қыркүйегінде Президент халыққа арнаған «Әділ мемлекет. Бір халық. Өркендеген қоғам» атты Жолдауында мемлекеттік саясаттың басымдығы – әділеттілік екенін атап өтті. Ал ол елдің табиғи байлығын әділ бөлуден басталады. Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумда да жер мен жер қойнауы ең алдымен Қазақстан халқына тиесілі деген норма бекітілді. Осылайша, Ата Заңға енгізілген бұл өзгерістер Президентке мемлекеттің әділеттілік векторының тікелей көрінісі болатын «Ұлттық қордан - балаларға» жобасын құру туралы бастаманы ұсынуға мүмкіндік берді.

– Конституциямызда жер мен оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халық меншігі деп бекітілген. Осы норманың қабылдануының арқасында «Ұлттық қордан - балаларға» кең ауқымды бағдарламасы іске қосылады. Ұлттың нағыз ұлылығы әр отбасының, әрбір азаматтың амандығында. Сондықтан ұлттық экономика халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бастамаға сәйкес, 2024 жылдың қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы қазақстандық балалардың арнайы шоттарына бағытталып, бөлінетін болады.

Ұлттық іс-шаралар жоспарының 70-тармағына сәйкес бұл жобаны іске асыруға жауапты, яғни орындаушы – Қаржы министрлігі болып бекітілді. Ведомство мамандары 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балаларды мерзімінен бұрын алу құқығынсыз 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына аударылатынын түсіндірді. «Жобаға Қазақстан азаматы болып табылатын 18 жасқа дейінгі барлық балалар қатысады», - деді Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Ал 18 жасқа толған кезде жинақталған соманы тек екі мақсатқа жұмсауға болады: білім алу және тұрғын үй сатып алу.

Тағы айта кетерлігі, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Балаларға арналған ұлттық қордың операторы болып тағайындалды. Қаржы министрлігі болжам мен есептеулер жасап, нақты уақыт режимінде үнемдеуді қадағалау тетіктерін қарастырады. Бұл қаражатқа халықтың бақылауын қамтамасыз етеді. «БЖЗҚ арнайы жинақ шоттарының операторы болды, өйткені ол жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бірыңғай инфрақұрылымдық есеп орталығы болып табылады, шоттарды ашу және жүргізу үшін техникалық және кәсіби мүмкіндіктері бар», - деп түсіндірді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева. Ал жинақ көлемі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табыстылығына байланысты болады.

– Бір жылдан кейін балаларға Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің жартысы есептелетінін еске саламын. Бұл барлық азаматтар Ұлттық қордағы істің жай-күйін жіті қадағалайды деген сөз. Әркімнің ұлттық байлыққа қатысуы бос сөз емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың бастауы. Мұны Үкімет те, Ұлттық банк те толық түсінсе деймін. Сондықтан оны аз жұмсап, көп табыс табу керек. Оның үстіне, «ақша табу» мәселесі де бар екені анық, – деген болатын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Болжам бойынша, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға дейін өсуі керек.


Қазақстандық экономист Арман Байғанов Мемлекет басшысының «Ұлттық қордан – балаларға» бастамасының болашағы зор деп есептейді. «Менің ойымша, бұл бастама өте жақсы. Бұл 200 мың теңге болса да жақсы көмек. Ақша сол жерде бос жатқан жоқ, депозиттік шоттарда жинақталғандай болады», – дейді ол. Сарапшы 2024 жылдан бастап әр балаға жеке жинақ шоттары ашылатынын да еске салды. Әр жылдың қорытындысы бойынша осы шоттарға балалар үшін қаражат аударылады. Жыл сайын жаңа балалардың тууы есепке алынады және жаңа есепшоттар ашылады, ал балалар 18 жасқа толғанда шоттар жабылады.

Ұлттық банк пен Үкіметтің есептеулері бойынша, 18 жасқа толғанға дейін жеке шотқа шамамен 3 мың АҚШ доллары жиналады екен. Басқа дереккөздерге сүйенсек, сома есепшоттың қашан ашылғанына байланысты 5-6 мың долларға дейін өзгеруі мүмкін.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ұлттық қордан – балаларға» ең маңызды әлеуметтік бастама екенін аңғарамыз. Жалпы, бүгінде мемлекет адами капиталды дамытуға және қазақстандықтарды әлеуметтік қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Бұл жоба да әлеуметтік-экономикалық саясаттағы әділеттіліктің іс жүзіндегі көрінісі болып табылады. Ең бастысы, қазақстандық отбасылар елдің ұлттық байлығының нақты әсерін тікелей сезіне алады. Жас ұрпақтың кәмелетке толған кезде шотында біраз ақша жинап, болашағын ойлау әдетін қалыптастыруға көмектеседі. Өскелең буынға болашақтың белгілі бір материалдық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Рекомендовать
Последние новости