Ұлттық мереке қайтып оралды: ШҚО-да Республика күніне орай 500-ге жуық іс-шара өтеді

Dalanews 24 окт. 2022 10:06 742

Шығыс Қазақстанда Республика күніне орай 500-ге жуық іс-шара өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева айтты.

«Республика күнін мерекелеуге орай облыста салтанатты және мерекелік іс-шаралар жоспары жасақталды. Осылайша, шығысқазақстандықтар бүкіл ел тұрғындарымен бірге «Қыран елім – Қазақстаным!» жалпыұлттық патриоттық акциясына қатысуда. Оның аясында Әнұран жаппай орындалады. Сондай-ақ Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтеріледі», деді Ж.Мекеева.

Сондай-ақ барлық жерде облыстың, жалпы еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды марапаттау, мадақтау шаралары ұйымдастырылады. Мемлекеттік және ведомстволық наградаларды салтанатты түрде тапсыру рәсімдері өтеді.

Президент Тоқаев Республика күні ұлттық мерекеге айналатынын Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда мәлімдеген еді. 


"Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.



1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды.

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", – деді президент.

Рекомендовать
Последние новости